Атырау, 5 желтоқсан 09:30
 бұлттыВ Атырау +4
$ 499.65
€ 582.89
₽ 6.47

Б. Тахауов: «Олимпиадаға қатысамыз деген үмітіміз бар»

Сурет
2 316 рет қаралды

Атыраулық отырып ойнайтын волейболшылар өздерінің кезекті жеңістерін тойлауда. Сәуірдің 4-і мен 7-сі аралығында «Балықшы» ДСК-де отырып ойнайтын волейболдан ҚР чемпионатының алғашқы туры өтті. «Атырау» командасы барлық тоғыз матчты 3:0 есебімен жеңіп, турнирлік кестенің жоғарынан орын алды. Екінші тур шілдеде Алматыда, ал, шешуші - үшінші тур қазан айында Орал қаласында өтеді. Өз командасы туралы «Атыраудың» және ҚР құрамасының бас бапкері Бауыржан ТАХАУОВ әңгімелейді.

ИРАННАН КЕЛГЕН АЛЫПҚА ТЕҢ КЕЛЕР ЖАН ЖОҚ

– Өткен жылдың қараша айында команда Германияда өткен Лейпциг Кубогында күміс медаль жеңіп алды. Біз онда Германия құрамасынан басқа барлық қарсыластарымызды тізе бүктірдік. Немістерге 1:2 есеппен есе жіберіп алдық. Сондай-ақ, өткен жылы тағы бір есте қалған оқиға - ҚР чемпионатындағы жеңісіміз. Онда да қарсыластарымызды барлық турда 3:0 есебімен жеңіп шықтық. Бұл жеңіске біз команданың Ресей құрамасының Екатеринбургтегі базасында бірнеше рет жаттығу жиындарын бірге өткізудің арқасында қол жеткіздік деуге болады. ҚР құрамасы үшін «Атырау» командасы қандай маңызды болса, бұл клуб та Ресей құрамасы үшін маңызды болып табылады. Бүгінгі күні еліміз құрамасының 100 пайызы атыраулық ойыншылардан тұрады.

Image 1«АЖ» анықтамасы: Бауыржан Бақытұлы Тахауов, 48 жаста, бапкерлік өтілі 18 жыл, ҚР бес дүркін чемпионы, Бангкоктегі Параазиядалық ойындар чемпионы (1998), аға жаттықтырушы ретінде 2009 жылы әлем чемпионатында ҚР жастар құрамасының қола медаль және 2010 жылы әлем чемпионында (дивизион «Б») алтын медаль иеленуіне қол жеткізді, 2014 жылдан бері ҚР құрамасының бас бапкері, тірек-қозғалыс аппараты зақымданған мүгедектердің спорт және дене шынықтыру федерациясының төрағасы, ҚР Ұлттық паралимпиада комитеті филиалының директоры.

Наурыз айында Қытайдың Анжи қаласында тоғыз команданың қатысуымен лицензиялық континентаралық әлем кубогі өтті. Риода 2016 жылы өтетін паралимпиадаға бір ғана жолдама ойналды. Оны ресейліктер жеңіп алды. Біздің команда Канада, Жапония, Оңтүстік Корея, Ирак, Польша және Голландия командаларынан басым түсті, бірақ жартылай финалда Украинаға есе жіберіп алды.

Жалпы, 1996, 2000 жылдары Паралимпиададағы отырып ойнау волейболына 12 команда қатысты, ал, кейін Афины, Пекин және Лондонда – 10. Ал, қазір тек 8 команда ғана қатысады. Әлем кубогінде қола медальды жеңе отырып, әлемдік рейтингте тоғызыншы орында болу өкінішті-ақ. Қазір ҚР паралимпиада комитеті халықаралық паралимпиада комитетімен Олимпиададағы 10 команда форматына қайтадан оралу туралы келіссөздер жүргізуде. Бұл жағдайда қатысушылар құрамына Украина құрамасы да кіреді. Әлем кубогінде біз лицензия алған сегіз командаға қарағанда жақсы ойнатынымызды көрсеттік. Айталық, Мысыр құрамасымен болған жолдастық матчта 2:0 есебімен жеңіп кеттік. Одан кейін 2:3 есеппен Германия құрамасына есе жібердік. Ойын кезінде АҚШ құрамасынан жақсы ойнайтынымыз көрініп тұрды. Бүгінгі таңда біз Босния, Герцеговина, Иран және Бразилиядан басым түсе алмайтынымызды мойындаймын, өйткені, олардың құрамындағы барлық дерлік ойыншылардың бойы екі метрден жоғары, тіпті, Иран құрамасында бойы 244 см болатын (суретте - атыраулық Александр Демеуов – 217 см – Ираннан келген алып) ойыншы бар.

