Атырау, 23 қараша 23:26
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Құрғақ уәдемен қыс та жетті

2 403 просмотра

Поселкелік әкімдердің әрекет етпеуінің салдарынан  ерте қартаю синдромына шалдыққан Нұржан ӨРКЕШБАЕВТЫҢ отбасы газдың игілігін пайдалана алмай келеді.

Нұржанның әкесі Жаңбырбай да басқа мұқырлықтар секілді табиғи газ шалғай жатқан ауылға жеткен кезде, енді көмір мен ағашқа шығындалмаймыз деп қатты қуанған болатын. Ал Нұржанның отбасын ауылдық әкімдік үйлерді газдендіруге арналған субсидиялар беруге уәде етілген жеңілдік алушылар тізіміне қосқан еді.

– Наурыз айындаМұқыр әкімі Ермек АЙТҚОЖАҚОВ қаржының бөлінгендігін, жаңа үйге құжаттарды тездетіп рәсімдеуім керектігін хабарлады. Сәуірде қажетті құжаттарды әкімдікке апарып бердім. Бірақ ауылдық билік тарапынан ешқандай көмек болған жоқ. Газды үйімізге өз күшімізбен тартып алдық. Енді үйге жылу жүргізуіміз керек. Ал бұл бір адам ғана жұмыс істейтін отбасы үшін көп шығын. Алған несиеміз бар, қызым студент. Әкімдікке соңғы рет барғанымда қаржы жоғын айтты. Егер көктемде бөлген болса, ол қаржылар қайда кеткен? – дейді Жаңбырбай.

Оның айтуынша, өз проблемаларымен ол әлеуметтік мәселелер жөніндегі облыс әкімінің орынбасары Асқар КЕРІМОВПЕН оның қабылдауында болған кезде бөлісіпті. Әкім орынбасары аудан әкіміне 7 күн ішінде жылу жүргізіп беруге тапсырма берген. Алайда уәде етілген көмектің орнына Жаңбырбайды ауылдық әкімдікке шақырып алып, облыс басшылығына шағым айтқаны үшін кінәлап, алдымен аудандық әкімдікке баруың керек еді депті.

– Жаңбырбайдың өзі көмектен бас тартты, –деп мәлімдеді Е. Айтқожақов. – Оны мен өзім шақырдым. Өткен жылы бюджет қаржысының есебінен мүгедектер мен аз қамтылған отбасылардың баспанасын газдендіруге көмек көрсетілді. Ал биыл 10 жеңілдік алушы белгіленгендігіне қарамастан, қаржы бөлінбеді. Мен мұны Жаңбырбайға түсіндіріп, ол жұмыс жасайтын «ҚайнарМұнайгаз» басшылығына көмек сұрауды ұсындым. Бірақ Жаңбырбай бас тартты. Ол өзіне ұсынған газ жанарғысын да алмады.

– Біріншіден, мені Ермек Айтқожақов емес, оның орынбасары Естай МАҚСОТОВ өзіне шақырды. Екіншіден, ол бізде мал бар екенін, сондықтан аз қамтылған отбасы деп есептеуге болмайтынын айтты. Менің малымды санап, 70 мың теңгеге жанарғы ал деді. Мен шыдай алмай, бұл тізімге ит пен мысықтарды енгізіңдер дедім. Міне, мен осындай бай екенмін. Ал өз басшылығым тарапымнан шынымен де көмек алудан бас тарттым. Өйткені олар маған Нұржанның сырқатын емдеуге онсыз да көп көмектесіп жүр, - деп түсіндірді Жаңбырбай.

Қазір ол  шенеуніктердің уәдесіне сеніп қалып, қысқы уақытқа қамданбағанына өкініп отыр. Ал қыс болса қылышын сүйретіп келіп қалды...

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

16 қараша 2011, 18:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.