15 мамырда «Мұнайшы» стадионында футболдан ел чемпионатының 11-ші турының матчында «Атырау» командасы өткен жылдың чемпионы елордалық «Астана» командасынан 1:0 есебімен басым түсіп, таңғаларлық жеңіске қол жеткізді.
Матч бойына жауын жауып тұрды, алайда, бұл жігерлі ойыншылардың мысын баса қоймады. Шабуыл екі жақтың да қақпасына сан мәрте оқталып отырды. Ойынның 25-ші минутында Ұлан ҚОНЫСБАЕВ «Атыраудың» жас ойыншысы Алтынбек САПАРОВҚА керемет пас берді, осы сәтті епті пайдалана білген ол есепті 1:0 етіп, командаға бір ұпай алып берді. Содан кейін қонақтар екі еселенген күшпен шабуылға шықты. Бес рет соғылған сәтсіз соққыларға алаң иелерінің қақпашысы Жасур НАРЗИҚҰЛОВ мықты тойтарыс беріп, өз қақпасын матч соңына дейін қорғай білді.
Матчтан соң болған баспасөз конференциясында «Атырау» командасы бас бапкерінің міндетін атқарушы Юрий КОНЬКОВ (суретте) былай деді:
- Бірнеше жыл қатарынан чемпионат көшбасшысы болған «Астананың» күшін және чемпиондар лигасының қатысатынын біле отырып, біз қарсы шабуылға шығатын батыл қимылды қорғаныс ойындарына баса көңіл қойдық. Бұл жоспарымыз жүзеге асты. Мен жігіттерге ойын жоспарын нақты орындай білгендері үшін риза болдым. Және біздің жолымыз да болды. Біздің алаңдағы бүгінгі ойынымызды маусымда тек бір-ақ рет қана ойнауға болады. Әрине, бізге тек қорғанып және қарсы шабуылдарға ғана шығып қоймай барынша көріністі футбол ойнау үшін сапаны арттыруымыз керек, алаңда басым болуымыз қажет. Біз өз ойыншыларымызбен алдын ала келісіп алдық, мен олардан дәл осы матчта Владимиру НИКИТЕНКОҒА деген өздерінің құрметтерін білдіруін өтіндім. Олар өтінішті орындады, оларға өзімнің атымнан, Никитенконың атынан үлкен алғыс. Біз бұл жеңісті соған арнаймыз...
Мен Владимир Андреевичпен бірге кетпек болдым, бірақ, ол команданы осы ойынға дайындауды өтінді. Ертең не болатынын білмеймін. Мен Никитенконың және «Атырау» ФК басшылығының өтініштерін орындадым. Өз басым бас бапкерді уақытынан бұрын кетті деп есептеймін.
…Мұның бәрі команданың өз ойындарын жақсарту үшін орын алды. Біздегі психологиялық қиындық команданың еш жеңіске жете алмауынан туындады. Владимир Андреевич бас бапкерліктен кету туралы шешімді «Ақтөбе» командасынан ұтылған соң қабылдады. Футболшылар да футбол клубының басшылары да оған құрметпен қарайды. Оған бүгінгі күнгі ойын дәлел болды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор