Атырау, 25 қараша 13:54
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

​Кінәсіз жазықты болды-2

3 690 просмотра

Біздің газетімізге шыққан жарияланым осы жанжалдағы күштердің басымдықтарын өзгертті. Мұнда қарапайым азамат тұтас бір күштік ведомствоға ашық қарсы шыққан еді. Прокуратура Нұрлан ОТАРБАЕВҚА салынған заңсыз айыппұлдың күшін жойды. Кейін анықта-ғанымыздай, бұл айыппұлды салушы ІІМ қатарынан сыбайлас жемқорлық бабы бойынша шығарылған екен, ал, Атырау облыстық ІІД-нің қауіп-сіздік басқармасының қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда, бұл іске нүкте қоюға әлі ерте.

АУДИОЖАЗБАДА «МАС» АДАМНЫҢ ДАУЫСЫ

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың ақпан айында жол-патрульдік қызметтің инспекторы Азат МҰРАТОВ қызметтік көлік жүргізушісі Нұрлан Отарбаевқа болмаған бұзушылық үшін хаттама толтырған. Алдау жолымен қолының үлгісін алған инспектор кейіннен хаттамаға жалған қол қояды. Отарбаевқа осы хаттама бойынша айыппұл жазылып, ол төлеуден бас тартады. Алайда азаматтық ұстанымын қорғау Отарбаевқа арзанға түскен жоқ – заңсыз (!) айыппұлды төлемегені үшін ол ұзақ уақыт бойы кәсіпкерлік қызметіне байланысты Ресейге бара алмаған, ал мүлігі қамаққа алынды. Алайда ол кері шегінбеді, осы оқиға бойынша тергеуді тездету үшін ІІД-ге үнемі барып тұрды. Осы кезде ЖПҚ инспекторы ісі бойынша тергеуге қатысты тұлғалар одан шағымынан бас тартуын сұраған, ал, бұл сөздері өтпеген соң, пара ұсынды. Бір қызығы, инспектордың жалған хаттама толтырғаны жөнінде ресми мойындауы қылмыстық іс көтеруге негіз болмады. Инспекторды өткен күнмен жұмыстан шығарып, істі басып тастады, алайда хаттама күшін жоймай, Отарбаевтың өміріне зиянын тигізе берді. ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің пара ұсынған ІІБ ІҚБ қызметкеріне қатысты көтерген қылмыстық ісі тоқтатылды, ал Отарбаевқа ашық қоқан-лоқы көрсетіле бастады... Кінәсіз жазықты болды»).

Газетімізге шыққан жарияланымнан кейін ғана бұл бассыздық тоқталды: прокуратура, ақыры, осы даулы хаттаманың күшін жойды. Жарияланым қаһарманымен іске қатысы бар барлық ведомстволар – ІІД-ден бастап ҚР мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облыстық департаментіне дейін – бірқатар кездесулер өткізді. Оны тіпті ҚР мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы Қайрат ҚОЖАМЖАРОВ пен ішкі істер министрі Қалмұхамбет ҚАСЫМОВ та қабылдағысы келді. Сонымен қатар, облыстық ІІД-нің ІҚБ қызметкері А. Биғамбаевтың 170 мың теңге ұсынған сөзі жазылған аудиожазба фонографиялық сараптамаға жіберілді.

Бақытты аяқталды дейсіз бе? Өкінішке орай, олай емес. Отарбаев пен оның заңгер кеңесшісінің айтуынша, А. Биғамбаевтың дауыс үлгісін алу заңнамалар талап ететін куәгерлер мен бейне түсірілімсіз, өрескел бұзушылықтармен жүргізілген. Өкілетті органдар зардап шегушінің сараптаманы Атырауда емес, тәуелсіз сарапшыларға жүргізу туралы өтінішін қабылдамады. Нәтижесі күткеніміздей болды: тәуелсіз сарапшылардың аудиожазба сапасы «қанағаттанарлық», зерттеуге жарамды деген қорытынды шығарғанына қарамастан, Атырау облыстық сот сараптамасы институтының сарапшылары дауыс пен сөздің кімге тиесілі екенін анықтау «мүмкін болмады» деген жауап қайырды.

Сарапшылар аудиожазбаның ұзақтығы (2,5 минут) жеткіліксіз деп есептеді, оларға, сондай-ақ, Биғамбаевтың «психофизиологиялық жағдайы» ұнамады, жазба кезінде ол мас болған деп болжап («сөйлеу кезінде аздап қозу жағдайында болған, алкоголь қабылдаған болуы мүмкін» - сараптамалық қорытындыдан үзіндіЗ.Б.), сондықтан сөздеріне лайықты талдау жасай алмаған.

