Атырау, 23 қараша 16:29
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қазақстанның Бас мүфтиі Атырауға келді

7 882 просмотра

Өткен аптада Атырауға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия муфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі келіп кетті.

Ол алдымен   «Ислам - жасампаздық пен бейбітшілік діні» атты  ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, баяндама  жасады. Одан соң  Атырау облыстық «Иманғали» мешіті қасындағы 500 орындық  қосалқы жаңа  залдың ашылуына қатысты.  

- Ислам дінінің адамзатқа ортақ құндылықтарын ашып көрсетуге, діни басқарманың атқарып жатқан жұмысын, имамдардың елді  бірлікке шақыру  үшін не уағыз айтып жатқанын білуге келдім,- деп түсіндірді өз сапары туралы ҚМБД  төрағасы.

- Мен  Атырауға  жиі келе алмаймын ғой. Сондықтан осы сапарды  пайдаланып елді тәуелсіздіктің  20 жылдығымен құттықтағым келеді. Ылғи Атырауға келген сайын мұнда  бір жаңа  ғимараттар ашылып жатады. Осы  жолы мына мешіттің  қосалқы құрылысы ашылды. Алла  разы болсын,- деді  ол мешітте  жиналған жұртпен кездесуде.

Муфти Алла тағаланың Қазақстан халқының ниетіне, президенттің  ниетіне орай миллиондаған байлық бергенін ерекше атап өтті.

- Самолиде ел аштан өліп жатса, Алла  тағала бізге  жыл сайын миллиондаған астық, сандаған байлық беріп отыр. Мәселен, мен бүгін Атыраудың көркейіп бара жатқанын көріп, разы болып отырым. Кезінде Х.Досмұхамедов атындағы университет профессорларының бірі, досым резеңке етікпен жүретіндерін айтқан еді. Сондықтан елді басқарып отырған президентіміз Нұрағаңның амандығы үшін дұға қылайық,-деді Әбсаттар қажы.

Бас мүфти президент амандығын қазір Меккеде  қажылықта  жүрген 4 мың қазақстандықтың қасиетті Құбыла  басында  сұрауын өтініш еткенін де айтты.

- Атыраулық имамдардың жұмысына көңіліңіз тола ма? –деп сұрадым бас мүфтиден.

Ол орталық мешіт бас имамы  Нұрбек  қажы ЕСМАҒАМБЕТКЕ  «жақсы жігіт» деген баға берді.

«Мен өзім әдетте имамдарды сырттан қарап жүрем, көзіме түскендерін дәптеріме  жазып қоям, сосын өсіріп отырам» деп өзінің  кадр тағайындау әдістерімен де бөлісті.

- Атырау  аймағындағы, әсіресе, 2011 жылғы тамыз және қазан айындағы жағдайлар туралы не айтасыз?

- Атыраудағы жағдай жақсы, Аллаға шүкір, қасиетті Құран кәрімде  «Алла тағала сабырлылар жағында» деген. Сондықтан сабыр ету керек, шошаңдауға болмайды.

- Құқық қорғау органдары  терроризм туралы  іс көтеріп жатыр. Сіздің  мәліметтеріңіз бойынша Қазақстан аумағында қандай радикалды сипаттағы діни ағымдар бар?

- Мен енді құқық қорғау саласының маманы емеспін. Мен дін адамымын, ғайбат айтқанды жек көрем. Сондықтан комментарий жасау менің жұмысым емес.

Сәния ТОЙКЕН

Суретті түсірген автор

15 қараша 2011, 18:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.