Күзетшіні соққыға жығып, үстінен ыстық су құйған алты қылмыскер фирмадан сомасы 600 мың теңге болатын мүлікті алып кеткен.
Қала прокурорының көмекшісі Әлібек НӘУКЕНОВТІҢ айтуынша, қарақшылар Элеваторный көшесінде орналасқан «Әділ-Бур-Сервис» ЖШС базасына «Газель» көлігімен келіп, күзетші отырған «вагончикке» кірген. Қонақтарға күзетшіні соққыға жыққандары аз болған болуы керек, олардың бірі күзетшінің үстіне бір шәйнек ыссы суды қотара салған. Күзетші есінен танып қалады. Қылмыскерлердің «Газельмен» әкеткен олжасы аккумуляторлар, «Камаздың» стартерлі белдігі, жылытқыш пен кондиционер болды. Араларында 9 сынып оқушысы бар қылмыскерлердің олжаларын сатуға полицейлер кедергі келтірді. Нәтижесінде сот оларды «Қарақшылық» бабы бойынша кінәлі деп танып, 5 жылдан 8 жылға дейін жалпы және қатаң режим бойынша бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Лев ГУЗИКОВ