Атырау, 5 қазан 15:34
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Прокуратура ең қауіпті қиылыстарды анықтады

1 966 просмотра

2010 жылы қала жолдарында 1 519 жол-көлік оқиғалары орын алған. Ал биылғы жылдың 9 айы ішінде 1 260 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

«2011 жылдың 9 айы ішінде Атырау мамандандырылған әкімшілік сотында мас күйде және есірткіден масайған халде көлік жүргізген немесе өз көлігін осындай күйдегі тұлғаларға берген жүргізушілерге қатысты 1 223 іс қаралды. Олардың барлығы жазаланды», -дейді қала прокурорының аға көмекшісі Жансая ИМАНҒАЗИЕВА. – Тағы 129 жүргізушінің кінәсінен адамдар денсаулығына зиян келтіріліп, көлік құралдары мен басқа мүліктер зардап шеккен. 117 адамға айыппұл салынып, арнайы куәліктерінен айырылған».

Қала прокуратурасы  жол-көлік оқиғасына талдау жасап, қаладағы ең қауіпті учаскелерді анықтады.

Апат жиі орын алатын ең қауіпті жерлердің бірі – «Тойота Центр Атырау» автосалоны маңындағы Лесхоз бен Жетіқазына ықшамаудандары арасындағы қиылыс (суретте). Бұл жерде бағдаршам баяғыда орнатылуы керек еді.

Прокурорлар апаттардың қандай себептермен болып жатқанын зерттей бастағанда, мәселен, Студенттер даңғылында көлік әуесқойлары жылдамдықты азайтпайтынын, ал түнгі уақыттарда бұл жерде белгілі бір топтар арасында жарыс өткізілетіндігі анықталған. Оның үстіне бұл көлік жолдары белгілер мен жол сызықтарымен жарақталмаған. Бұл жаяу жүргіншілер үшін қиындық туғызады.   

Сәтбаев даңғылында Атырау облыстық сотының жанында жаяу жүргіншілер үшін көрсеткіш бар болса да, жолдың өзіндегі жолақ баяғыда сүртіліп, кетіп қалған. Молдағұлова – Құлманов, Молдағұлова - Әлиев көшелерінің қиылысындағы бағдаршамдар істен шыққан. Өте қауіпті учаске – «Көктем» сауда орталығының маңындағы қиылыс. «Мерей» базарының маңында қарбалас уақытта қозғалу қиынға түседі. Бірақ, ең қарқынды қозғалыс – Привокзальныйдағы вокзал мен «Дина» базарының маңы.

«Атырау облыстық ІІД жол полициясы басқармасының мәліметтері бойынша, бүгінгі күні шамамен 2 000-дай «жаяу жүргінші өткелі», «жол бер», «басты жол» және т.б. көрсеткіштер жетіспейді. Бұл мәселе қала прокурорының бақылауына алынды», - деді Жансая Иманғазиева.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген В. Истомин

23 қараша 2011, 20:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.