Атырау, 3 мамыр 12:31
 ашықВ Атырау +21
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

«Жауап алудан кейінгі өлім»: Ашық жабық сот

4 482 просмотра

№2 Атырау қалалық соты ҚР ҚК-нің 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») және 362-бабы («Билікті немесе лауазымдық өкілеттілікті асыра пайдалану») бойынша айыпталған екі полиция қызметкеріне қатысты қылмыстық істі қарауға көшті.

«ПРОЦЕСС ТУРАЛЫ ЖАЗУҒА БОЛМАЙДЫ»

Естеріңізге салсақ, 2015 жылдың тамызы айында таңда Жайық жағалауындағы шам бағанасында асылып тұрған жас жігіт табылды. 23 жастағы Антон МАРКОВ, тергеудің болжамы бойынша, өз жейдесіне асылып қалған. Өлер алдындағы соңғы түнін ол Атырау облыстық ІІД есірткі бизнесімен күрес басқармасының (ЕБКБ) шұғыл уәкілдері Аманжан ДОЩАНОВ пен Асылан ДҮЙСЕНОВТІҢ қасында өткізген. Істе наркологтардың есебінде тұрған Марковқа моральдық және физикалық қысым көрсетіп, құпия ақпарат беруші ретінде полициямен жұмыс жасауға, ал оның қасындағы жастарды пара беруге көндіруге әрекет жасады деген куәгерлік айғақтар бар Жауап алудан кейінгі өлім» мақаласын қараңыз). Полиция қызметкерлеріне қатысты тергеуді Атырау облыстық арнайы прокуратурасы жүргізді.

Сот ашық режимде өтіп жатыр, алайда отырыстың стандартты барысын №2 қалалық соттың төрағасы Зәуре ҚАЗАҚБАЙДЫҢ мәлімдемесі бұзды. Ол отырыстарға баспасөз құралдарының қатысуына рұқсат бергенімен, кез-келген түсірілім мен диктофондық жазылым жасауға және сот процесі барысы туралы үкім шыққанша мақала жариялауға тыйым салды.

- Сіздер қатыса аласыздар, сот процесі басталды деп жазуларыңызға болады, алайда кімнің не туралы айтқанын жазуға болмайды, өйткені өз жарияланымдарыңызбен сіздер процеске, сот шешіміне әсер ете аласыздар, - деп мәлімдеді судья.

Дегенмен, процестің екі тарапы да БАҚ бетінде істің жариялануына қарсы емес. Соңғы кездері көп айтылып жүрген сот жүйесі органдарының ашықтық туралы әңгімелері аясында мұндай күтпеген мәлімдеме жасау журналистерде түсініспеушіліктер тудырды, алайда сот залында судьямен ешкім дауласқан жоқ. Алайда біз кейіннен «Әділ сөз» Халықаралық сөз бостандығын қорғау қорының сарапшыларынан бұл жағдайға түсінік беруді сұрадық.

- Бұл ҚР Конституциясына, «БАҚ туралы» Заң нормаларына, сондай-ақ Жоғары соттың «Қылмыстық істер бойынша сот ісін жүргізудің жариялылық принципін сақтау туралы» нормативтік қаулысына қайшы келеді. Сонымен қатар, ҚР Жоғары сотының төрағасы Қайрат Мәмидің 2000 жылғы 7 қараша күнгі нұсқаухатына да қарсы келеді. Мұнда соттардағы баспасөз құқықтарын антиконституциялық және заңсыз шектеу тәжірибелерін тоқтату туралы айтылған, - дейді Қор заңгері Ғалия ӘЖЕНОВА.ҚР ҚПК-нің 22-бабына сәйкес, судья сот шешімін қабылдауда тәуелсіз, тек Конституция мен заңға бағынады. Сонымен қатар ҚР ҚПК-нің 25-бабында былай делінген: «Судья дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өзiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды, бұл ретте ол заң мен ар-ожданды басшылыққа алады». Яғни, судьяның шешім немесе үкім шығаруына заң тұрғысынан да, қарапайым ақылмен ойласаңыз да БАҚ жарияланымдары, әсіресе ол болған оқиғаға бейтараптық пікірде жарияланса, әсер ете алмайды.

Біз сондай-ақ облыстық соттың төрағасы Марғұлан БЕКТҰРҒАНОВҚА да осы мәселеге түсінік беру үшін сауалхат жолдадық.

АДВОКАТТАР МЕН САРАПТАМА

Бірінші отырыс барысында айыпталушылардың адвокаттары Талғат МҰҚАТАНОВ пен Тілек ХАМИТОВ өз пікірлерінше сотқа дейінгі тергеу барысында бұзушылықтардың жіберілуіне сілтеме жасап, істі процестік прокурорға кері қайтаруға өтініш білдірді. Іс материалдарымен танысқаннан кейін олар кейбір тергеу амалдарын өткізуге өтініш білдірген, алайда бұлары қанағаттандырылмады. Адвокаттардың пікірінше, бұл – заңсыздық.

Сондай-ақ олар іске тіркелген куәгерлердің бірінің полицейлердің өзара сөйлескенін және өзінің олармен телефон арқылы сөйлесулерін құпия жазып алған аудио жазбаны «дәлел ретінде қолдануға болмайды» деп тануды талап етіп отыр. Дегенмен, фоноскопиялық сараптама нәтижелері бойынша дауыстардың айыпталушылардікі екені дәлелденді. Сот бұл өтінішті процеске қатысушылардан жауап алып болғаннан кейін шешеді.

Сот залының сыртында айыпталушылардың адвокаттары өз ұстанымдарын білдірді:

- Біз тағылып отырған айыптармен толық келіспейміз, - дейді Мұқатанов. – Ал БАҚ беттерінде жарияланған ақша бопсалау туралы куәліктер - зардап шегушілердің ойдан шығарғандары. Біздің өз уәждеріміз бар, біз оны сот отырысы барысында айтатын боламыз.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

21 желтоқсан 2015, 11:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.