Күрес
КСРО-ға еңбегі сіңген жаттықтырушы И.В.Францевті еске алу құрметіне орай Орынборда грек-рим күресінен өткен Бүкілресейлік турнирде атыраулық спортшылар сәтті өнер көрсетті.
Жоғары спорт шеберлігі мекте-бінің активінде алтын, күміс, қола медальдар бар. 59 келіге дейінгі салмақта жоғары спорт шеберлігі мектебінің тәрбиеленушісі Алмаз Мұратоллаев Ресейдің екі спорт шеберінен басым түсіп, «Үздік техникасы үшін» арнайы сыйлығына ие болды. 80 келіге дейінгі салмақта Нұркен Дүйсенғалиев (ол осы мектептің тәрбиеленушісі) екінші орынды жеңіп алды. 2003-05 ж. т. кіші жасөспірімдер арасында Олимпиадалық резервтерді дайындау орталығының тәрбиеле-нушісі Хамза Құспанов (38 келіге дейінгі салмақта) қола жүлде-ні иеленді. Спортшыларды Ербол Әділбаев (ЖСШМ) және Нұрлан Боранбаев (ОРДО) жаттықтырады.
Қоян-қолтық ұрыс
«Геолог» ДСК-де еліміздің батыс облыстарының қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерлері арасында қоян-қолтық ұрыстан аймақтық турнир өтті.
Бұл турнир Астана қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті базасында маусымда қоян-қолтық ұрыстан өтетін ҚСЖ комитетінің чемпионатына іріктеу үшін өткізілді. Турнир қорытындысы бойынша Атырау облысы ҚАЖД командасының құрамында Нұртуған Зұлбыхар (75 келіге дейінгі салмақта), Сергей Хуртин (85 келіге дейінгі салмақта) және Еділ Айтпеков (90 келіден жоғары) жеңімпаз деп танылды. Команда Батыс Қазақстан және Маңғыстау облысындағы әріптестерін алға жіберіп, жалпы командалық үшінші орынды місе тұтты.
Самбо
Оралда 1996-97 ж. т.жастар арасында самбодан ел чемпионаты өтті.
Бұл жарыста әлем және Азия чемпионаттарына іріктеу болды. Облыстың қыздар құрамасы жетістіктерге қол жеткізді. Анель Сүлейменова (64 келіге дейінгі салмақта), Эльмира Самиғоллаева (72 келіге дейін) және Сайда Қапсалыхова (аса ауыр салмақта) чемпион атанды. Олар биылғы жылы әлем және Азия чемпионаттарына қатысатын болады. Ал, Аманжан Әбу (52 келіге дейінгі салмақта), Қайырберді Айдынбай (57 келіге дейінгі салмақта) және Парасат Жұмабай (62 келіге дейін) күміс жүлдегер атанса, қола жүлдені Мұхамедәли Самиғоллаев (52 келіге дейін) және Дәурен Болатбекұлы (74 келіге дейінгі салмақата) иеленді. Командалық есеп бойынша облыс құрамасы бірінші орынды жеңіп алды.
Хоккей
Атырау қаласының Мұз айдынында әуесқой хоккей лигасы чемпионатының ойындары аяқталды.

Хоккей лигасының жетекшісі Алексей Азизовтың айтуынша, өткен маусымда алты жергілікті команда: «Мұнайшы-ҚазТрансГаз», «Фантом», «Прикаспиец», «Энергетик», «Легион» және «АМӨЗ» жарысқан. Чемпионатты 10 матчтағы 9 жеңісімен «Мұнайшы-ҚазТрансГаз» командасы жеңіп алды, екінші орынды «Фантом», үшінші орынды – «Прикаспиец» иеленді.
Ең үздік ойыншылар болып: бомбардир – Алексей Минеев («Мұнайшы-ҚазТрансГаз»), шабуылшы – Денис Лобашев («Фантом»), қорғаушы – Анатолий Урюмцев («Прикаспиец»), ең бағалы ойыншы – Михаил Панов («Энергетик») танылды. «Мұнайшы-ҚазТрансГаз» командасының екі қақпашысы – Саят Тұрысбеков пен Дмитрий Ермольчев те үздіктер қатарынан табылды. Қазір әуесқой хоккей лигасынының командалары Оралда мамыр айының басында өтетін халықаралық турнирге дайындалуда.
Турнирлер
Өңірлік дене тәрбиесін дамыту орталығы қорғаныс істері жөніндегі департаментпен бірлесе отырып Геолог поселкесіндегі №36 мектепте коллеждер мен мектептердегі әскери-париоттық клуб мүшелері арасында әскери-спорт түрлері бойынша облыстық жарыс өткізді.
Бұл Қарағандыда «Спаск» әскери полигонында маусымда өтетін республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына іріктеу турнирі болды.
Финалда жарысқа 24 команда қатысты. Жеңімпаз атанғандар: пневматикалық мылтық атудан - Атымжан Ғасырбек (АИГИ колледжі), қоссырыққа тартылу - Алексей Думчев (ПСК), кеудені жерден көтеру – Нұрдәулет Сейтқалиев (Ломоносов атындағы мектеп), турникке тартылу - Медет Жалғасов (№4 мектеп), 100 метрге жүгіру - Тұрарбек Шатуов (Құрманғазы агротехколледжі), Калашников автоматын бөлшектеп бұзу және жинау - Нұрлыбек Темірбеков (Ломоносов атындағы мектеп), газтұтқышты кию - Рамазан Зұлқашев (Мұратбаев атындағы мектеп), жалпы әскери қорғаныс костюмін кию - Саламат Өтеғұл (Өтемісов орта мектебі), орнында тұрып ұзындыққа секіру - Виктор Ким (политехникалық колледж), алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсету - Малика Қинаяр, Арай Амангелдиева, Самал Тұқпатова (Мұратбаев атындағы мектеп командасы).
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
В Атырау +4