Атырау, 2 желтоқсан 02:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 511.22
€ 540.05
₽ 4.73

Президент Мәжілісті тарату туралы кеңес өткізді

3 153 просмотра

Президент Назарбаев парламенттің қос палатасының төрағалары және үкімет жетекшісімен мәжілісті тарату жөніндегі ұсынысқа қатысты кеңес өткізді. Президенттің кеңесшісі елде мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізу туралы Назарбаевтың жарлығы сейсенбі күні шығып қалуы мүмкін дейді.

Қазақстан президенті Нұрсұлта Назарбаев қарашаның 15-і күні парламент сенатының төрағасы Қайрат Мәми, парламент мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов және премьер-министр Кәрім Мәсімовтармен мәжілісті тарату жөніндегі ұсынысқа қатысты кеңес өткізді. Бұл туралы ақпарат сол күні премьер-министрдің twitter-блогында жарияланды.

«Елбасы сайлау мәселелері бойынша премьер-министрмен және спикерлермен консультация өткізді», - деп жазды Кәрім Мәсімов.

Сейсенбі күні «Қазақстан жаңалықтары» агенттігіне берген сұқбатында президент Назарбаевтың кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев Қазақстанда кезектен тыс парламент сайлауын өткізу туралы жарлыққа Назарбаев сейсенбі күні қол қоюы мүмкін деген пікір білдірді. 

Өткен бейсенбіде Астанада Қазақстан парламенті мәжілісінің 53 депутаты атынан мәжіліс пен жергілікті мәслихаттарды таратып, елде мерзімінен бұрын сайлау өткізуді сұрап президент Назарбаевқа жазылған үндеуді мәжіліс депутаты Нұртай Сабилянов жария еткен еді.

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, ел президенті парламент палаталарының спикерлері және үкімет жетекшісімен кеңескен соң, мәжілісті таратап, мерзімінен бұрын жаңа сайлау өткізу туралы шешім қабылдай алады.

Қазақстан конституциясы бойынша, парламенттің кезектен тыс сайлауы мәжiлiстiң өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған күннен бастап екi ай iшiнде өткiзiлуi тиіс.

Қазір тек жалғыз саяси партия – «Нұр Отан» мүшелерінен құралған Қазақстан парламентінің мәжілісі 2007 жылы тамыздың 18-і күні бес жыл мерзімге сайланған.

"Азаттық радиосы"

15 қараша 2011, 18:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.