Сот қала тұрғындарына "алтын Мерседес" қожайыны ретінде танымал болған Атырау фирмаларының бірінің директорын ақтады.
Естеріңізге салсақ, 2014 жылы Атырау тұрғыны Ж.К. Playtcoin ЖШС-ін ашқан еді. Көзге түсетін жарнама бүкіл ниет білдірушілерге 30 пайыз пайдасын береміз деген уәдемен, жаңа фирмаға қаржы салуды ұсынады. Нәтижесінде Playtcoin жарнамасына сүйенсек, 50 мыңдай қазақстандық оған салымшы болған. Өткен жылдың аяғында салымшылар фирмадан уәде етілген пайданы талап ете бастады, алайда олардың көпшілігі тіпті өз ақшаларын да қайтара алмады. Бүкіл Қазақстаннан 134 адам ЖШС директорының үстінен шағым түсірді.
Биылғы жылдың наурызында фирма директоры ұсталып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Іс ҚР ҚК-нің екі бабы бойынша сотқа жолданды: 214-баптың 2-тармағының 2-тармақшасы (" Аса ірі мөлшерде табыс алумен ұштасқан заңсыз банктік қызмет") және 217-баптың 3-тармағының 2-тармақшасы ("Аса ірі мөлшерде ақшаны тарта отырып жасалған қаржылық пирамиданы құру және оған басшылық ету") бойынша. Процесс шілденің аяғында басталған еді ("Атырауда қаржы пирамидасын құру бойынша сот басталды").
Енді, міне, 4 желтоқсанда №2 сотта Ж.К.-ні ақтап, салымшылардың талап арыздарын қараусыз қалдыру туралы үкім жарияланды.
Ж.К.-ге оның бүкіл мүлкі, соның ішінде "алтын Мерседес" қайтарылып берілді. Істің бұлай өрбігеніне төбелерінен тас түскендей болған салымшылар апелляция бермекші. Кәсіпкердің адвокаттары өте риза болды, бірақ баспасөз үшін комментарий беруден бас тартты. Прокуратура өкілі өзі үшін бұл үкімнің күтпеген жайт екенін атап өтсе де, үкіммен жете танысу қажеттілігіне сілтеді. Облыстық соттың баспасөз қызметінің жетекшісі Боранбай ҒАЛИЕВ келесі аптада облыстық соттың баспасөз конференциясын өткізетінін, сонда осы іске қатысты түсіндірмелер беріледі деп уәде берді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА