Атырау, 27 қараша 13:27
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Бас прокуратура: Атыраудағы жарылыстарға «Халифат сарбаздарының» қатысы бар

3 463 просмотра

 Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдаулет Сүйіндіковтің сөзінің мәтіні

Өздеріңізге белгілі болғандай, ағымдағы жылдың 31 қазанында таңғы сағат 9-дарда Атырау қаласындағы облыс әкімшілігі мен прокуратурасы ғимараттарының жанында екі жарылыс оқиғасы орын алды. Прокуратура ғимаратының жанында болған жарылыста бір адам жарылып, көз жұмды. Ол 1987 ж.т. Атырау қаласының тұрғыны Сұлтанғалиев Бауыржан Қанатбекұлы болып шықты.

Жарылыс фактілері бойынша «Лаңкестік» бабымен (ҚР ҚК 233-бабы, 2 бөлігі, б тармағы) екі қылмыстық іс қозғалып, оны тергеу үшін жедел-тергеу тобы құрылды. 2 және 4 қараша күндері жарылысқа қатысты деген күдікпен 1986 ж.т. Усабеков Мейрамбек Албекұлы, 1988 ж.т. Қалқаманов Мирхат Исатайұлы және 1983 ж.т. Сагенов Әлімжан Булатбекұлы ұсталды. Олар лаңкестік жасағандықтарын толық мойындады.

Атап айтқанда, Усабеков көрсеткен мекен-жайдан тағы екі жарылғыш қондырғылар табылып, олар саперлардың көмегімен қажетті қауіпсіздік шараларын қолдана отырып залалсыздандырылды.

Тергеу көрсеткендей, лаңкестік топ 2009 жылы джихадтық идеялар, соның ішінде Солтүстік Кавказда қайтыс болған экстремистік үгіттеуші Саид Бурятский идеяларының әсерімен құрылғандығы анықталды.

Топ мүшелері шетелге джихадқа баруды да ойластырған.

Құқық қорғау органдарына қарсы әрекет ету мақсатында джихадизмді ұстанушыларды ұстап алу мүмкіндігіне жауап ретінде олар миналық жарылғыш істерін оқып үйренген.

2009 жылдың жазынан бері қылмыстық топ 5 жарылғыш қондырғы жасаған. Оған қажетті құрамды (электролит, ацетон, гидроперит, қалайы ұнтағы және селитра) Атырау қаласындағы дәріханалар мен базарлардан алған. Жасалған қондырғыны адам тұрмайтын жерлерде сынаған.

Ағымдағы жылдың қыркүйегінде осы топ биыл жазда Қазақстан Республикасының азаматтары Хабидолла Ринат, Мұнатов Орынбасар және Зналин Дамирмен Қазақстан Республикасының аумағында джихад бастау мақсатында құрылған «Джунд-аль-Халифат» (Халифат жауынгерлері) атты террористік ұйымның мүшелерімен байланыс орнатқан. Аталған тұлғалар қазіргі уақытта ауған-пәкістан шекарасында бой тасалап және халықаралық террористер жағында ұрыс қимылдарына қатысып жүргендіктерін атап өту қажет.

Осы ұйымның көшбасшысы Қазақстан Республикасының азаматы Хабидолла Ринат ағымдағы жылдың 25 қазаны мен 1 қарашасында Интернетте Қазақстанға бағыттап қорқыту мәлімдемесін таратып, кейін Атыраудағы терактілерге жауапкершілік алғаны белгілі.

Атыраудағы жарылыстарға «Джунд-аль-Халифат» (Халифат жауынгерлері) ұйымының қатысы барын тергеудің растайтынын хабарлаймыз. Ұсталғандардың берген жауабы бойынша, Қазақстан аумағында, соның ішінде Атырау қаласында террористік актілер жасау туралы нұсқаулар дәл осы ұйым мүшелерінен алынған.

Ағымдағы жылғы қазанның соңында қылмыстық топ құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдар қызметкерлерін қорқыту акцияларын өткізу жоспарын жүзеге асыра бастаған, осы мақсатта облыстық әкімшілік пен прокуратура маңында жарылыстар ұйымдастыру туралы шешім қабылданған. Айта кететіні, ол жарылыстарды ұйымдастыру жоспарында адам шығындарының болуын қарастырмаған.

Осы жоспардың негізінде 28 және 30 қазанда Сұлтанғалиевтың пәтерінде екі жарылғыш қондырғы жасалған. Қондырғыларды орнату кезінде көзге түспеу мақсатында олар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жұмысшыларының киімдерін сатып алған. 30 қазан күні кешкісін Сагенов пен Усабеков жарылыс жасалуы мүмкін орындарға барлау жасаған.

Сөйтіп, 2011 жылғы 31 қазан күні сағат 9-дар шамасында алдын-ала бөлінген рольдер бойынша Усабеков облыс әкімшілігінің жанындағы қоқыс контейнеріне кейіннен іске қосылатын бомбаны салған, ал Сұл-танғалиев көше сыпырушы болып жарылғыш қондырғыны прокуратура ғимаратына апаруға тиісті болатын.

Өздеріңізге белгілі, аталған акцияны жүзеге асыру барысында, прокуратура ғимаратына бағытталып бара жатқанда қолдан жасалған жарылғыш қондырғыны пайдалануда қауіпсіздікті сақтамау салдарынан Сұлтанғалиевтің өзі байқаусызда жарылып, оқиға болған жерде қайтыс болды.

Осылайша, қазіргі уақытта 31 қазан күні Атырау қаласында орын алған лаңкестік актілер толық ашылды, қылмыстық топтың барлық 4 мүшесі анықталып, залалсыздандырылды.

«Джунд-аль-Халифат» (Халифат жауынгерлері) террористік ұйымына келетін болсақ, құқық қорғау және арнайы органдар оның мүшелерін заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту және олардың қылмыстық әрекеттеріне тосқауыл қою жөніндегі барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Тергеу жұмыстары жалғасуда. Осы оқиғаның тергеу мүддесіне кесірін тигізбестен жария етуге болатын жаңа мән-жайлары анықталған жағдайда олар көпшілік назарына дереу жеткізілетін болады.

ҚР Бас прокуратурасының сайтынан

9 қараша 2011, 18:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.