Атырау, 29 қараша 07:48
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Каспий Табиғаты» жұмысын тоқтатты

Сурет
2 659 просмотра

Image 0Махамбет ХАКИМОВ және Әсел НҰРҒАЗИЕВА.Атырау облысындағы ең танымал әрі көптен бері қызмет етіп келе жатқан үкіметтік емес ұйым - «Каспий Табиғаты» экологиялық қоғамдық ұйымы – 30 наурызда өткен баспасөз конференциясында өз қызметін тоқтатқанын мәлімдеді. Бұған «Каспий Табиғаты» белсенділерінің пікірінше, қоғамдық ұйымдарды «қорлайтын» жаңа заң нормалары себеп болған.

Естеріңізге салсақ, «Каспий Табиғаты» ҚБ Атырау тұрғындарының бастамашыл тобымен 1998 жылдың сәуірінде құрылған болатын. Қызмет еткен жылдар ішінде ұйым өңірдегі қоршаған ортаны қорғауға едәуір үлесін қосты.

«Осы уақыт ішінде жасалған жұмыстарды толық сипаттаудың қажеті жоқ, өйткені, осы 18 жыл бойына біз қазақстандық және шетелдік жұртшылықтың көз алдында жұмыс істедік, - делінген «Каспий табиғаты» таратқан баспасөз релизінде. – Біз мұнай компанияларымен немесе билікпен тайталасуды мақсат етіп қойған жоқпыз. Біздің мақсатымыз – сөз еркіндігінің принциптеріне сәйкес, Каспийдің солтүстік қайраңындағы кенішті игеру мәселелері бойынша алуан түрлі жұртшылық пікірін білдіру. Бұл қазақстандық және халықаралық тәжірибеге негізделген сындарлы сындар, қоршаған табиғи және адамдар ортасын нақты қорғау туралы жеке және ұжымдық мағлұматтарға сүйеніп жасалған ұсыныстар мен кеңестер болатын».

Жаңа заң талаптары мен есеп беру ережелеріне сәйкес, ҚР аумағындағы бүкіл ҮЕҰ 1 сәуірге дейінгі мерзімде өз қызметі туралы толық есепті мәдениет және спорт министрлігіне ұсынулары тиіс. Осы талаптарды елемейтіндерге Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте 50 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе ҮЕҰ-ды таратуға дейінгі қызметін тоқтату түріндегі жаза қарастырылған.

- Бұрынғы ҚР Мәжілісіндегі заң шығарушылар осы министрліктің кімге, қанша және қай жерден (соның ішінде шетелдік қорлардан) ҮЕҰ қызметіне гранттар беру және басқалай орнықты қаржылай қолдау көрсету керектігін шешуге тиіс екенін бекітті, - дейді енді бұрынғы «Каспий Табиғаты» ҮЕҰ төрағасы Махамбет ХАКИМОВ. – Алайда, ахуалдың ақылға сыймайтындығы сол, қолданыстағы заңдарға сәйкес, біздің ҚБ басқа үкіметтік емес ұйымдар секілді әділет органдарына, статистикалық органдарға, ондаған жылдар бойына «нөлдік» тоқсан сайынғы және жылдық есептерімізді тапсырып отыратын салық комитетіне тіркелген.

Бізді мәдениет және спорт министрлігіне тапсыруға мәжбүрлегісі келетін бүкіл ақпарат осы есептерде жазылған. Ендеше мынау «смотрящийлердің» қажеті қанша? Біз әлденеше рет осы талаптың енгізілуіне қарсылық білдірдік, елбасына жаздық, бірақ бізді бәрібір қағазбастылыққа, кезекті макулатураны тапсыру үшін уақыт пен ақша жоғалтуға міндеттеп қойды.

Біздің ұйым осы жылдар ішінде ешқашан және ешкімнен ақша алып көрген жоқ. Біздің бүкіл жұмысымыз тек өз қаржымыздың, уақытымыздың, қоғамдық бірлестік мүшелерінің денсаулығы есебінен жүзеге асырылып келді. Мәдениет және спорт министрлігінен қандай да болмасын игілік болады деп, есепке алуға біздің ҮЕҰ еш мұқтаж емес деп есептейміз.

Біз Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясына хат жолдадық. Қазақстандық ҮЕҰ-ға қойылып отырған жаңа талаптардың Қазақстанда ратификацияланған адам құқығы саласындағы халықаралық келісімшарттар мен конвенцияларға сәйкестігіне қатысты олардың пікірлерін естігіміз келеді.

Сондай-ақ, бүгін «Каспий Табиғаты» ҚБ-ның кезектен тыс жиналысы өтті және оны тарату туралы шешім қабылданды. Мұндай шешімді түсіндірудің қиындығы жоқ – біздің әділетсіз заңдарды орындауға, айыппұлдар төлеуге және бізді қашан таратады екен деп күтіп отыратын мүмкіндігіміз де, ықыласымыз да жоқ. Сондықтан өзімізді өзіміз аштық, өзіміз жабамыз деп ұйғардық. Қисынсыз заңдарға қарсы наразылығымызды осылай білдіреміз. Бірақ бұл табиғатымызды қорғауды доғарамыз деген сөз емес. Ата заң мен Орхусс Конвенциясына сәйкес, «Каспий Табиғаты» ҮЕҰ бұрынғы мүшелері азаматтық белсенділер ретінде өздерінің қоғамдық-экологиялық қызметтерін жалғастыра береді. Бұған кез келген Қазақстан азаматының құқығы бар.

Баспасөз конференциясына қатысушылар журналистер алдына бастарына бас киім, орамал тағып келді. Осылайша олар «Каспий Табиғатының» «жаназасын» білдірмек болғандарын түсіндірді.

– Бүгін «Каспий Табиғаты» секілді танымал, беделді ұйымды жабу туралы шешім қабылданғаны өте өкінішті. Бұл кезінде адамдардың экологиялық санасын, біздің азаматтық жауапкершілігімізді оята бастаған ұйым еді. Кезінде ешқандай қолдаусыз «Каспий Табиғаты» басқа қоғамдық ұйымдардың қатарында құрылған болатын. «Каспий Табиғаты» біз үшін үкіметтік емес ұйымның қалай жұмыс жасауы тиіс екендігін көрсеткен айқын мысал болды, - дейді «Заман» ҚБ жетекшісі Әсел НҰРҒАЗИЕВА.

Баспасөз конференциясына қатысқан қоғамдық белсенділер енгізілген жаңа заңдарға қатысты пікірлерімен бөлісті. Олардың пікірінше, мәдениет және спорт министрлігіне есеп беруге міндеттеу ҮЕҰ-ға толықтай бақылау жасау мақсатында арнайы енгізілген және бұл билік тарапынан қоғамдық ұйымдарға қатысты ашық жазалау шаралары болып табылады.

- Көптеген ҮЕҰ-дар мұндай есеп беру қажеттілігі жөнінде бейхабар болып шықты. Оларды тапсыру жүйесінің қиындағаны сондай, едәуір ақша, уақыт пен еңбек шығындарын талап етеді. Шынымен де жапқан жеңіл. Соған орайластырып отырған шығар, - деді белсенділер.

Тамара СУХОМЛИНОВА

Суретті түсірген автор

31 наурыз 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.