Атырау, 11 желтоқсан 14:21
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

ТКШ бастығы Ж. ҚАРАҒАЕВ: «Махамбет көшесіндегі үйді 16 қарашада бітіреміз»

2 630 просмотра

Газетіміздің өткен санында жарияланған «Тұрғындарды жылу арқылы бопсалап отыр ма?» деген мақаладан соң қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВ редакцияға кейбір түсініктемелер жолдаған еді.

«2011 жылдың 10 қарашасында «Ақ Жайық» газетінде жарияланған «Тұрғындарды жылу арқылы бопсалап отыр ма?» деген мақала бойынша түсініктеме.

Махамбет көшесіндегі №№ 118а, 118б, 118в, 118г тұрғын үйлерге қызмет көрсететін «Әли» ЖК атқарушы директоры Амантай Мустафиннің айтуынша, азаматша В.Кравченко Махамбет көшесіндегі 118 б тұрғын үйдің үй басқарушысы болып табылмайды. Махамбет көшесіндегі №118 б тұрғын үйді термомодернизациялау бағдарламасы бойынша 34 389 328 теңгеге күрделі жөндеу жүргізуге байланысты жасалған жобалау-сметалық құжатқа қатысты мынадай түсінік береміз, Атырау облысы аумағында құрылыс материалдарын шығаратын өнді-ріс кәсіпорындары болмағандықтан барлық құрылыс материалдары және инертті материалдар қалаға басқа аймақтардан әкелінеді, сондықтан да ол сөзсіз оның бағаларына әсер етеді. Қазақстанның басқа қалаларымен салыстырғанда біздегі құрылыс материалдарының құны жоғары. 

Махамбет көшесіндегі №118 б үй жанында қатар орналасқан көп пәтерлік үйлер де өткен жүзжылдықтың 60-70 жылдары салынған. №118а тұрғын үйінің жобалау сметалық құжаты 34 761 600 теңгені құрайды,  №118в  тұрғын үй – 34 336 320 теңге,  № 118г  үй – 34 391 658 теңге. Бұдан басқа, кондоминиум нысандарының күрделі жөндеу жөніндегі ақаулы ведомостысын тұрғын үй иелерінің келісімінен кейін ПИК төрағасы бекітеді. Барлық жобалау-сметалық құжаттамалар «Атыраугосэкспертиза» еншілес мемлекеттік кәсіпорнына ұсынылып, одан тиісті қорытындылар алынды.  Оның үстіне Махамбет көшесіндегі 118 б көп пәтерлік тұрғын үй меншік иелерінің 2011 жылғы 20 қыркүйектегі жалпы жиналысының бастапқы хаттамасына сәйкес, осы тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге пәтер меншік иелерінің 70%  келісімін берген және солармен тұрғын үйді жөндеу жұмыстарының барысы келісілген.

В. Кравченконың «ТКШ қызметкерлері келіп, есігімізді қағып, қол қоюға мәжбүрлеп отыр» деген дәлелі орынды емес, өйткені, смета құнын бекітуге қол жинаумен және түсіндіру жұмыстарымен тікелей «Әли» ЖК атқарушы директоры А.Мустафин, сондай-ақ, сол үйдің тұрғындары Г.Салыхова, М.Көшқали және басқалары айналысқан болатын. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің қызметкерлері атынан тұрғын үй инспекциясының меңгерушісі А. Байкутова және қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің қызметкерлері термомодернизация бағдарламасы бойынша түсінік жұмыстарын жүргізді.

Махамбет көшесі 118 б үйдің тұрғындарымен менің және  орынбасарым С.Қазиевтің, қала ПИК ассоциациясының төрағасы А.Мүліковтің қатысуымен барлығы бес жиын ғана өткізілді. Термомодернизация бағдарламасы мынадай шараларды қарастырады:   

– термомодернизация бағдарламасы бойынша кондоминиум нысандарын күрделі жөндеуге келісім алу үшін ғимараттың меншік (пәтер) иелерінің бастапқы жиналысын өткізу;

– күрделі жөндеуді жүргізуге ақаулы ведомост жасақтау;

– жобалау-сметалық құжаттамасын жасақтау;

– жұмыстың сметалық құнын бекіту және тексеру үшін екінші рет жиналыс өткізу.

Аталмыш үйдің тұрғыны В. Пилипенконың тексеру жүргізуі кезінде жобалау ұйымының жасақтаған сметасында жұмыс көлемдеріне қатысты айырмашылықтардың бар екендігі анықталды. Шатырды 690 шаршы метр және 34 текше метрге пиломатериалдарды үнемдей отырып, 1 973 000 теңге көлемінде қосымша жұмыстарды  жүргізу қарастырылған: темірбетонды құрылымды бұрғылап тесу, анкерлік тетіктерді орнату, шатыр құрылғыларын, люктерді орнату, төбелерді сырлау, бетонды тұтастырғы қондырғысы, метал есіктерді монтаждау, майлы бояумен цокольды қабатты бояу және тағы басқа.

Күні бүгінге дейін подъездерде үш камералы екі қабатты стеклопакеттер орнатылды. Стеклопакеттің бағасы туралы айтсақ, 1 шаршы метр үшін  6 870 теңге деп көрсетіп отырған үй тұрғыны 2001 жылғы бағамен есептеп отыр, ал 2011 жылғы нарықтағы баға бойынша оның 1 шаршы метрі 15 010 теңгені құрайды. Атырау қаласында осындай пластик-терезелер шығарумен айналысатын мекемелердің біріне жолдаған біздің сауалымызға сәйкес, терезенің 1 шаршы метрі бүгінгі күні 15 000-17 000 теңге аралығында ауытқып отыратындығын анықтадық. Демек, аталмыш үй тұрғынының дәлелдері негізсіз болғаны.

Кеңестік кезеңдегі салынған  ірі панелді көп пәтерлі әдеттегі үйлердегі 70% жылудың жоғалуын терезелер мен есіктер «қамтамасыз» ететін, оның 30% - шатыр мен қабырғадан болатын.

Модернизациялау бағдарламасы мынадай жұмыс түрлерін қарастырады:

– тиекті арматураларды, жылу құбырларын, канализация, жертөледегі ыстық және салқын су құбырларын ауыстыру;

– подъездерде домофонды есіктер орнату;

– подъездерде стеклопакеттерді ауыстыру;

– үй төбесін  жөндеу, яғни, шатыр қондырғысы;

–тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жақсарту үшін сыртқы қабырғаларды толық сырлау.

Жоғарыда аталған шаралар жылудың сақталуына мүмкіндік береді. Сондықтан да қалалық ТКШ бөлімі жылу есептегіштері мен тұрғындардың қалауы бойынша жылудың берілуін қолмен реттеп отыру үшін тиекті арматураны орналастыратын жылу камераларын қондыруға мәжбүрледі. 

Тиімділікті дәлелдеу үшін мысал келтірейік, Молдағұлова көшесіндегі №31 жылу есептегіші орнатылған үйдегі алаңы 106,7 шаршы метр болатын 3 бөлмелі пәтердің 2010 жылдың қазан айынан 2011 жылдың сәуір айына дейінгі жылу ақысын есептеп көрелік. Іс жүзінде ол мынадай болды: 53 805,62 – 39 535,64 = 14 269,98 теңге. Бір айдағы орташа үнемдеу 14 269,98 теңге: 6 айда = 2 378,33 теңге.

Пәтер иелерін қаржыны үнемдеу жертөле желілерін және оларға тартылған желілерді толық ауыстыру барысында ғана мүмкін болатындығын ескерткіміз келеді (жылу таратқыштағы  жылудың жоғалуы нәтижесінде қызмет беруші тарапынан айыппұлдар салынуы мүмкін).

Атырау  қаласы ПИК ассоциациясының төрағасы Асылбек МҮЛІКОВТІҢ айтуынша, жұмыстың сметалық құнын бекіту және тексеру үшін қажетті қолдар саны тек 2011 жылдың 4 қарашасында  ғана жиналды. Және дәл сол күннен бастап жертөледегі жылыту желілерін ауыстыру бойынша жұмыстар басталды. Осы жылдың 14 қарашасында үйдің жартысынан астамына жылу берілді, ал, жұмыс толығымен 16 қарашада аяқталады деп күтілуде».

Редакциядан:

16 қарашада біз Махамбет көшесіндегі 118 б үйде болдық, кіре берістегі жылу құбырлары жылы болды.

«Атыраугосэкспертиза» еншілес мемлекеттік кәсіпорыны директоры Тұрланбек ЖИЕНБАЕВаталмыш үйдің тұрғыны В. Пилипенконың сметадағы тапқан қатесін былай деп түсіндірді: «Тапсырысшы бекітілген сметаны әкеледі. Біздің міндетіміз оны тексеріп, қорытынды жасау. Махамбет көшесіндегі 118 б үйге де біздер қорытынды жасадық. Егер қазір сметаға қатысты қандай ма бір талаптар болса, онда ол тапсырысшыға жолдануы тиіс».

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген В. Истомин

17 қараша 2011, 15:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.