Бүгін, 26 наурызда, облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында өңірдің жаңа басшысы - бұған дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі болған Нұрлан НОҒАЕВ таныстырылды. Шараға Астанадан премьер-министр Кәрім МӘСІМОВ, Президент Әкімшілігінің жетекшісі Нұрлан НЫҒМАТУЛЛИН және біздің бұрынғы әкіміміз, кешегі күннен бастап Парламент Мәжілісінің төрағасы Бақтықожа ИЗМҰХАМБЕТОВ келді.
Нұрлан Асқарұлы – соңғы 25 жылдағы Атырау облысының тоғызыншы басшысы. Оған дейін жергілікті "ақ үйдегі" басты кабинетке Ғазиз АЛДАМЖАРОВ, Сағат ТҮГЕЛБАЕВ, Равиль ШЫРДАБАЕВ, Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ, Серікбек ДӘУКЕЕВ, Аслан МУСИН, Бергей РЫСҚАЛИЕВ және Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ жайғасқан болатын.
Бұрынғыға қарағанда қазіргі әкімнің ауысуы екі себепке байланысты күтпеген жайт болды. Біріншіден, зейнеткерлік жасқа жеткен кейбір саяси мемлекеттік қызметкерлердің өкілеттігін ұзарту туралы президенттің желтоқсандағы жарлығына байланысты Б.Ізмұхамбетовтің өңір басшысы лауазымдағы өкілеттігі 2016 жылдың 1 қыркүйегіне дейін ұзартылды. Екіншіден, оның кандидатурасы бір айдан соң парламент сайлауына қатысу үшін "Нұр Отан" партиясының тізіміне енгізілді. Соның нәтижесінде ол еліміздің заң шығару органы палатасының біріне басшылық етті.
Айтпақшы, жаңа әкімнің тағайындалуын күту ұзақ айларға ғана емес, сағаттарға созылды: сенбідегі шара жергілікті уақыт бойынша сағат 11-ге белгіленді. Алдын ала жиналған облыс активі өз араларында бүкіл соңғы жаңалықтарды егжей-тегжей талқылап үлгерді. Алайда залдағылардың ешбірі (соның ішінде тілшілеріңіз де) сағат 12.50-де жаңа әкіммен бірге жоғары шенді меймандар келгенше мұнай өлкесіне нақты кімнің басшылық ететінін білмеген еді. Осы тұрғыда президент соңғы сәтке дейін, өзінің кадрлық шешімдерін салыстырып тексеріп, оны тіпті өзінің төңірегіндегілерден де құпия ұстай алатындығын тағы да көрсетті.
Дегенмен, көрші өңірдің басшысы біздің осыдан үш апта бұрын жасаған болжамымыздағы ықтимал кандидаттардың арасында мүмкіндігі жоғары үміткер ретінде көрсетілгенін еске сала кетсек те болады. ("Атырау облысын кім басқарады?").
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген автор
"АЖ" анықтамасы:
Нұрлан Асқарұлы НОҒАЕВ 1967 жылы дүниеге келген. И. Губкин атындағы Мәскеу мемлекеттік мұнай және газ академиясын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Ресей СІМ «Халықаралық қатынастар университеті» Мәскеу мемлекеттік институтын бітірген, мамандығы бойынша тау-кен инженері, халықаралық саладағы экономист, әкімшілік іс жүргізу шебері, орыс, түрік, ағылшын тілдерін меңгерген.
Еңбек жолын Ақтөбе облысы Октябрь қаласы Қандыағаш стансасында электр монтері болып бастады.
1993-1995 жылдары — «Гили — Паскер» ЖШС мұнай өнімдері жөніндегі бас сарапшысы, бөлім бастығы, бас директоры, Мәскеу қаласы.
1995-1996 жылдары — «Отырар Лтд» шағын кәсіпорны бас директорының орынбасары, Алматы қаласы.
1996-2006 жылдары — «Қазақтүркмұнай» ЖШС маркетинг жөніндегі инженері, маркетинг, мұнай және мұнай өнімдерін сату бөлімінің бастығы, бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ атқарушы директоры.
2006 жылдың тамызынан — ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі мұнай өнеркәсібі департаментінің директоры.
2007 жылдың қыркүйегінен — Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары.
2010 жылдың сәуірінен — БҚО әкімінің бірінші орынбасары.
2012 жылдың 20 қаңтарында ҚР президентінің жарлығымен Батыс Қазақстан облысы әкімі қызметіне тағайындалған болатын.