Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен және жастарға медициналық, психологиялық, сондай-ақ, әлеуметтік мәселелер бойынша көмек беру үшін салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында жастарға арналған психологиялық орталық ашылды.
Орталықта қазір психолог, әлеуметтік қызметкер және гинеколог жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл құрам дермато-венерологпен толықпақ. Бүгінгі күні орталыққа 10 жастан 24 жасқа дейінгі жастар жолыға алады. Орталық қызметі тегін. Орталыққа ай сайын 100-ден аса адам келеді. Біреулер өздері іздеп келсе, енді бірін оқу үлгерімі төмендігіне және жасөспірімдік жетілу кезіндегі қылықтарына көңілдері толмаған ата-аналары әкеліп жатады. Мұнда мүмкіндігінше бәріне де көмектеседі. Тренажерлық зал ашылған.
Жастар орталығының психологы Гүлмира ҒҰМАРОВА жасөспірімнің ашылып, өзіне сенім артуы үшін онымен бірнеше рет сөйлеседі.
Г.Ғұмарова өзінің аз да болса жеңісі деп, оқуға да, айналаға да қызығушылығын жоғалтқан 7 сынып оқушысымен жасаған жұмысын есептейді. Ол ынта-ықыласын ояту мақсатында оған ертегі оқып, өмірден мысалдар келтірген, жаз бойына уақытты бірге өткізіп, суреттер де салған. Ал 1 қыркүйекте бұл қыз бала ең маңыздысы, мектепке қуана барды.
Орталық мекен-жайы: Островский көшесі, 4а («Абди» дүкенінің артында, Жилгородокта). Сенім телефоны: 30-68-43
Айнұр САПАРОВА