Қалалық сот бесік-арбадағы кішкене қызымен қыдырып жүрген ер адамды қағып кеткен жүргізушіге үкім шығарды. Әкесі қаза болып, бала жарақат алды, ал, оған кінәліге шартты мерзім берілді.
Үкімде көрсетілгендей, 30 мамыр күні кешкілік төрт ер адам кафеде дем алған. Шамамен сағат 20.00-де төртеудің бірі Саламат ЖҰМАҒАЛИЕВ мас күйінде екі досын еріте кафеден шығып, төр-тінші кісінің «Тойота» көлігін айдап кетеді. Жарты сағат уақыттан соң Геолог поселкесінде, Сәтбаев атындағы мектептің маңында алты айлық баламен серуендеп жүрген өз ауылдасын қағып кеткен. Қылмыскер тоқтамастан, оқиға болған жерден бой тасалаған. Ер адам сол жерде-ақ қаза болып, сәби көптеген жарақат алған: миы шайқалған, бас сүйегі және бұғанасы сынған.
Көлікті артынша теміржол вокзалы маңынан тапқан. Көп ұзамай полицейлер Жұмағалиевті де қолға түсірді. Сот тергеудің өтініші бойынша қамауға алуға рұқсат берді, ал, онымен бірге болған таныстары іс бойынша куәгерлер ретінде өтті. Қазан айының басында сот сотталушының өкінішін және жәбірленуші тарапқа 500 мың теңге төлемақы төлегендігін және жәбірленуші тараптың оған кешірім бергендігін ескере отырып, Жұмағалиевке көлік жүргізу құқығынан 3 жылға айырып, 2,6 жылға бас бостандығынан шартты түрде айыру жазасына үкім шығарды. Үкімде сондай-ақ, марқұмның жесірі Жанна МАХАМБЕТОВАНЫҢ бас бостандығынан айыруға байланысты жазаны тағайындамауын өтінгендігі аталып өтті.
Қала прокурорының орынбасары Айбек ТҰРЫМОВТЫҢ хабарлағанындай, сот үкіміне кері шағым не наразылық берілмеді. 19 қазанда үкім заңды күшіне енді. Көлікті айдап кетуге қатысты айтар болсақ, «екі тараптың ымыраласуына байланысты» бәрін де қылмыстық жауапкершіліктен босатқан.
Таяуда ғана редакцияға хабарласқан Жанна Махамбетова болса былай деп отыр:
«Мен үкіммен мүлдем келіспеймін. Баламен үйде бір өзім отырған соң кері шағымдануға үлгермей қалдым және өтініш жасайтын адамым да жоқ. Қызымның қазіргі жағдайы барынша қалыпты, бірақ үнемі дәрігерлік тексеруден өтіп отыруымыз керек. Кішкентай кезінде алған ауыр жарақаттар кейін өсе келе белгілі болуы мүмкін. Қазір менде өмір сүруіме жетерлік қаржым жоқ. Мемлекеттен асыраушымды жоғалтқаным үшін 10 мың теңге жәрдемақы аламын. Тергеу кезінде кінәлі жақтың берген 500 мың теңгесінен басқа ешқандай көмек болмады. Және оны түрмеге отырғызбау жөнінде өтініш жасағаным жоқ. Мен материалдық және моральдық залалды өндіріп алу жөнінде талап арыз беруді көздеп отырмын».
Лев ГУЗИКОВ