«БІЗДІҢ СПОРТТА ОЙЫНҒА МАШЫҚТАНҒАНДЫҚ МАҢЫЗДЫ ОРЫН АЛАДЫ»

– Өткен жылы сіз өз командаңызға ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы Александр Михайлович Мартынюкты алдыңыз…

– Ол және Ернар Матеуов бас бапкердің көмекшілері болып табылады және волейболшылардың техникасын жетілдіріп, оларды жігерлендірумен айналысады. Отырып ойнау волейболы мен классикалық волейболдың айырмашылығы бар. Отырып ойнау волейболында алаң көлемі 5-6 метр болса, классикалық волейболда 9-9 метр болады. Сондықтан да параволейбол - шиеленісті және шапшаңдықты талап ететін ойын. Бізге ірі денелі, дендері сау жаттықтырушылар керек. Тәсілдерді меңгеру үшін олар доп беріп отырады. Бұдан басқа, егер доп мүгедек адамға барып тисе, оны қуып жету үшін көп уақыт керек.

ҚР чемпионаттарында команда құрамына дені сау бір ойыншы қосылады...

- Бұл ойыншының техниканы жақсы меңгергені маңызды. Бұл қалған ойыншылардың дамуына жақсы әсер етеді. Бүгінгі күні біздегі мұндай ойыншы - Матеуов. Ол ҚР чемпионаттарынан басқа ресми емес халықаралық жарыстарға да қатысады. Әлем және Азия чемпионаттарында, Әлем кубогі, паралимпиадалық ойындарға дені сау ойыншылар жіберілмейді.

Расул Иманғалиев, Қуаныш Тажиков, Жанғали Сүйеуов, Берік Ізмағамбетов, Александр Демеуов, Нұртау Мұхамбетқалиев, Бауыржан Сартаев, Ақылбек Шикебаев, Пердебай Намұратов. Олар сіздің команданың тәжірибелі, еңбегі сіңген ойыншылары. Өткен жылы командаңызға қанша жаңа ойыншы келді?

– Тұрлан Қаратаев пен Ерлан Битеміров келді. Тұрлан – жергілікті, бұрынғы дзюдошы, ҚР бірнеше дүркін чемпионы, тізесінің жарақаты салдарынан мансабын аяқтады. Ерлан – ампутант-мүгедек, Оңтүстік Қазақстан облысынан келді.

Барлық ойыншылар паралимпиадалық лицензия мәселесі оң шешімін табады деген үмітпен қарқынды жаттығуда.

- ҚР құрамасы неге тек атыраулық ойыншылардан құралған?

– Олар барлығы бірдей күніне төрт сағат жаттығады және бірін-бірі жақсы түсінеді. Отырып ойнау волейболы – қимылды спорт түрі және бұл жерде команданың барлық мүшелерінің ойынға машықтанғандығы маңызды. Қысқасы, маған атыраулық ойыншылармен жұмыс істеген жақсы.

Таяу арадағы жоспарларыңыз қандай?

– Бізге жаттығу жиындарын бірлесе өткізуге және түрлі турнирлерге қатысуға шетелдерден көптеген шақыртулар түседі. Көбіне Германияға, Мысырға, Иран және Ресейге шақырады. Отырып ойнау волейболы енді ғана дамып келе жатқан Түркия команданы орналастыру, тамақтану ғана емес, Атыраудан Анталияға ұшу шығындарын да мойындарына алмақшы.

Суреттер Б.Тахауовтікі

21 сәуір 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.