Атырау, 5 қазан 15:21
 ашықВ Атырау +16
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Жер телімдері тәркіленбек

1 890 просмотра

Атырау облысында табиғат ресурстарының картасы жасалып жатыр. Ал әлеуметтік міндеттемелерін  50 пайыздан төмен орындайтын жер қойнауын пайдаланушылармен жасалған келісім-шарттар бір тарапты тәртіппен бұзылатын болады.

Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ сейсенбі күні жер қойнауын пайдаланушылармен өткізілген кеңесте мәлімдеді.

1 қазандағы ахуал бойынша облыста 22 жер қойнауын пайдаланушымен 42 келісім-шарт жасалған. Оның 9-ы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы Ербол ҚУАНОВТЫҢ ақпараты бойынша, әлеуметтік міндеттемелерін, атап айтқанда, кадрларды дайындау және қайта даярлау бойынша тиісті көлемде атқармай отырған көрінеді. Шартты бұзушылар арасында «Мағауия», «Феникс ИСА», «Нефтестройсервис», «Индер-цемент», «Потенциал Ойл», «Тенгизнефтестрой», «Консалтинг-Недра», «Каспий-Салт» және «Каспий» ӘКК аталды. Олар келісім-шарт бойынша жалпы көлемі 500 млн. теңгеде міндеттемелерін орындаулары тиіс болатын, бірақ бар болғаны 16,7 млн. теңгеге орындаған.

– Мысалы,  «Феникс ИСА» кәсіпорны осыдан 5 жыл бұрын гипс кенішін игеруді бастап, зауыт салуы, жұмыс орындарын құруы тиіс еді. Бізге кенішке біресе кәрістер, біресе арабтар қызығушылық тудырып отыр деген хаттар жолдайды. Оны мемлекетке қайтаруға асығар емес, - дейді Е.Қуанов.

Өз міндеттемелерін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушылар арасында шетелдік компаниялар да бар. Мәселен, «Казинвестнедра» кәсіпорны мен «Паритет» ЖШС Индер ауданындағы борат кеніштерін игеріп жатыр. Жергілікті «ЗапКазНедра» филиалының өкілінің айтуынша, бір компания кенішті игеруді 2012 жылға қалдырған. Ал екінші компанияның жоспары туралы мүлдем ештеңе белгісіз. Екі кәсіпорынның да кеңселері Алматыда орналасқан.

Б. Дәукеновтың айтуынша, «біз келісім-шарттағы өз міндеттемелерін 50 пайыздан төмен орындайтын кәсіпорындармен келісім-шартты бұзамыз».

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

10 қараша 2011, 19:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.