Әр бала өзінде керемет машина болса деп армандайды, бірақ оны сызба түрінде болса да жасауға кез-келгенінің батылдығы бармайды. Біздің мақаламыздың кейіпкері Ержан РЫСҚАЛИЕВ (оның көлік сызбалары «АЖ» оқырмандарының есінде) өз арманына бір қадам жақындады. Оны Lamborghini, Alfa Romeo, Audi және Volkswagen компанияларымен серіктесе жұмыс істейтін көлік дизайны факультеті жанындағы Милан мектебі шақырыпты. Егер мектепті жақсы аяқтаса, Ержан осы компаниялардың бірінен тәжірибеден өтуі мүмкін.
Осыдан тура бір жыл бұрын ішкі дүниесі көлік дизайнері, өзі компьютер маманы туралы газетімізде мақала жазылған еді. Сол кезде ол Аджипте ICT-инженері боп жұмыс істеді. Жуырда ол жерден жұмыстан шығып, Миланға кетіп қалған. Ержан туралы толық ақпарат алу үшін онымен хабарласқан едік. Ол былай деп жазыпты: «Өткен жылдың күзінде менің бюджетіме сай келетін бірнеше дизайнерлік мектептерге өзімнің портфолиомды жолдаған едім. Бәрі бірдей дерлік үн қосты. Өйткені дизайн факультетіне ағылшын тілінен басқа ешқандай емтихан тапсыру қажет емес еді. Бүкіл мектептердің ішінен мен үшін SPD – Scuola Politecnica di Design (Милан) мектебі қолайлы көрінді. Бұл көлік дизайнын бітірген түлектерімен даңқы шыққан мектеп болатын. Түлектердің кейбірі осы салада жұмыс жасауды жалғастыруда. Өйткені көлік дизайнында не кемеңгер болуың керек немесе ешкім де болмайсың. Милан мектебі мені қабылдауға дайын болатын, алайда бір ғана кедергі болды. Дизайнерлік білімсіз олар мені шеберлік курсына қабылдай алмады. Сол кезде маған дизайн негіздерін оқытатын негізгі курстан өту туралы ұсыныс жасады. Оны аяқтағаннан кейін көлік дизайнының шеберлік курсына түсуге мүмкіндік аламын. Бұған келісімімді бердім, өйткені бұл жақсы ұсыныс еді. Мен тек бір профильде ғана емес, басқа да салалардағы дизайн шеберліктерін меңгере аламын. Бұл жерде оқу үшін керемет жағдай жасалған. Тобымызда бар болғаны 6 адам бар. Тек сабағымыз итальян тілінде өтеді. Оны 8 ай оқысам да, бұл тіл маған қиын тиіп жүр. Оқу процесінің өзі қатты ұнайды. Бізді нағыз дизайн білгірлері оқытады. Әр сабақта бізді шығармашылық идеяларға жетелейді».
Біз Ержан үшін қуаныштымыз. Өйткені кезінде қаржының жоқтығы оның арманының жүзеге асуына басты кедергі болған еді. Бірақ ол өз жұмыстарын автодизайн сайттарына жолдап, сурет салуды жалғастыра берді. Сондай-ақ, Volkswagen компаниясы жариялаған «қоңыз» көлігінің жалғасын жасау конкурсына қатысты.
«Мен өзіме сенемін. Бір кездері өз жұмысымның нәтижесін көремін деп үміттенемін, - дейді Ержан. – Бәлкім, мен дүние жүзіне мәшһүр Pininfarina (итальяндық автоателье – автордың ескертпесі) компаниясында жұмыс істейтін алғашқы қазақ болатын шығармын». Оның арманы орындалады деген сенімдеміз.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА