14 қазанда құрылысшылар газ жарылысынан зардап шеккен Шамин көшесі, 3 «а» үйінің пәтерлерін күрделі жөндеуден кейін қолданысқа берді.
Естеріңізге салсақ, 23 мамырда №28 пәтерде газ кету салдарынан жарылыс болды («Тұрғын үйде газ жарылды» мақаласын қараңыз). Төрт қатарлы үйде екі кіреберіс және 32 пәтер бар. Пәтер иесі ауыр жарақат алып, қайтыс болды. Үйдің сыртқы қабырғасында екі үлкен жарық пайда болып, есік жақтаулары қисайып, жарылыстан осы үйдің ғана емес, көрші екі үйдің терезелері де сынды. Ғимараттың құлау қаупі туындады. Екінші кіреберістің тұрғындары эвакуацияланды.
Осы оқиғадан кейін арнайы комиссия техногендік сипаттағы ТЖ режимін енгізу туралы шешім қабылдады. Қысқа мерзімде үйдің зардап шеккен бөлігін реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. «ӘлиГазМонтаж» ЖШС жылу беру маусымына дейін жұмысты аяқтап үлгерді. 14 қазанда тұрғындар өз пәтерлеріне оралды. Мұнда барлық ішкі жұмыстары бітіп, жарық, су, жылу және газ қосылды. Пәтерлердің көлемі мен бөлмелердің орналасуы сол күйінде қалдырылды, жөндеу сапалы жасалып, құрылысшылар ішкі қабырғаларды бұрынғы кеңдігімен қалады. Қабырғалар тегіс, еденге паркет төселген.
Тұрғындарды көптен күткен оқиғаларымен құттықтауға Атырау облысының әкімі Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ, орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ, қала әкімі Нұрлыбек ОЖАЕВ, қала әкімінің орынбасары Әділбек ЗАЙДУЛЛИН келді. Барлық тұрғындарға сыйлықтар – кілем алуға 50 мың теңгелік сертификаттар берілді. Н. Ожаев реконструкция жұмыстары өте мұқияттылықпен жүргізілгенін атап өтті. Құрылысшылар үйдің зардап шеккен жағын бұзғанда үлкен қиыншылықтарға кездескен. Өйткені, төрт қатарлы ғимараттың зардап шекпеген бөлігін бүлдіріп алмау керек болды. Мамандар бұл міндетті орындады.
- Қазір пәтерлеріміз бұрынғыдан да жақсы болды, - дейді №20 пәтердің тұрғыны Күләш ДҮЙСЕҒАЛИЕВА. – Үй ескі, 1954 жылы салынған, едендер ескірген, қабырғалар қисық еді. Ал енді жаңа үй алғандаймын.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор