Атырау, 2 мамыр 12:10
 ашықВ Атырау +24
$ 442.05
€ 474.14
₽ 4.74

Арландай, тарландай біздің жігіттер!

Сурет
6 653 просмотра


Қазан айында «Облыстық ұлттық спорт түрлері клубының» ашылғанына үш жыл толмақ. Спорт клубының директоры Өнербек ЖАНБАЛА былай деп әңгімелейді.

– Біздің клубымыздың ашылып, жұмыс істеуіне үлкен үлес қосқан бұрынғы әкіміміз Бақтықожа Ізмұхамбетовтің есімін атап өткеніміз жөн деп есептеймін. Ол кісінің қолдауымен ұлттық спорт түрлері бойынша біздің өкілдеріміз көптеген республикалық жарыстарға қатысты. Атап айтар болсақ, 2014 жылы Ақмола облысының Балқарағай ауылында Чехия, Венгрия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Болгария және Қазақстанның 64 бүркітшісі қатысқан аңшы бүркіттер сайысында атыраулық бүркітші Арман Қошқаров өзінің «Нарын» лақап аты бар асыранды бүркітімен бірінші орынды жеңіп алды.

Таяуда ғана тағы бір жағымды жаңалық ұлттық спорт түрлерінен ел чемпионаты өтіп жатқан Талдықорғаннан келді. Онда қатысушылар көкпардан, аударыспақ, теңге ілу және жамбы атудан бақ сынады. Біздің жігіттер көкпар бойынша күміс жүлдені иеленді. Бұл - көріністік және қиындау келетін халықтық ойын. Командалар серке терісін тартыс арасынан суырып алып, қарсыластың қазан деп аталатын қақпасына лақтырып салу керек. Бірінші матчта облыстық «Нарын» командасы Павлодар облысының құрамасымен кездесіп, 14:0 есебімен жеңіске жетті. «Нарынның» ерекше көзге түскен шабандоздары команда капитаны Ералы Тойчиев (3 гол), Рауан Жәрдемов (3) және Жасұлан Айтбай (2) болды.

Екінші матчта біздің спортшыларымыз Қызылорданың командасынан 8:2 ұпаймен басым түсті. Футбол тілімен айтқанда хет-трик авторы Е.Тойчиев тағы да өзіне назар аудартты. Сондай-ақ, Серік Қаракөзиев, Нұрболат Бөлеген, Әділхан Уайдашов, Мейірбек Болысбек және Сералы Тойчиев сынды жігіттеріміз қазанға бір-бірден салым салды.

Үшінші кездесуде 7:0 есеппен Ақмола облысының құрама ко-мандасы жеңілді. Кейін жартылай финалда «Нарын» Алматы облы-сының құрамасын тізе бүктірді (4:2).

Ақтық мәреде біздің команда ҚР бірнеше дүркін чемпионы Тараздың «Әулие Ата» командасымен кездесті. Матч өте тартысты өтті. Бірінші тайм бойы есеп 1:1 болды. Арбитрдің ысқырығына бірнеше секунд қалғанда қарсыластарға салым салып, алға шығуға мүмкіндік туды. Екінші таймның 20 минутында тараздықтар тағы да екі салым салып, ақыр соңында жеңіске жетті. Айта кету керек, «Әулие Ата» командасында тәжірибелі ойыншылар көп және олардың аттары да мықты. Дегенмен, күміс медальға ие болу да - жақсы нәтиже.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суреттер Ө.Жанбаланыкі

5 мамыр 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.