Қалалық прокуратура кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласқан 66 фактіні анықтады.
Біз аяқ астынан тексеру келген жағдайда кәсіпкердің www.pravstat.kz сайтында тексеру актісіндегі тіркеу нөмірін енгізіп, бұл тексерудің заңды не заңсыздығын және мекеме атауын, тіркелген тексеруді, тексеру кезеңі мен сауалдарын және тексеруші тұлғаның мәліметтерін де біле алатындығы туралы бірнеше рет жазған болатынбыз. Егер тексеру заңсыз жүргізілгендігі анықталса, кәсіпкер прокуротурадан мобильді топты шақыртуға құқылы.
Қала прокурорының көмекшісіДанияр ТӨЛЕГЕНОВТІҢ бізге хабарлағанындай, бүгінгі күні кәсіпкерлердің қызметіне заңсыз араласқан 66 факті анықталып отыр, ал, жыл басынан бері аудандық прокуратура қызметкерлері 54 заңсыз жүргізілген тексеру фактісін анықтады. «Осыған қатысты прокуратура органдары бойынша іс қозғалып, сот орындарына 6 әкімшілк іс жолданды»,-деді Д.Төлегенов.
Жекелей алғанда, қалалық аумақтық ветаринарлық инспекцияның қызметкерлері кестені бұза отырып, жеке кәсіпкер Г.Лұқпановқа алдын-ала емес, тексеру болатын күні ғана жоспардан тыс тексеру болатындығы туралы ұйғарымды жолдаған. Мұндай заң бұзушылықтар қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқармада да тіркелген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА