Қазақстан қаржы полициясының экс-төрағасы, Қазақстан президентінің бұрынғы іс басқарушысы Сарыбай Қалмырзаев «Свобода слова» газетінен 10 миллион теңге талап етіп отыр.
Сарыбай Қалмырзаев газетте шыққан мақаладағы ақпаратты «жалған, беделіме нұқсан келтіреді» деп тауып, қарашаның 10-ы күні басылым мен журналисті сотқа берген еді. Қарашаның 17-сі күні Алматының Медеу аудандық сотында бұл іске қатысты алдын-ала тыңдаулар өтті.
ДАУДЫҢ БАСЫ
Сарыбай Қалмырзаев «Свобода слова» газетінің бас редакторы Евгений Рахымжанов пен басылымның бұрынғы тілшісі Дилярам Аркиннен «өзінің ар-намысын қаралайтын мақаланы терістеуді» талап етеді.
– Соттан алдымен мақаланы терістеу, кейін моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге өндіріп беруді сұрап отырмыз, – деді шағым беруші жақтың адвокаты Евгений Гончаров.
Дауға себеп болған – «Свобода слова» газетінде 2011 жылы наурыз айында шыққан «Ломаная ЛОГИКа» және «Красный пахан» атты екі мақала. Мақалаларда бұрын қаржы полициясын басқарған Қалмырзаев «кәсіпкерлерді бопсалады» деп жазылған.
– Мен өз мақаламда тек қана шындық жазылғандығын айта аламын. Бұл сөзімді дәлелдейтін құжаттарым да бар. Керек болса, процесс барысында оны көрсетуге дайынмын, – дейді мақала авторы Дилярам Аркин.
«Қалмырзаевтың бұл шағымы менің қазіргі кездегі жұмысыммен – Guljan.org веб-сайтындағы қызметіммен тікелей байланысты, себебі қаржы полициясы Guljan.org сайтының журналистеріне «соғыс» жариялап отыр» дейді журналист.
– Әуелі қаржы полициясының қызметкері берген шағым арыздың негізінде веб-сайттың журналисі Валерий Сургановтың бостандығы 1 жыл 6 айға шартты түрде шектеліп, 100 мың теңге моральдық шығын өтеуге міндеттелді. Одан соң Guljan.org сайтына қатысты сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті, әрі қаржы полициясының төрағасы Қайрат Қожамжаровтың әйелі Салтанат Аханова сайттағы мақала ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіргені жөнінде сотқа шағым түсірген болатын. Ол сайт иесінен мәліметті терістеуді, моральдық шығын ретінде 2 миллиард 640 миллион 400 мың теңге талап етіп отыр, – деді журналист Дилярам Аркин.
«КЛАН»
Сарыбай Қалмырзаев сотқа берген «Свобода слова» газетінің бас редакторы Евгений Рахымжанов «мақала жарияланған соң жарты жылдан кейін сотқа шағым түсірудің себебін түсінбейді».
– Біз өз жазғандарымыздың рас екендігін дәлелдей аламыз. Бірақ мен үшін бір жайт қызық болып тұр. Шағым беруші Қалмырзаев өзіне қатысты барлық айыптаулар мен ар-намысына тиетін барлық сыбыстарды да терістеуді талап ете ме? Себебі оның «оңтүстік кланға» қатысы, ондағы рөлі туралы аз айтылған жоқ қой? – дейді Евгений Рахымжанов.
Бұл істе төрағалық етуші судья Ел-Назар Манапов жауапкер тараптың сұрауы бойынша сот отырысына дейінгі дайындықты қарашаның 28-іне дейін ұзартты.
Сарыбай Қалмырзаев 2004 және 2008 жылдары араға үзіліс салып экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін басқарды. 2008-2011 жылдары Қазақстан президентінің іс басқарушысы қызметін атқарды.