Бір топ атыраулық ардагер геолог-барлаушылар өткен жылы премьер-министр К.Мәсімов пен «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы президенті Қайыргелді Қабылдинның атына хат жолдап, акционер қатарына енгізуді талап етті. Геологтар бұл талаптарын бұған дейін де бірталай лауазымды тұлғаларға жолдаған екен.
Қариялар хат жазып, шағымданып жүрген 1997 жылдан бері талай адам талай тақты ауыстырды. Олардың қатарында «Қазақойлдың» президенті болған Нұрлан Балғымбаев, «Қазмұнайгаздың» бұрынғы президенті Ләззат Қиынов, бір кездегі депутаттар Жармұхан Тұяқбай, Фариза Оңғарсыновалар да бар. Әзірге ештеңе өзгерген жоқ. Бірақ ірі қызмет иелері орын алмастырды, депутаттардың бірі оппозиционер болды, екіншісі мерзімі аяқталып қарапайым азаматшаға айналды. Ал сол кездері жинай келсе қара ормандай болатын көнекөз геологтар қатары сиреп, бүгінде бар болғаны 600-ге жетер жетпес Атырау облысында адам қалды. Олардың мол мұнайдан үлес дәметуге құқысы бар ма? Қазақстан байлығының көзін ашқандардың тұрмыс-тіршілігі қандай? Бұл сауалдарға жауап іздеп көруге тырыстық.
ГЕОЛОГТАР ХАТЫ
Алдымен геолог қарттар хатымен танысып көрелік.
«Біздер Каспий өңірі геолог-барлаушылары өз өміріміздің 40-50 жылын мұнай және газ кеніштерін ашуға жұмсадық. Бүкіл Каспий маңы ойпатын, Маңғышылақ жартылай аралын, Үстіртті жаяу араладық. Сол геолог-барлаушылардың көзсіз ерлігі арқасында Маңғышылақтағы Өзен, Жетібай, Теңге, Қаламқас, Қаражанбас және т.б., Еділ-Жайық арасындағы Мартыши, Камышитовое, Жаңаталап, Сазанқұрақ, Забурунье, Имашев, т.б., Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарындағы Қарашағынақ, Жаңажол, Қожасай, Әлібекмола, Кеңқияқ, т.б. тәрізді кен орындары ашылды.
Олардың бәрін тізбелеу мүмкін емес және қажеті де жоқ, өйткені бәрі елдің көз алдында.
Кеңес кездерінде бұл кеніштер қорының құрамы анықталған соң «Ембімұнай», «Маңғышылақмұнай», «Ақтөбемұнай» Бірлестіктері қарамағына берілді. Ал біз, геолог-барлаушылар, ары қарай дала кезіп, кеніш іздеп кеттік.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін геолог- барлаушылар кәсіпорындары жойылды, қайта құрылды, жекешелендірілді, ал біз жұмыссыз калдық. Әрине, геологтардың бірсыпырасына жекешелендірілген кәсіпорындардың артықшылығы жоқ акцияларын үлестірді. Олардың құны 2006-2010 жылдары 25 теңгеден бағаланды, оның өзінде қаржы полициясына шағымданған соң ғана.
Ал мұнайгаз кәсіпорындары жұмысшылары біз ашқан кеніштерден мол май алып, оны сатып, қолдарындағы акцияларына бізге қарағанда тәуірлеу 700 теңгеден дивиденд алады.
Біз зейнеткер геолог- барлаушылар қомақты дивидендке ие болу үшін «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы немесе «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру кәсіпорынының акционерлері қатарына қосуды талап етуіміз әділ деп санаймыз, өйткені өндіріліп жатқан мұнай бағасында біздің де үлесіміз бен еңбегіміз бар».
Байжан Өмірбаев Ұлы Отан соғысы ардагері, геолог-топограф, Сәлім Шынтеміров, Ұлы Отан соғысы ардагері, геолог, Константин Кулагин Еңбек ардагері, Н.Шеркешбаев, Отан соғысы ардагері, геолог, Бағытжан Құсниев Еңбек ардагері, геолог, Зайдолла Зимашев еңбек ардагері, С.Ақтұриев Еңбек ардагері, Орынбасар Есбосынов Еңбек ардагері, бұрғышы, Хабер Зинуллин еңбек сіңірген геолог-барлаушы, бұрғышы-шебер, С.Есқожиев Еңбек ардагері, бұрғышы, Құспан Қабдолов бұрғышы-шебер, т.б.
ҚҰНЫ ЖОҚ АКЦИЯ
Алдымен зейнеткер геологтардың бірсыпырасы шоғырланған Геолог ауылына келдім. Хатқа қол қойғандардың бірнешеуіне бас сұқтым.
Сәлім Шынтеміров пен Байжан Өмірбаевтар ендігі 90-ды алқымдаған қариялар. Ұлы Отан соғысынан аман оралып, Батыстың ен даласын емін-еркін аралап талай кенішті ашқандардың бірі. Орнынан қозғалуы мұң Сәлім атаның балаларына мұнай саласынан жұмыс бұйырмапты. Әкесін бірде бар, бірде жоқ жалдамалы еңбекпен асырап отыр.
Ал Байжан ата кезіндегі Гурьев облысының 25 мыңдық масштабтағы картасын жасаған топограф.Олардың бірі өзіне қанша акция тиесілі екендігінен хабарсыз болса, екіншісі 23 дана құны жоқ акцияға ие болғандығын айтады.
Тағы бір қарт геолог Құтпан Қабдоловпен әңгімеде қария өзі тікелей қатысып ашқан кеніштерін тізбелеп тауыса алмайды.
- Біз сияқтыларды бүгінде ешкім аузына алмайды. Бірақ керек десеңіз 44 жыл еңбегімнің бәрін жатқа білемін,79-дан астам алаңды ашуға қатыстым. Ал сол кездері көмдіріп тастаған 50-ден астам алаңдардан бүгінде мұнай алып жатыр. Қайнар кеніші, Қотыр тас алаңы бітеліп тұрған жерінен 1000 м тереңдікте тұрба қаздырып мұнай атқылақтатқандардың бірі едім,-дейді қарт.
Бірақ қайсы бірін айтсын. Ең өкініштісі кезінде өзі Прорва кенішіне №1 ұңғыманы салып, тұңғыш мұнай атқылатқан да осы Құтпан қарт болса да күні бүгінге дейін оның есімі белгісіз себептермен аталмайды.
Құспан қарияның айтуынша, кейін геология саласындағы кәсіпорындар тарқаған соң бұл кісіге 40 шақты акция бөлінген көрінеді. Оның өзін дер кезінде қолына ұстай алмаған қария артынан іздеп барғанда, қалғаны бар болғаны 13 акция болып шығыпты.
-Сол акциядан қолыма көк тиын да алғаным жоқ. Бірақ менің есептеуімше менің бір акциям мемлекет деңгейінде есептегенде 10 мың доллардан кем болмауы тиіс. Маған содан үлес тиесілі,- дейді қария.
Талай кеніштің көзін ашқанымен бүгін тауықтың күркесіндей времянкада өмір кешіп жатқан Құспан Қабдолов өзін бақытты санайды. Времянка болғанымен оның да басы байлаулы, яғни банкте несиеге кепілдікте тұрған көрінеді.
- Қалай болғанда Қазақстанның көркеюіне үлес қостым. Елім аман, жұртым тыныш. Балам бауырымда, кемпірім қасымда, немерем төңіректеп жүгіріп жүр. Менен бақытты адам жоқ-ау, сірә,-дейді қарт.
Бір кездері басшылық қызметте болған Бағытжан Құсниев ақсақал да бұл орайдағы ренішін жасырған жоқ. Бағытжан ата акциясының құны ретінде қолына былтыр 400 теңге алғанын айтып берді. Оның айтуынша бұл мәселені көтере бастаған жылдары бір бишікештер «сендер алдымен қоғамдық қор құрып, бастарыңды біріктіріңдер» деген көрінеді. Алайда қариялар құрған Қоғамдық қордан геологтарға түсер пайда шамалы. Тек өлім-жітім мен мерейтой кезедері сәл-пәл демеу танытқандай болады. Ал талай қариялар ем-домға қаржы таба алмай , сұрай-сұрай өліп те кетті деседі геолгтардың өздері.
- Біз тіпті біздің проблемамызды шешудің жолын да көрсеткен едік. Яғни ашқан кеніштерімізді тізбелеп, қалған қарт геологтарды осыларға бекітіп берсеңдер, әлеуметттік көмек алып тұрайық дегенбіз. Өйткені коммуналдық төлемдер үлкен, дәрі-дәрмектің бағасы, дәрігерлерге қаралу үшін қаражат, мұның бәрін өтеуге зейнеткерлік қаржы жетпейді,- дейді Бағытжан Құсниев.
АЛПАУЫТТАР ЖАУАБЫ
Дивиденд пен ұлттық компания иелігінен дәметкен геолог –қарттарға «ҚазМұнайГаздың» президенті емес бас директордың экономика мен қаржы жөніндегі орынбасары Ж.Бекежанова ханым жауап беріпті.
«ҚР 1991 жылдың 22 маусымындағы « Мемлекет құрамынан алу және жекешелендіру туралы» заңына сәйкес қайта құрылған кәсіпорында 15 жыл бойы жұмыс істеген қызметкерлерге, жұмысшыларға, зейнеткерлерге артықшылығы бар акцияға тегін ие болу құқы берілген болатын. Бірақ ол заң 1995 жылдың 23 желтоқсандағы «Жекешелендіру туралы» заңға сәйкес 1996 жылдан бастап күшін жойды.
Осы ақпаратқа сәйкес, жекешелендіру кезінде ашық акционерлік қоғамдарға айналған «Өзенмұнайгаз», «Ембімұнайгаз» кәсіпорындары қатарында Сіз15 жылдан кем емес уақыт бойы жұмыс істеген жұмысшылар қатарына кірмедіңіз, сол себепті артықшылығы бар акцияларға ие бола алмадыңыз. Қазіргі сәтте жоғарыдағы заңдар өз күшін жойғандықтан Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңдары акционерлік қоғамдарға ешқандай талап қоя алмайды» деп жазылған екен ол жауапта.
Хат соңында «Осылайша Қоғам (акционерлік қоғамды айтады – С.Т.) геолог барлаушылардың ҚР мұнай өндірісінің құрылуы мен дамуына қосқан үлестерін жоғары бағалайды, бірақ бұл мәселені шешу мүмкін емес» деп көңіл айтыпты.
Әйтсе де бүгінде жастары 80-90-ның арасындағы геолог қарттар айтқан беттерінен қайтар емес. «Біз бұл хатты жай ғана жалтару деп санаймыз. Өйткені, өндіріс пен ел экономикасы тұрақты түрде өсіп келеді. Оның үстіне құнды қағаздар эмиссиясы жасалып отырғанынан да хабардармыз» деген ардагер геологтар сұрауларына премьер-министрдің өзі жауап беруін талап етіп отыр. Бірақ, Кәрім Мәсімов әлі үнсіз. Расында да әлдеқайда талайдың жеке меншігіне айналған кеніштерден оның авторларына бірдеңе бұйыра ма, жоқ па? Бұл мәселе принципті түрде маңызды. Өйткені, үлес талап еткен геологтардың көбі кетіп бұл күнде азы қалды. Бұл мәселені енді бір он жылға созса олардың да ізі қалмайды. Дегенмен, ел тынысы әлі мұнай және газ өнеркәсібімен байланысты. Онда сол геологтар мен мұнайшылардың ұрпақтары еңбек етеді. Ертең олар да бастарын ақ қырау шалғанда бүгінгі ауыр еңбектерінің өтеуі не боларын білулері керек емес пе?
Сәния ТОЙКЕН
Сурет автордікі