Бүгінде осы жеке айқастың жағдайы келесідей: прокуратураның ұйғарымымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы департаментінің ІІД ІҚБ қызметкеріне қатысты көтерген қылмыстық ісі тағы тоқтатылды («қылмыстық құрамының жоқтығына байланысты» тұжырымымен). Бір қызығы, істі жапқан да, кері ашқан да жемқорлыққа қарсы ведомствоның бір тергеушісі екен. Отарбаев фонографиялық сараптама нәтижелерін жарамсыз деп танып, кері сараптама белгілеу туралы өтініш жазды, алайда оның бұл талабынан да бас тартылды.

- Бұл шешім бойынша сотқа шағымданамын, - деді Нұрлан.

«ӨЗІҢ БОПСАЛАУШЫСЫҢ»

Жақын арада оған соттың есігін тоздыруға тура келетін болар, ол Атырау облыстық ІІД үстінен тағы бір басқа уәж бойынша талап-арыз жазды. Бірінші материалды дайындау барысында мен осы іске қатысты түрлі органдарға көптеген сұраныстар жібердім. ІІД-ден келген бір жауапхатта зардап шегушінің өзі инспектор Азат Мұратовтан пара бопсалағаны туралы жазады: «Кейіннен Н. Отарбаевтың полиция қызметкері А.М.-ге қатысты жауабын өзгерту және талабым жоқ деген қарсы арыз беру үшін 700 000 теңге ақша бопсалағаны анықталды».

Өзі туралы осындай «мәліметтер» оқыған қаһарманымыз қатты таңғалып, менен мұны түсіндіруді талап етті. ІІД-нің ресми жауапхаты менде сақтаулы. Осы жалған мәліметтердің қайдан пайда болғаны туралы Отарбаевтың сұранысына «Осы мақалада (бұл жерде әңгіме менің «Кінәсіз жазықты болды» мақалам туралы» - З.Б.) солай деп көрсетілген ғой» деп жауап берген. Яғни, олардың пікірінше, бұл менің ойдан шығарғаным. Мақалада мен ІІД-нің ресми жауабын ғана салған едім! Нұрлан маған осы хатты әкеліп, мен бұл «туындыны» оқып, күліп болғанша, кінәлі адамдай әрі қарап тұрды. Бекер күлдім бе? Өйткені, енді мен бұл іске куәгер ретінде қатысамын ғой. 12 ақпанда бірінші отырыс өтіп, оған жауапкер – ІІД өкілдері келмеді. Алайда Отарбаев өз ар-намысын қорғауда соңына дейін тұруға бекінген.

- Көкейімнен мына сауал кетпейді: ІІД-нің жалған мәлімдемесі бойынша өзімнің заңды құқығымды қорғай баста-ғанымда неге маған бопсалаушы деп кінә артады? «Анықталды» деген сөз қызметкерлердің менің 700 000 теңге көлемінде ақша бопсалағанымды дәлелдейтін бұлтартпас дәлелдер, фактілер тапқанын білдірмей ме? Мен ешқашан біреуді бопсалаған емеспін деп жауапкершілікпен мәлімдеймін. Егер бұл рас болса, бопсалау фактісі бойынша неге қылмыстық іс қозғалмаған? Егер бұл байқаусызда кеткен қателік болса, неге менен әлі күнге дейін ешкім ресми кешірім сұрамады? – деп ол өз шағымында сұрақ қояды және соттан Атырау облыстық ІІД-ні бұл тарапынан пара бопсалау болғаны жөнінде бұрын берілген мәліметтердің қателігі жөнінде «Ақ Жайық» газеті редакциясына ресми ақпарат беруге міндеттеуді сұрайды. Сонымен қатар, Атырау облыстық ІІД-ден келтірілген моральдық шығындар үшін 1 (бір) теңге өндіруді талап етеді.

Айта кетсек, Отарбаев облысымыздан өзін қорғайтын адвокат таба алмай жүр екен. Оның айтуынша, ол көмек сұрап барған заңгерлердің барлығы ІІД-ге қарсы осы іске қатысқылары келмеген. Мұны неге айттым? Жәй, әңгіме болсын деп қой.

Зульфия Байнекеева

18 ақпан 2016, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.