Атырау, 29 желтоқсан 22:42
 ашықВ Атырау -3
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Жаңаөзенде тағы оқ атылды

3 125 просмотра

Бірқатар ақпарат көздері  ереуілдің  аяқталғанын хабарлағанымен, Жаңаөзен қаласындағы алаңға жиналғандар тарқай қойған жоқ.  Қазанның 26 күні  Жаңаөзенде ереуілдеп жатқан мұнайшылар белсендісінің біріне қарсы тағы да травматикалық қарудан оқ атылды. Бұл осымен соңғы  бір ай ішіндегі  екінші жасалып отырған шабуыл. Дәл сол күні «Стан-ТВ» оппозициялық телеканалы журналистеріне де  резеңке оқ атылды. 

ПОДЪЕЗДЕГІ ШАБУЫЛ

Жарақат алған 35 жастағы мұнайшылар белсендісі - Естай ҚАРАШАЕВ (суретте). Оның «АЖ» тілшісіне хабарлауынша, сол күні Естайды Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына шақырған.

Полиция бастығымен кездесуден кейін үйіне келген мұнайшы жігітке подъезде  белгісіз біреу шабуыл жасаған.

-Үйімнің есігін қағып тұрғанымда бір жас жігіт маған бас салды. Төбелесіп жатқанымызда тағы біреуі келіп мені тепкілей бастады. Одан соң басыма бірдеңені тақап, тарс еткізгені ғана есімде,-дейді Естай Қарашаев.

Оның айтуынша, оқиға орынына келген полиция қызметкерлері резеңке оқ тауып целлофанға салып алып кеткен.

Естай Қарашаевтың  жарасын тіккен  жедел жәрдем дәрігері  оның  миы шайқалғанын анықтап, травматология бөліміне жатқызбақ болғанымен, мұнайшы бас тартқан.

-Ауруханада мені қорғайтын ешкім жоқ. Денсаулығыма байланысты  әлі  полицияға арыздана қойғам жоқ. Бірақ олар анам мен дос жігіттен түсініктеме  алған,-дейді ол.

Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасындағылар осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бұл қазан айы ішінде мұнайшыларға қарсы жасалып отырған екінші шабуыл. Бұған дейін қазанның  9 күні тағы да белгісіз біреулер басқа бір мұнайшылар белсендісі Жанар Сақтағанованы да травматикалық қарудан атқан еді.  Полиция қызметкерлері ол жолы да қылмыстық  іс қозғағанымен айыпты  әлі  табылған жоқ.  

 

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» ЖАҢА ЖҰМЫС ОРЫНЫН ҰСЫНДЫ

Ереуіл басталғалы  «Өзен-мұнайгаз» ӨФ-дан  мыңға жуық мұнайшы жұмыстан босатылды. Компания өз ұстанымын: «Бұл адамдар ұзақ уақыт бойына – бірнеше тәуліктен бастап үш айға дейін дәлелді себептерсіз жұмыс орындарында болмауына байланысты ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан босатылды» деп түсіндірген еді.

Қазанның 27 күні  «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» компаниясы өз сайтында Жаңаөзендегі әлеуметтік жағдайды  жақсарту мақсатында жаңа жұмыс орындарын ашқанын хабарлады.

«ҚазМұнайГаз» Барлау Өнді-ру» АҚ қосымша өндірістік тапсырыстарды орналастыру арқылы «Өзенмұнайгаз» ӨФ-на қызмет көрсететін мердігер және сервистік кәсіпорындардан ай сайынғы еңбекақы мөлшері 170-тен 270 мың теңгеге дейін болатын 230 жұмыс орындарын жасақтады. Бұл мұнай өндіру көлемін арттырып қана қоймай, әлеуметтік міндеттерді де шешуге көмектеседі деп жобаланып отыр. Өйткені осы жұмыс орындарына, ең алдымен, «Өзен-мұнайгаздан» 2011 жылдың мамырында басталған заңсыз наразылық акциясына қатысқаны үшін жұмыстан босатылған жұмысшылар жұмысқа алынуы мүмкін» деп жазылыпты компанияның баспасөз релизінде.

 

ТАНЫС ҚОЛТАҢБА 

Мұнайшы жігітке шабуыл жасалған қазанның 26 күні таңертең белгісіз біреулер оппозициялық  «Стан-ТВ» телекомпаниясының Маңғыстау облысындағы тілшісі Өркен Бисенов пен операторы Асан Амиловты да соққыға жығып, травматикалық қарудан оқ атқан.

Бізге жеткен ақпарат бойынша  Асан Амиловтың бұғанасы сынған, миы шайқалып, аяғы жараланған, қансыраған. Өркен Бисеновке резеңке оқ арқасынан тиген. Қазір журналистер ауруханада жатыр.

 Сәния ТОЙКЕН

3 қараша 2011, 16:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.