ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті (ТМРжБҚКД) «Атырау қаласының тұрғын үйлеріне коммуналдық қызмет көрсету» (ТҮКҚК) ЖШС-тің жылу қуатын өндіру, беру, тарату және қамтамасыз ету бойынша реттелетін қызметінің тарифін бекітті. Бұл туралы ТМРжБҚКД басшысы Нұрлан ТАУБАЕВ хабарлады.
Естеріңізге салсақ, ТҮКҚК Нұрсая ықшамауданындағы 62 көппәтерлі үйлерді жылумен қамтамасыз етеді. 23 желтоқсанда монополистің ұсынып отырған қызметі бағасын көтеру туралы өтінімі бойынша қоғамдық тыңдау өтті. Тұрғындар жылу берушілердің шешімімен келіскен жоқ («Жылу тарифінің тағдырын ТМРАД шешеді» мақаласын қараңыз). Алайда, тариф қымбаттады. Дегенмен, ТҮКҚК сұрағандай емес.
ТҮКҚК-ның жылу бойынша жаңа тарифі 1 Гкал-ға 3 488,71 теңгені құрайды. Бұл тариф 2016 жылғы 1 наурыздан бастап күшіне енеді. Осыған байланысты жылу бағасы екі еседен аса қымбаттады – жылытылатын ауданның 1 шаршы метрі 41 теңгеден 83,73 теңгеге көтерілді (ТҮКҚК 155 теңге сұрады).
Н. Таубаев тарифтің өсуі қызмет көрсетілетін үйлердің артуына, пәтерішілік жылу желілерінің ұзындығы мен қызмет көрсететін қазан қондырғылары санының көбеюіне байланысты.
ТМРжБҚКД-нің Сараптамалық кеңесі отырысында ТҮҚК басшылығына тұрғындардың өз пәтерлерінде қосымша радиаторларды өз беттерінше қосып алуына жол бермеу, шығындарды азайтып, алға қарай реттелетін қызметті тұтынушыларға толық көлемде ұсыну бойынша іс-шараларды қабылдауға кеңес берілді.
Н. Таубаев 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қаланың қалған бөлігін жылумен қамтамасыз ететін Атырау ЖЭО-ның жылу қуатын өндіру және қамтамасыз ету қызметтерінің тарифтерін салыстырды. Мұнда жылу тарифі 1 Гкал үшін 5 515,03 теңгеден 5 860,41 теңгеге дейін артты (бұл тариф бойынша жалпыүйлік есептегіштері бар үйлердің жылуы үшін төлем алынады) - өсім 6,2%-ды құрады.
Жылуөлшегіштері жоқ үйлердің тұрғындары үшін төлем жылытылатын ауданның әр шаршы метрі үшін 98,36 теңгеден 116,96 теңгеге дейін көтерілді. Өсім - 18,9%.
Ескі, апатты және барақ үйлер тұрғындарына арналған тариф жылытылатын ауданның әр шаршы метрі үшін 90,10 теңгеден 97,47 теңгеге дейін артты. Өсім - 8,1%.
Бұдан біз Нұрсая ықшамауданындағы жылу тарифі қаланың басқа аудандарына қарағанда әлі төмен екенін көреміз.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