Атырау, 26 сәуір 07:54
 ашықВ Атырау +28
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Жапондықтар жекпе-жектің не екенін білді

Сурет
4 138 просмотра

Image 0

Осы жылдың қаңтар айында Атырауда «Батыс жекпе-жек» ұлттық спорт федерациясы құрылды. Бұл қоғамдық бірлестіктің міндетіне жекпе-жекті дамыту және кәсіби ережесіз жекпе-жектен турнирлер ұйымдастыру кіреді. Федерацияны «Сазанқұрақ» ЖШС директорының орынбасары Әлібек СЕМҒАЛИЕВ басқарады.

Біз «Батыс жекпе-жек» ұлттық спорты федерациясының вице-президенті Асқар ҮМБЕТОВПЕН әңгімелестік.

- Жекпе-жектің бұрынғы федерациясы не болды?

- Бұрын біз республикалық жекпе-жек федерациясының филиалы болдық. Біз жақсы жұмыс жасадық. Елімізде біздің спортшыларымызға тең келер ешкім болмады. Алайда, спорттың бұл түрі негізінен Қазақстанда ғана қолданылатын болғандықтан бізге халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндігі болмады. Жекпе-жектен әлем чемпионаттары өткізілмейді, ал, Азия чемпионатында негізінен қазақстандық спортшылар өнер көрсетеді. Мен Алматыда болған сапарымда ҚР жекпе-жек федерациясының негізін салушы Сабыржан Махметовке бардым. Мен оған спорттың бұл түрін одан әрі дамыта беруіміз үшін бізге ірі халықаралық турнирлерге қатысу керек екендігін түсіндірдім. Ол бәрін де түсінді және өз федерациямызды құруға қолдау танытты. ҚР жекпе-жек федерациясының филиалы бұрынғыша жұмысын жасап жатыр, тек онда әуесқойлар ғана қалды, ал, кәсіби титулды спортшылар бізге келді. Біздің федерациямыз еңбекақы төлейді және өзінің барлық спортшылары үшін жаттығу жиындары мен жарыстардың шығындарын өтейді. Бұл үшін Әлібек Аманжанұлы Семғалиевке алғыс білдіргіміз келеді.

- Құрылған күннен бері сіздер қандай турнирлер өткіздіңіздер?

- 17 қаңтарда біз «Армада» түнгі клубында ережесіз жекпе-жек бойынша «Алем Файт Селекшн» турнирін ұйымдастырдық. Тор ішінде 10 жекпе-жек өтті және оның әрқайсысында шетелдік спортшымен атыраулық спортшы айқасты. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Шешенстаннан келген спортшылар қатысты. Жекпе-жек өте тартысты өтті. Жеңімпаздарға (жеңілгендерге де) қомақты ақшалай сыйлықтар тағайындалды. Супер жекпе-жек қатысушылары үшін жекеленген жүлделер де болды. Сол кеште ондай жекпе-жектің екеуі өтті. Нәтижесінде 7:3 есебімен біздің құрама жеңіске жетті. Құрамадағы Амангелді Бекқалиев, Архат Мыңбаев, Есен Құрақбаев, Айбек Нұрсейітов, Сырым Бектұрсын, Елжан Әлиасқар және Досбол Матжановтар шеберліктерімен көзге түсті. А.Бекқалиев супер жекпе-жек барысында қарсыласын нокдаунға құлатып, партерде жеңілуге мәжбүрлеп қысты. А.Мыңбаев (суретте - ортада) өз қарсыласын нокаутқа түсірді. Көптеген жанкүйерлер - олар облыстық жекпе-жек федерациясының басшылары, спортшылар, жаттықтырушылар, жай ғана жекпе-жекті ұнататын көрермендер өте риза болды.

Ақпан айында Нұрберген Шариповпен (суретте) федерация қаржысына Таиландта тай боксы мен бразилиялық джиу-джитсудан жаттығу жиындарын өткізіп қайттық. Ал, 5 наурызда Нұрберген Токиоға ұшып барып, Әлемдік ережесіз жекпе-жек федерациясының «Реал-файт» нұсқасы бойынша жекпе-жекке қатысты. Нұрбергеннің кәсіби мансабында Астана мен Алматыда ережесіз жекпе-жектің «Кунлун-файт» нұсқасы бойынша өткен турнирдегі екі жеңісін атауға болады. Және WBK нұсқасы бойынша да екі рет жеңіске жетті. Ол қолынан келсе де бірден жойқын соққылармен сұлата салмайды. Ол ұйымдастырушылар белгілеген уақытта тор ішінде айқаса жүріп, ұпай жинап, жеңіске жеткенді қалайды. Жапонияда ол бірінші жекпе-жекте осылайша жергілікті палуан Шо Коганды тізе бүктіріп, жартылай финалға шықты. Одан басқа финалда Украинаның, Бразилияның және Жапонияның да өкілдері болды. Жеребе тарту нәтижесі бойынша Нұрберген 12 маусымда күншығыс елінің оғланы Иошифуми Накамуромен айқас алаңында кездесетін болады. Егер бұл айқаста жеңіске жетсе, Нұрберген алтын белдік үшін шешуші жекпе-жекті күзде өткізеді.

- Сіздің федерацияның спортшылары тағы да қандай кәсіби турнирлерде бақ сынайды?

- 14 мамырда Талдықорғанда WBK нұсқасы бойынша ережесіз жекпе-жектен турнир өтеді. Бұл сайысқа мен және А.Мыңбаев қатысамыз. Дәл сол күні «Атырау» ДСК ММА облыстық федерациясы ұйымдастыратын кәсіби турнирде А.Бекқалиев пен Д.Матжанов өнер көрсетеді. Осы жыл бойы «кәсіби» құраммен Жасұлан Хасимов айқас алаңына шығады деген ойдамын. Ол өткен жылдың ММА бойынша Азия чемпионы және панкратионнан әлем чемпионатының жүлдегері. Жасұлан қазір мықты спортшылардың қатарында және мен оның есімін әлі де жеңімпаздар қатарынан еститін боламыз деп ойлаймын. Ал, 5 мамырда Алматыда жастар арасында панкратионнан ҚР чемпионаты және Азия чемпионаты өтеді.

Суреттер А.Үмбетовтікі

14 сәуір 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.