Атырау, 23 сәуір 22:29
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Диалог үшін алғашқы алаң – бос жер

3 173 просмотра

20 қыркүйекке билік санкциясымен белгіленген «Азаматтық бастама» жастар қозғалысының коммуналдық тарифтерді негізсіз көтеруге және қоршаған ортаның ластануына қарсы ұйымдастырған митингісіне 150-дей адам жиналды.

Бір ай бұрын қозғалыс белсенділері қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВҚА қаладағы үш алаңның: Исатай мен Махамбет, Дина Нұрпейісова немесе Құрманғазы атындағы алаңдардың біріне митинг ұйымдастыру өтінішімен шыққан болатын. Қала әкімі митинг өткізетін жерді Балықшы поселкесі деп бекітті.

Бұл Абай Құнанбаев көшесі, №28 үйдің артындағы ойлы-шұқырлы шағын ғана топырақты далалық жер. Онда демалыс күндері жергілікті тұрғындар жайма базар ұйымдастырады. Қолайсыздық пен ұлттық қауіпсіздік қызметкерлерінің көптігі ұйымдастырушыларға да, шақыртуға үн қосқан қала тұрғындарына да сөйлеуге кедергі келтірмеді. Айта кетелік, әлеуметтік желілерді пайдаланушылардың митинг ұйымдастырушыларға кеңінен қолдау білдіргендігіне қарамастан, митингте көбінесе Фейсбукте және Вконтактеде отыратындар емес, виртуалды әлемнен бейхабар Перетаска мен Балықшының тұрғындары азаматтық ниеттестік білдірді.

«Атырау Су Арнасы» КМК мен оның құрылтайшысынан – су тарифінің көтерілу қажеттілігін құжат түрінде негіздей алатын қалалық әкімдіктен әлденеше рет материалдар алуға талпынып, қол жеткізе алмаған қоғамдық белсенді Макс БОҚАЕВ су тарифінің негізсіз көтерілуі мәселесін талқылауды ұсынды. Естеріңізге салсақ, 1 тамыздан бастап жеке тұлғалар үшін тариф 48 пайызға, заңды тұлғалар үшін 67 пайызға өсті.

– Менің қолымдағы мәліметтер негізінде монополистерде ішкі қорлар бар екенін растай аламын. Бұл оларға тарифті көтермей-ақ, өздерінің инвестициялық бағдарламаларын іске асыруға, жүйелеріне ағымдық жөндеу жүргізуге және т.б. мүмкіндік береді, - деді Боқаев.

Қымбаттаған судың күмәнді сапасы туралы «Демос» құқыққорғау бірлестігінің жетекшісі Тоғжан ҚИЗАТОВА мәлімдеп, дәлел ретінде оның айтуынша, «Құлагер-Жайық» тұрғын үй кешеніндегі (бұл зәулім үйлерге тұрғындардың су шүмегіне су жоғарыдан төменге, шатырда орналасқан су жинағыштан түседі) су резервуарларының қабырғасынан алынған құмды-тасты шөгінділер салынған пакетті алып келіпті.

Қизатова растағандай, жарты жыл ішінде резервуарлар қабырғасында құбыр суын қайнататындарға да жақсы таныс ондаған келі тасты шөгінділер жиналып қалады екен.

Біз нақты «Атырау Су Арнасына» қарсы шығып отырғанымыз жоқ. Кешікпей энергішілер мен жылу берушілер де өз қызметтерін көтеруге өтінімдер береді. Көтере берсін, бірақ негізді болсын. Ал әзірге тарифтердің өсуіне «жоқ» дейміз! - деді митингті ұйымдастырушылардың бірі Талғат АЯН.

Митингті тіпті көрші Орал тұрғындары да қолдады: өзінің белсенді азаматтық ұстанымымен танымал болған журналист Лұқпан АХМЕДЬЯРОВ атыраулықтарды өз проблемаларына қатысты биліктен құрмет талап етіп, белсендірек болуға шақырды.

– Оралда бірнеше коммуналдық қызмет жеткізушінің құрылтайшылары әкімдік болып табылады. Бірақ энергетикалық компания емес. Үш жыл бұрын қарапайым қала тұрғындары құрған «Абырой» қоғамдық бірлестігінің арқасында биыл алғаш рет қоғамдық тыңдау өткізіліп, ол жерде нақты жұртшылық қатысты. Ал монополист есебін ұстап, өз тарифін халықпен мақұлдауға және тұрғындардан төлем қабылдайтын компания құрылтайшысы кім екенін айтуға мәжбүр болды, - деп тәжірибесімен бөлісті Ахмедьяров.

Митингке қатысушылар белгіленген шеңберде ғана емес, Атырау қаласының тұрғыны ретінде өзін мазалап жүрген нәрселер туралы айта алды. Перетасканы көшіру мәселесі көтерілді. Сонымен қатар, экологиялық зиян үшін салынған айыппұлдардың облыс бюджетінде қалуына және жұртшылықтың бақылауымен табиғат қорғау шараларына жұмсалуына қол жеткізу ұсынысы айтылды.

Белгісіз біреулердің тұрақты түрде тасталып отыратын шығарындылары (қоғам белсенділерінің пікірінше, билік, неліктен екені белгісіз, оларды анықтағылары келмейді) Атырау тұрғындарын жазасыз улауда. Ал Атырауда жылдан жылға жүйелі, қатерлі ісік, өкпе аурулары, аллергиялық сырқаттары бар адамдар көбейіп жатыр.

Әр отбасында аллергиктер, ересектер де, балалар да бар. Бірақ қалада аллергиялық орталық та, аллергологтар да жоқ, заң бұзушы кәсіпрындар айыппұл түрінде төлеген ақшалар ауруханаларды салуға, өңірге білікті дәрігерлерді тартуға жұмсалсын, - деген Боқаевтың сөзін қатысушылар мақұлдады.

– Бізде атмосфералық ауаға мониторинг жасайтын станциялар бар, бірақ оларды зерттеу нәтижелеріне қарапайым адамдардың қолы жетпейді, - деп қосып қойды Талған Аян. – Сондықтан биліктен тәулік бойына online-режимінде бізге осы ақпаратқа қолжетімділік құқығын талап етеміз.

Ұйымдастырушылар Атырау қаласы мен Атырау облысының әкімдіктеріне нақты ұсыныстар мен сұрақтар бойынша қарар жасақтауға ниетті екендіктерін мәлімдеді.

Біз қарарды Facebook-тегі «Азаматтық бастама» тобына ілеміз, сондай-ақ, оны мемлекеттік органдарға жолдаймыз. Егер қарашаның аяғына қарай сұрақтарымыз бен талаптарымызға жартымды жауап ала алмасақ, қайта жиналуды ұсынамын. Мемлекеттің бізді естіп, қоғамның жағдайын түсініп, өзекті мәселелерді шешу үшін диалог алаңын құрғанын қалаймыз. Мұнда тұрғындар тікелей қатысуы тиіс, - деп сөзін түйіндеді «Азаматтық бастама» қозғалысының бірінші митингісінің қорытындысын Макс Боқаев.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

21 қыркүйек 2015, 17:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.