Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ғылым комитетінің микробиология және вирусология институтының ұжымы «Биопрепараттар өндірісін құру және ұйымдастыру технологиясы» жұмыстары циклі үшін мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Олардың арасында Атырау қаласындағы “ГИРКАН” ғылыми-өндірістік орталығы бас директорының орынбасары, биология ғылымдарының кандидаты Ерік ШОРАБАЕВ та (суретте) бар.
«Бакойл-KZ» препараты мұнаймен ластанған топырақты, полигон жерлерді биологиялық жолмен тазалау мақсатында ойлап табылған. Бұл биопрепарат жергілікті жердегі мұнай ыдырататын белсенді бактериялардың бөлініп алынуы арқылы жасалады да, ластанған жерге енгізіледі. Сынақ барасында көз жеткізілгендей мұнаймен бұрыннан ластанған жер 98 пайыз тазаланып қоймай, оған алабұта, бидайық секілді шөптесін өсімдіктер өсіп шыққан.
«Бакойл-KZ» сапасы жағынан өзінің ресейлік аналогы «Девороил» препаратына дес бермейді әрі анағұрлым арзан. Егер ресейлік өнімнің 1 келісінің бағасы 75 мың теңге болса, «Бакойл-KZ» препаратын бар болғаны -7,5 мың теңгеге алуға болады.
Ал тағы бір перпарат «Қазбиосил» өсімдік құнарлылығын сақтау үшін қажет. Бұл препарат - дәнді дақылдар мен өсімдіктерді сүрлеу ашытқысы. Мәселен, мал азығы ретінде пайдалану үшін сақтаған қамыс өсімдігінің күн астында сарғайып, қар мен жаңбырдың әсерінен шіритінін байқаймыз. Ол кезде қамыстың азықтық құндылығы азаяды. Ал тамыз айында орылған қамысты сүрлеу ашытқысының көмегімен сақтаса, ол қыста да пішен күйінде жасыл болып тұрады, құнарлылығын жоймайды. Осы препараттың 1 келісінің бағасы – 7500 теңге. 1 тонна өсімдікті сүрлеуге оның 3 грамы ғана жұмсалады екен. Бүгінде «Қазбиосил» көмегімен Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан облыстарында 500 мың тонна жүгері сүрленген.
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор