1 қарашада күндіз Атырау облыстық прокуратурасының тергеу ісін қадағалау жөніндегі басқарма бастығының міндетін атқарушы Ғалымжан ҚҰЛМАНОВ облыстық әкімдік пен облыстық прокуратура маңындағы жарылыс фактісіне қатысты (әр жарылыс бойынша жеке) ҚР Қылмыстық кодексінің 233-2 бабының «б» тармағы бойынша екі қылмыстық іс қозғалғандығын хабарлады.
Қылмыстық Кодекс бойынша бұл «Терроризм. Жарылыс жасау, өрт қою немесе азаматтардың өмiрi мен денсаулығына нақты қауiп төндiретiн қаруды немесе қару ретiнде пайдаланылатын заттарды, жарылыс заттарын немесе жарылыс құрылғыларын қолдана отырып өзге де iс-әрекеттер жасау» деп аталады. Осы бап бойынша қарастырылған жаза - жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру. Бұл бапта «Терроризм актiсiн дайындауға қатысқан адам, егер ол мемлекеттiк органдарға дер кезiнде ескертуiмен немесе өзге тәсiлмен терроризм актiсiн болғызбауға септiгiн тигiзсе және егер оның iс-әрекетiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады» деген ескерту де бар.
Облыстық прокуратураның қызметкері жарылыс кезінде бөлініп қалған жанкештінің басының табылғандығы және оның аты-жөні анықталғандығы туралы фактіні растады. Алайда бұл ақпаратты жария етпеді. Қаза болған жанкештінің серіктерін ұстауға қатысты және басқа да біздің сұрақтарымызға прокурор тергеу құпиясы деген желеумен жауап беруден бас тартты.
P.S.Сол күні ҚР Бас прокуратурасының сайтында Атырау облыстық прокуратурасының баспасөз қызметінің хабарламасы пайда болды:
«Бұрын хабарланғандай, Атыраудағы жарылыстар бойынша жедел-тергеу тобы құрылды. Тергеу жүргізілуде. Қаза тапқан адамның аты-жөні анықталды. Ол Атырау қаласында туған және осы қала тұрғыны, 20.12.1987 жылғы Сұлтанғалиев Бауыржан Қанатұлы болып шықты. Оны туыстары таныды және саусақ іздері бойынша идентификация жасалды. Сұлтанғалиевтің тұрғылықты жері бойынша жүргізілген тінту жұмыстарының нәтижесінде қолдан жасалған жарылғыш құрал, жарылғыш жасауға қажетті компоненттер, сондай-ақ қолдан жарылғыш зат жасаудың нұсқаулығы табылды. Тінту барысында табылған қолдан жасалған жарылғыш құрал қауіпсіз аймаққа шығарылып, жойылды. Алдын-ала мәліметтер бойынша, Құлманов көшесінде және «Сарыарқа» ықшам ауданында іске қосылған жарылғыш құралдарға зақым келтіретін бөлшектер салынбаған. Тергеу жалғасуда».
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген В.Истомин