Қарашаның 6-сы күні барша мұсылманның ұлық мерекесі - Құрбан айт мейрамы басталды. Ол үш күнге созылды.
Қарашаның қақаған суығына қарамастан атыраулықтардың жас-кәрісі орталық мешітке қарай ағылды. Құрбан айтқа жиналған адам Атыраудың орталық мешітіне сыймай кетті.
Алдымен мешіттің бас имамы Нұрбек қажы ЕСМАҒАМБЕТ халыққа мерекелік уағыз (құтба) айтты. Содан соң облыс әкімінің орынбасары Асқар КЕРІМОВ елді Құрбан айтпен құттықтады.
Содан соң барлық мұсылмандар оқуға міндетті айт намазы басталды. Мешіттің ішінен орын жетпеген жамағат Аллаға сыртта тұрып құлшылық етті. Айт намазына жат жерлік мұсылмандар да қатысты. Атыраудың ызғарына шыдамаған олар жылы мойын орағыштарымен қымтанып-ақ алған. Намаздан кейін жиналған жұрт бір-бірін құшақтап, Құрбан айт мерекесімен құттықтады.
...және Мұңайтпасов атындағы мешіттегі Құрбан айт
Құрбан айт күні Жұлдыз шағын ауданындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы мешітте жиылған жұртқа арналып дастархан жайылды.
Мешіттің бас имамы Мұнархан қажы ӘЛІМОВ халықты құрбан айтпен құттықтап, дұға оқыды. Бұл күндері мұндай көл-көсір дастархан қаладағы кез-келген мұсылманның үйінде жаюлы тұрды.
Фоторепортаж авторы Сания ТОЙКЕН