Атырау, 23 қараша 16:17
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Меңгеруші есікті тарс жауып, кетіп қалды

8 639 просмотра

Гагарин атындағы №4 мектепте жағымсыз жайт орын алды. Сол мектептің оқу ісінің меңгерушісі Мира ГАЗИЗУЛЛИНА әріптестерінің талап-арызы бойынша айыппұл төлеп және өз еркімен осы лауазымынан босатылды.

Бастауыш сыныптардың мұғалімі Нұрсұлу ТАСТУРОВАНЫҢайтуынша, сынып сағаттары (сабақ мөлшері) дұрыс бөлінбегендіктен осы жанжал орын алған. Н.Тастурова М.Газизуллинадан өзіне тиесілі сағаттарды есептеуді талап еткен кезде, меңгеруші есікті тарс еткізіп жауып, оны зақымдапты. Бұл талап орынды ма, ол педагогтың ар-ұжданында қалсын (және оны қалалық білім беру бөлімінің басшылығы шешсін).

Педагогтың шағымын қарап шыққан әкімшілік соттың судьясы А.Саудабаев оқу ісі меңгерушісінің әрекетін соққы деп танып, 20 АЕК (30 240 теңге) мөлшерінде айыппұл салуға міндеттеген.

Әріптестерін қолдаған осы мектептің педагогтары – 17 адам оқу ісінің меңгерушісін орнынан алу туралы арыз жазып, мектеп директоры Ұлжан АҚТАҒАНОВАНЫ оны бетімен жіберген деп айыптады.

Осы мектептің тағы бір мұғалімі Гүлмира НҰРБАЕВА да ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің Атырау департаментіне сол меңгерушінің үстінен шағымданған. Оның айтуынша, декреттік демалыстан шыққан соң оны бұрынғы жұмыс орнына алмаған.

– Тек бас еңбек инспекторы араласқаннан кейін ғана мені жұмысқа алды, - деді «АЖ» тілшісіне Нұрбаева.

Мектеп директоры Ұ.Ақтағанова бұл жағдайға қатысты қандай да болмасын түсінік беруден бас тартты. М.Газизуллинаның өзімен кездесудің сәті түспеді.

Қалалық білім беру бөлімінің бастығы Фируза ШАНГЕРЕЕВА №4 мектептің ендігі бұрынғы оқу ісінің меңгерушісін жаңа ұстанымдағы педагог және өте талапшыл басшы ретінде сипаттап берді. Оның пікірінше, кейбір мұғалімдер мектеп әкімшілігінің талабын орындағылары келмегендіктен алауыздық туындап отырған көрінеді. Ал «есікпен ұру» тек реніш салдарынан әсірелеу ғана деп бағалайды.

– Мектептерде сабақ жоспары мен күнтізбелік жоспар жазуға міндеттелген талаптар бар. Меңгерушіге қарсы арызға қол қойғандар өздерінен осы жоспарды талап еткенін қаламайды, - деп түсіндірді Ф.Шангереева. - Мира Газизуллина оқу ісінің меңгерушісі лауазымынан босатылды, бірақ осы мектепте мұғалім боп жұмысын жалғастыруда. Ал әкімшілік соттың шешімін бұздыруға шағым арыз берілетін болады, - деді қалалық білім беру бөлімінің бастығы.

Сәния ТОЙКЕН

15 қараша 2011, 12:15

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.