Атырау, 27 сәуір 10:52
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Астаналық аудиторды ұрлаушыларға үкім шығарылды

2 518 просмотра

Image 0
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау филиалы қызметкерлерінің астаналық кеңседегі әріптесін ұрлау туралы атышулы іс бойынша үкім шығарылды.

Естеріңізге салсақ, өткен жылдың 22 маусымында полицияға ер адам телефон соғып, «Атырау» халықаралық әуежайының автотұрағында белгісіз біреулер Атырауда қызметтік іссапармен жүрген астаналық менеджерді көз алдында ұрлап кетті деп хабарлады. Астаналық азамат жергілікті филиалда аудиторлық тексеру жүргізіп, кетіп барады екен. Тағы бір нұсқа бойынша, оны ұрлау сәті көшедегі қадағалау бейнекамераларына түсіп қалып, ұстау тобы шұғыл әрекет етіп, 1984 және 1991 жылы туған екі жас жігіт ұсталған. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 125-бабы («адам ұрлау»), 192-бабы («қарақшылық»), 200-бабы («автокөлікті рұқсатсыз иемденіп алу») бойынша қылмыстық іс қозғалды («Астаналық аудиторды кім ұрлады?», «Астаналық аудиторды кім ұрлады-2» мақалаларын қараңыз).

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, қылмыстық іс материалдарына сәйкес, 2015 жылғы 22 маусымда «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың 27 жастағы қызметкері күндізгі рейспен үйіне ұшу үшін әуежайға келеді. Оны "Toyota Camry" автокөлігімен әріптесі шығарып тастайды. Сол жердегі автокөлік тұрағында оларға сотталушы Р.Ш., А.У. және тағы бір анықталмаған тұлға (оған қатысты басқа іс көтерілді) жақындап, күш көрсетеміз деп қорқытып, әуежайға келген көлігіне күштеп отырғызып, алып кетеді. Трассаға шыққаннан кейін ұрлықшылар құрбанын сақтандыру белдігімен буып, көзін байлайды. Белгісіз бір жерге тоқтағаннан кейін оны көліктен шығарып, тізерлеп отырғызып, ұрлануы туралы полицияға хабарлайтын болса, өлтіреміз деп қорқытады. Осыдан кейін олар кетіп қалады. Аудитор көзінің байлауын өзі шешіп, көлік салонынан тексеру құжаттары салынған папканың жоғалғанын байқайды.

Тергеу барысында айыпталушылар «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау филиалы бөлімшелері бірінің қызметкерлері екені анықталды. Батыл болғанымен, ақымақтау қылмыстың басты себебі жетіспеушіліктерді анықтаған астаналық аудитордың тексеру нәтижелерін жою болған. «АЖ»-ға Атырау қаласы прокуроры Руфат ҚҰТТЫҚОВ түсіндіргендей, «18 шілдеде «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-тың ішкі бақылау департаментінің бас менеджері болып жасайтын азамат С. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалындағы (АӨФ) ЖЖМ үшін жаратылатын қаржының жұмсалуын тексеруге Атырауға келеді. Тексеру барысында С. және оның көмекшісі К. 26 тонна жанар-жағар май материалдарының жетіспейтіндігін анықтайды»

Атырау қаласының №2 соты сотталушыларды ҚР ҚК-нің 125-бабы және 191-бабы («тонау») бойынша айыпты деп танып, оларға 3,5 жыл жалпы режимдегі түзету колониясында бас бостандығынан айыру жазасын белгіледі.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

26 қаңтар 2016, 13:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.