Атырау, 29 желтоқсан 23:14
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Зоран Филипович: «Премьер-лигада қалғанымызға қуаныштымын, бірақ, көп нәрсені өзгертуге тура келеді»

2 399 просмотра

31 қазанда «Атырау» футбол клубында  маусым қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Журналистердің сауалына клуб директоры  Арман ҮМБЕТӘЛИЕВ және команданың бас бапкері Зоран ФИЛИПОВИЧ (суретте) жауап берді. 

 

– Соңғы айларда ойыншылардың еңбекақыларын алмағандығы туралы хабарланған еді. Бұл немен байланысты?  Және қазіргі жағдай қалай?

Арман Үмбетәлиев:

– Қаржы проблемалары толығымен шешілді деп айтуға болады. Аздаған қарыздарымыз ғана қалды, олар да 15 қарашаға дейін төленетін болады. Жалпы командалардың жартысына жуығында осындай проблема, неліктен екені белгісіз тек «Атырау» туралы ғана айтады. Біздің команда толығымен бюджетке байланысты. Ойыншыларға берілген уәделер толығымен орындалып келеді.

– Клубтың биылғы жылға бюджеті қандай? 

– 800 миллион теңге.

– Бірнеше рет ауысқан клуб басшылығы үнемі мүмкін болатын демеушілік қаржысы туралы айтатын. Бұл мәселе де сол бұрынғысынша шешілмеген күйі қалып отыр ма?

– Оның бәрі команданың қол жеткізген табыстарына байланысты болады. Бізге көрсетіліп отырған көмек және ойыншыларымызға жасалып отырған жағдайлар үшін облыс басшылығына ризамыз. Футбол базасын алу – бұл Премьер-лигадағы командалардың бәрінде бірдей жоқ.

- «Атырау» қаржы мәселесі бойынша алып қарағанда ең нашар команда емес, ең үздігі де емес,-дейді клуб баспасөз хатшысы Алтынбек НЫСАНҒАЛИЕВ. 

– Зоран мырза, өз жұмысыңызды қалай сипаттап бересіз?  Болашақтағы өз мансабыңызды «Атыраумен» байланыстыра бересіз бе?

Зоран Филипович:

– Мен «Атырауға» өз досымның арқасында келдім. Қандай ортаға түсем, ол туралы мен жарытып ештеңе білгенім жоқ. Табысқа жетуге уақыт болмады. Алайда, алға қойған міндет – Премьер-лигада қалу – оған қол жеткіздік. Мен бұған өте қуаныштымын. Алдағы жұмыстарға қатысты мен клуб басшылығымен әлі сөйлесе қойғаным жоқ (қалу жөніндегі ұсыныс берілді – Л.Г.) мен қашанда жеңіске жетуді жаны сүйетін жаттықтырушымын, тең нәтиже және көптеген нәрселерге тәуелді болу – маған қол емес. Егер өзара келісімге қол жеткізетін болсақ, онда оны уақыт көрсетеді. Менің тәжірибем мол және мен қазақстандық футболдағы қазіргі жағдайды жақсы білем.

-Айтпақшы, Қазақстан футболындағы жағдайға тоқтала кетсеңіз? Сіз төрешілікті жиі сынға алатын ба едіңіз?

-Төрешілікке қатысты проблема тек Қазақстанда ғана емес. Рефери алаңдағы басты адам емес. Одан да ойыншылар туралы айталық.

– Жарайды. Ойыншылар туралы айтсақ айтайық. Чемпионаттың аяғына қарай команда  көп сиреп қалды, жарақат алғандар да баршылық. Ол жағын қалай реттедіңіздер?

-Проблеманы  тек жарақат алғандар ғана емес, айыптылар, яғни, сары және қызыл кәртішке алғандар да тудырып отыр. Сондықтан да ойын бойынша бұдан шығар мүмкіндіктер аз болды. Оның амалын табуға тура келді. Ал, бұл оңай емес еді. Алайда, ойыншыларымыздың табандылығы мен алаңдағы тәртіп өз нәтижесін берді.

-Сіз соңғы жылдары командада маусым ішінде түрлі себептерге байланысты кейде екі, кейде үш жаттықтырушыдан ауысып отырғанын білесіз бе? Егер жұмыс істеуге қалатын болсаңыз, онда сіздің команданы құруға қатысты жоспарларыңыз қандай?

– Маған «егер» деген сөз ұнамайды. Айталық, әрбір жаттықтырушының футболға деген өз көзқарасы бар және менің алдымда болған жаттықтырушының да өз жоспарлары болды. Менің де өз жоспарларым бар, сондықтан да көптеген нәрсені өзгертуге тура келеді.

– Ойыншылардан кімдердің есімін атар едіңіз? 

– Бөліп-жарып айтқым келмейді, дегенмен, мен Родригес НИВАЛДО, Валентин ЧУРЕЕВКЕ, Боян ТРКУЛЯҒА, Тарас ДАНИЛЮККЕ риза болдым. Қақпашы Андрей ШАБАНОВ та өзін көрсете білді. Мен барлық ойыншыларға алғысымды білдіремін.

Лев ГУЗИКОВ

Суретті түсірген  В. Истомин

P. S. «Атырау» ФК алғашқы оқу-жаттығу жиынын 2012 жылдың 5 қаңтарына жоспарлады. Соған дейін клуб бас бапкерді анықтайтын болады.

3 қараша 2011, 20:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.