Атырау, 29 қараша 10:43
 ашықВ Атырау +3
$ 513.00
€ 541.16
₽ 4.69

«Қаржылық пирамида туралы іс»: ақтау үкімі жойылды

2 819 просмотра

Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы қаламызға «алтын» мерседес қожайыны ретінде танымал болған Жеңіс ҚАНАХМЕТОВКЕ қатысты ақтау үкімінің күшін жойды.

«БІЗ 21 МИЛЛИОНДЫ ҚАЙТАРДЫҚ»

Естеріңізге салсақ, 2014 жылы Ж.Қанахметов «Playtcoin» ЖШС-ін ашып, ай сайын салынған соманың 30 пайызы мөлшерінде бонустар қосамын деп уәде беріп, азаматтардан ақшалай салымдар қабылдай бастаған болатын. 83 млн теңгеден астам жалпы сомада 130-дан астам азамат ЖШС салымшылары болды. Кейіннен олар құқыққорғау органдарына компанияның өздеріне уәде етілген пайданы бермеумен қатар, салынған қаржыларын да қайтармағаны туралы шағым түсірді. Өткен жылғы желтоқсанның басында №2 соты Атырау қалалық ҚР ҚК-нің 195-бабы («Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру») бойынша қылмыстық істі қарап шығып, Ж.Қанахметовке ақтау үкімін шығарған еді («Қаржылық пирамида туралы үкім: талап-арыз берушілер есеңгіреп, прокурор таң қалды»).

20 қаңтарда Ж.Қанахметовке қатысты қылмыстық іс бойынша 9 зардап шегушінің апелляциялық шағымдары мен Атырау қаласы прокурорының наразылығы қарастырылды.

Апелляциялық алқа отырысы басталғанға дейін біз Жеңіс Қанахметовпен тілдескен едік. Ол салымшылардың өз ақшаларын алып жатқанына сендірген еді. Оның айтуынша, компания 21 млн теңгені қайтарыпты. Тек бұл үшін аккаунттарды неғұрлым көп ашу керек екен. Олардың саны көп болған сайын, неғұрлым көп ақша түсіріп алуға болады. Аккаунтты белсенді ету үшін 10 мың теңге салу керек, жүйе 15 мың қайтарады. Осыны дәлелдеу үшін ол әлдебір әйелге ұялы телефонмен қоңырау шалып, маған тұтқаны берді. Әйел өзін Клавдиямын деп таныстырды. Қанша ақша салғанын айтудан әйел бас тартып, «көп» деген сөзбен шектелді. Оның айтуынша, қазір ол 90 аккаунт ашқан (яғни, тағы 900 мың теңге салған) және біртіндеп ақшасын түсіріп алуда екен.

- Сот ісі барысында жүргізілген зардап шегушілердің электронды есепшоттарын тексеру жөніндегі тәжірибе олардың есепшоттарында қаржылардың бар екенін және сіздің телефон қожайынының келісімінсіз өзгерістер енгізе алмайтыныңызды растады. Ендеше жалпы салымшыларға сіздің араласуыңыздың не керегі бар және сіздің көмегіңіз неде?

- Егер кенеттен ақша төлеуді тоқтатса, қандай да болмасын проблемалар туындаса, біреулер өз құпия сөзін ұмытып қалса. Бүкіл база әкімші ретінде менің қолымда тұр. Мен олардың барлығының құпия сөздерін білемін. Кез-келген әлеуметтік желіде оның әкімшілігі, егер пайдаланушы кенеттен ұмытып қалса, құпия сөзді жолдайды ғой.

- Демек, сізде олардың ақшаларына қолжетімділік бар ғой?

- Әрине! Мен әкімшімін ғой.

«ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН БІР ТИЫН АЛҒАН ЖОҚПЫН»

Алқада апелляциялық шағымдар берген салымшылар Қанахметов ақталып, қамаудан босатылғаннан кейін де өз ақшаларын ала алмағандықтары туралы айтты.

- Мен отбасымыз өз пайдасын алып тұрады деген сеніммен барлығы 635 мың теңге салған едім. Мен декреттік демалыстамын, күйеуім маусымдық жұмыста. 635 мыңның 300 мыңы – менің декреттік ақшам, қалғанын қарызға алдым, - дейді талап-арыз берушілердің бірі. – Қанахметов ақталғалы бері біз онымен телефонмен сөйлестік, алайда одан бір тиын ала алмадым. Аккаунттар салымшылардың атына ашылған, бірақ сайт әкімшісі Қанахметовтің көмегінсіз біз қолма-қол ақша ала алмаймыз. Қазір жүйе ақша беру үшін жаңа аккаунттар ашып, оларға 10 мың теңге салуды талап етеді. Сол кезде ғана Киви-әмиян арқылы ақша бере бастайды, бірақ күніне 1,5 мың теңгеден көп бермейді.

- 2014 жылдың аяғында бізге ақшаның орнына купондар беріп, 2015 жылдың басында Атырауда бұл купондарды ақшаға ауыстыратын пункттер ашылады деп уәде берді. Бірақ ол ақыры ашылмады. Енді бұл купондарды еш жерде ауыстыру мүмкін емес, - дейді басқа салымшы.

- Зардап шегушілердің дәлелдері мен прокурордың наразылығын тыңдаған сот алқасы қылмыстық іс жүргізу заңнамасының елеулі бұзылуы салдарынан Ж.Қанахметовке қатысты ақтау үкімінің күшін жою туралы қаулы шығарды. ҚР ҚІК 323-бабына сәйкес, заң бұзушылықтарды жою үшін іс прокурорға қайтарылды, - деп хабарлады облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Боранбай ҒАЛИЕВ.

Ж.Қанахметовке қатысты басқа жаққа кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

22 қаңтар 2016, 15:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.