Атырау облысының әкімдігі Коммуналдық тарифтерді негізсіз арттыру және қоршаған ортаны ластауға қарсы рұқсат етілген митингіге қатысушылардың резолюциясына жауап берді.
ҚЫРКҮЙЕК ТЕЗИСТЕРІ
Естеріңізге салсақ, митинг «Азаматтық бастама» қозғалысының бастамасымен 20 қыркүйекте Балықшыда өткен еді («Диалог үшін алғашқы алаң – бос жер»). Қатысушыларының атынан қозғалыс белсенділерінің бірі Макс БОҚАЕВ резолюция жазып, оны Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, парламент сенаты мен мәжілісінің төрағасына, сондай-ақ Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімдеріне жолдады.
Резолюцияда жоғары тариф белгілеп отырған монополистерге, қоршаған ортаны ластаушыларға, тарифтердің өсуіне еш әрекет етпестен қарап отырған және жергілікті тұрғындарды лайықты әлемуметтік қорғауды қамтамасыз етпей отырған республикалық және жергілікті деңгейдегі мемлекеттік органдар мен сайланған депуттарға наразылық білдірілген. Резолюция мәтініне, сондай-ақ, ауаны ластаушы кәсіпорындарды қоршаған ортаға зиянды заттар лақтыруды болдыртпайтын тиімді қондырғылар орнатуға мәжбүрлеу керек деген талап та қосылды. Сонымен қатар, «Азаматтық бастама» тағы да Атырауда әйгілі болған экологиялық айыппұлдарды тағайындалған жерінде қалдыру және оларды тек табиғат қорғау мақсаттарына ғана ашық пайдалану туралы мәселені көтерді.
Митинг нәтижесі бойынша бірнеше талаптар ашық айтылды: «Коммуналдық салаға тауарлар мен қызметтер жеткізуші кәсіпорындардың тарифін көтеруге мораторий жариялау. «Атырау Су Арнасы» КМК тарифтерін арттыру туралы шешімді қайта қарау»;
коммуналдық салаға тауарлар мен қызметтер жеткізуші кәсіпорындардың қызметтерін қарау бойынша қоғамдық кеңес құру;
шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерден газ үшін 100% алдын ала төлем алуды жоятын нормативтік-құқықтық акті қабылдау;
қауіпті қалдықтарды сақтау зауытының құрылысына үзілді-кесілді тыйым салу;
қоршаған ортаның ахуалына қадағалау жасайтын станцияларға тұрақты да тегін онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ететін нормативтік-құқықтық акт қабылдау;
қалалық, облыстық бюджеттерден қала және облыс мектептерінің оқушыларын тегін тамақпен қамтамасыз етуге қаржы бөлу».
«БҰЛ ЖАЛТАРМА ЖАУАП ҚАНА»
Президент пен парламенттегілер үшін Атырау облысы әкімдігіне «терлеуге» тура келген сияқты. Сол жерден М. Боқаевқа сұранысқа қарағанда екіұшты солқылдақ жауап келді.
Боқаевтың айтуынша, «бұл жалтарма жауап қана, бірде бір талапқа нақты жауап берілмеген»:
- Бұл мен не деймін, домбырам не дейді деген мақал сияқты: барлық ақпарат электронды сандық түрде жүретін 21-ғасырдың 15-жылында өмір сүріп жатырмыз, ал біздің экологиялық қадағалау станциялары мәліметтеріне онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету талабымызға «Хабарласыңыздар, біз сіздерге береміз» деп жауап жазады. Тағы да сұраныстар жауып, оларға жауапты күтіп, кешіктіріп алған ақпарат кімге керек?!
Расымен де, облыстық әкімдіктің кейбір уәждері сенімсіздеу көрінді: «Облыс әкімінің бастамасымен “Аджип ККО" атмосфералық ауаның сапасына мониторинг жасайтын және ақпараттарды “Атырау гидрометрология орталығы" ЕМК-ға “онлайн" осы уақыт режимінде жіберетін 20 станция орнатты».
Ал бұл станциялардың басқа әкімдердің кезінде орнатылғаны туралы ештеңе айтпайды. Қазіргі билік олардың жасаған істерінен бастарын алып қашып жататынын білеміз, алайда кейбір істерін өздері жасағандай айтудан да бас тартпайды екен. Басты сұрақ – ақпаратқа ие болуға толық заңды және моральдық құқығы бар халықтың мәліметтерге қол жеткізуін қамтамасыз ететін қарапайым бағдарлама жасауға не немесе кім кедергі келтіреді? Тіпті бұл үшін бюджеттен қаржы бөлудің де қажеті жоқ. Байқау жарияласа жеткілікті, атыраулық тұрғындардың арасынан осындай бағдарламаны тегін жасап, өзекті болған «қала ауасын кім бұзып жүр?» сұрағына жауап алып беретін адам табылатыны сөзсіз.
ШАҒЫН ДА БОЛСА ҮМІТ БАР
Резолюцияның басқа талаптарына берілген жауаптары да осы сарында – солқылдақ, тіпті тақырыпқа қатысы жоқтары да бар.
- Бір жауаптан басқасы,- дейді Боқаев. – Жауаптан үзінді келтірейін: «Бүгінде облыс әкімдігі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-қа соңғы тұтынушы - шағын және орта бизнес субъектілерінен газ үшін 100% алдын ала төлем жасауды алып тастау мәселесін ТШО-мен талқылап жатыр. Мәселеге оң шешім қабылданған жағдайда «ҚазТрансГаз Аймақ» Ақ тарапынан шағын және орта бизнес субъектілерінен газ үшін 100% алдын ала төлем алау жойылады». Әлі де анық ештеңе жоқ. Келіссөздер ТШО-мен жүріп жатқандықтан, алдын ала төлем туралы талапты осы компания қойып отырса керек. Алайда, мәселені шешуге болатыны да анық. Үмітіміз бар. бұл қарапайым халық жасаған сол митингінің арқасы. Бұрын бұл мәселені ешкім көтерген жоқ, сәйкесінше, шешілмеді. Яғни, егер мәселе көтеріп, жауап берулерін талап етсек, біртіндеп болса да, жәй болса да ахуалды түзей алады екенбіз.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА