Атырау, 29 желтоқсан 23:22
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Жоқты іздеуге көмектесетіндер табылды

2 949 просмотра

Телеарналардың өздерінің рейтингті хабарлары үшін кейіпкерлерді Атыраудан іздеп табуы көбейіп бара жатқанға ұқсайды. Алдымен Мәскеу қарияға айналған жас жігіт Нұржан ӨРКЕШБАЕВТЫ шақырды. Ал, енді «Қазақстан» республикалық телеарнасындағы «Арнайы репортаж» бағдарламасы өзінің қараша айындағы хабарларының кейіпкерлері етіп «Ақ Жайық» оқырмандарына «Бала ауыстыру туралы іс» бойынша жақсы  таныс  ерлі-зайыпты Сәуле БАПАЕВА мен Нұрлан АШЫҚБАЕВТЫ шақырып отыр.

Осынау атышулы істің барысын біз бірнеше жылдан бері көз қырына алып келеміз. Естеріңізде болса, бұл ерлі-зайыптылар Жылыой аудандық перзентханасының дәрігерлеріне өздерінің баласын өлі туған баламен ауыстырып қойды деп айып таққан еді. Олардың бұл күдігін сарапатама да растады. Сәуленің дүниеге аман-есен қыз баланы әкелгеніне қарамастан, олар өз қолдарына берген өлі туған ер баланың биологиялық ата-анасы болмай шықты. Бұл жағдайдан кейін дәрігерлерге қарсы баланы ауыстыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық айғақ тайға таңба басқандай болғанымен, тергеу ісі ерлі-зайыптылар мен олардың адвокаттарының пікірінше, қолдан жасалған жасандылықпен сиырқұйымшақтанып кетті. Жаңа сараптамалар тағайындалды және олар түрлі себептерге байланысты айларға созылды. Сараптамалардың жүргізілуі барысында іс бірнеше рет тоқталып қалды. Бірде-бір дәрігер бүгінгі күнге дейін тиісті жазасын алған жоқ. Ұрланған қызды іздестіру ісімен ешкім нақты айналыспады. Ерлі-зайыптылардың табандылығы арқасында өткен жылы іс басқа баптар бойынша қайта қаралды, енді әңгіме баланы ауыстыру емес, бала ұрлау бойынша  қозғалатын болды.

Республикалық телеарна журналистері ерлі-зайыптылардың басындағы бұл жайтты атыраулық мәжілісмен Асхат БЕКЕНОВТІҢ депутаттық сауалнамасынан білген екен. Осыдан бір ай бұрын жоспарлы мәжілістердің бірінде ол ҚР Бас прокуратурасына жолданатын сауалнаманы жария еткен.

- Жақында менімен А.Бекеновтің көмекшісі хабарласып, депутаттың бізге көмектескісі келетіндігін айтты. Оның қолына хаттардың қайсысының түскенін білмеймін. Өйткені, біз күйеуіміз екеуміз хатты барлық тиісті деген мекемелерге жолдадық,-деп әңгімелейді Сәуле.

Мәжілісменнің көмекшісі Бапаеваның ісі бойынша сауалнаманың осыдан бір ай бұрын жолданғандығын хабарлады, шамамен бір аптадан кейін депутат бас прокурордың жауабын алмақшы. «Сол уақытта қоңырау шалыңыздар, біз оның қорытындысын хабарлайтын боламыз»,-деді көмекші.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

3 қараша 2011, 18:48

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.