Жаңа жылдың алғашқы күндерінде атыраулықтар жылу мен су жылыту үшін төлемақының жаңа түбіртектерін алатын болады. Біреулер қателесті-ау деп күмәнданудың қажеті жоқ. Бәрі де дұрыс. Әділетсіз болса да, дұрыс.
Тарифтер көтеріліп жатыр. Тұрғындар үшін 30 пайызға, заңды тұлғалар үшін 52 пайызға дерлік өскен.
Қазан айының 15-нен бастап бүкіл қараша бойына біз әлі де бұрынғы тариф бойынша – 1 шаршы метр үшін 74,44 теңге төлейтін боламыз. Ал 1 желтоқсаннан бастап 1 шаршы метрі - 95,79 теңге болмақ. Егер бұрын 1 бөлмелі аумағы 33 шаршы метр болатын стандартты хрущевтық үйлерді жылыту 2 456 теңге (33 ш.м. х 74,44 теңге) болса, 1 желтоқсаннан бастап бұл сома 700-ден астам теңгеге көбейіп, 3 161,07 теңгені (33 ш.м. х 95,79 теңге) құраған.
Су жылыту төлемақысы 22 пайызға, яғни 1 текше метр үшін 138,12 теңгеден 177,46 теңгеге артты.
Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі жергілікті агенттік департаментін-дегілер түсіндіргендей, бұл «Атырау жылу жүйелері» АҚ үшін жылу энергиясын бөлу және тарату тарифтерінің көбеюі есебінен көтерілген.
Бұрын Атырау жылу жүйелері басшылығы табиғи монополияларды реттеу агенттігіне тарифті 4,3 есеге көтеруге өтініш берген. Алайда материалдарды қарап шыққан агенттік департаменті «Атырау жылу жүйелері» АҚ үшін жылу энергияларын бөлу мен тарату тарифтерін 1 Гкал үшін 2 587 теңге мөлшерінде бекітуге, яғни, 1,2 есеге көбейтуге шешім қабылдады.
Атырау жылу жүйелері тарифтерді өсіруде кәсіпорын шығындарына 909,14 млн теңге мөлшерінде 2012-2014 жылдардың инвестициялық бағдарламасының енгізіл-гендігін негізге алған. Оған жылу жүйелерін қайта жарақтау, орталық көпір ішінен қосымша магистралды жылу жүйелерін салу, бақылау-өлшеу аспаптарын жаңарту кіреді.
Жылу энергиясына тарифті көтеру туралы №124-ОД бұйрығына таяуда Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының орынбасары Балжан ДОСМҰХАМБЕТОВА26 тамызда қол қойған. Осы құжатпен танысқан кезде, мәселен, тарифке ксерокс пен факс қызметін, сондай-ақ, газетке берілетін жарнамалық хабарландыру шығындары (тиісінше 119 мың теңге және 1 млн 53 мың теңге) енгізілгендігі таң қалдырды.
Жұртшылық тыңдауында жылу берушілердің өтініші бойынша сараптама кеңесінің мүшелері монополистің тариф саясатын қатты сынға алған болатын. Атап айтқанда, танымал экономист Наурызғали ӘБІЛҚАЙЫРОВ былай деп мәлімдеді: «Өткен жолы сіздерге қажетті жұмыстарды жүргізу үшін және келесі кезеңде қызмет сапасы жақсарып, төлемақы төмендейді деген үмітпен тарифті көтеруге рұқсат бердік. Сонда сіздердің тарифтеріңізді қанша көтерсе де, бәрібір шығынға қалған болдыңыздар ғой. Түскен пайда қайда кетіп жатыр сонда?»
Бұл сұрақ жауапсыз қалды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