Индер ауданындағы экономикалық жағдайдың қиындығы жұмыссыздар санының көбеюіне әкеліп соқтыруда. Жергілікті билік жағдайды өзгертуге дәрменсіз.
ТЕРРА ИНКОГНИТА
Аудандағы ең іргелі кәсіпорындардың бірі «ИсиГипсИндер» ЖШС-і жұмысшыларды ақысыз еңбек демалысына жіберген. «Тұз» ЖШС натрий-гипохлорит өндіру зауытын әлі іске қосқан жоқ. Құрғақ құрылыс қоспаларын шығарумен айналысқан «BIAS TECH» ЖШС банкке қарызын өтей алмай, жұмысын тоқтатты. Осының салдарынан ауданда жұмыссыздардың қатары көбейейін деп тұр.
Бұл мәселе жергілікті кәсіпкерлердің отырысында қызу талқыға түсті. Облыстық кәсіпкерлер палатасының Индер ауданындағы филиал директоры Мырзабек ТАСЫБАЕВ өзінің баяндамасында жергілікті кәсіпкерлердің кедергілерге тап болып отырғанын атап өтті. Жұмыс жасағанына алты ай ғана болған филиал кәсіпкерлерді қолдау мен қорғау, олардың арасында түсінік жұмыстарын жүргізу, құжаттарына көмектесу тұрғысында жұмыс жасап келеді.
Атырау облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Әлия БЕКҚОЖИЕВА бірден төрт мәселені талқылауға шақырды: жер, несие, газ және жеке шағымдар.
Түрлі жеңілдетілген несиелер арқасында шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ниет білдіргендер көп болғанымен, жер берілмегендіктен жұмыс көзін ашу мүмкін болмай отыр.
- Аудан орталығынан автобекет салу үшін жер сұрап, жергілікті әкімдікке бірнеше рет арыз жаздым, бірақ олар жер жоқ деген жауап беріп отыр. Ал ауданға автобекет қажет, адамдар жазда шаңның астында, қыста бүрсеңдеп әр бұрышта көлік күтіп тұрады, - дейді кәсіпкер Қалқаман АХМЕТОВ.

Тағы бір кәсіпкер Марат ҚОНАСОВ жер телімінің жоқтығынан дәріхана аша алмай жүр.
Жер берудің тоқтатылуы ауданда құрылыс салу жобасының жасалмауына байланысты.
- Жер кодексінің 41-бабына сәйкес егжей-тегжейлі жобалау жоспарынсыз жер берілмейді. Мен осыны басшылыққа алып отырмын. Егер оны бұзсам, заң жүзінде жауапқа тартылатын боламын. Сондықтан мен ештеңе жасай алмаймын. Жобалауға бюджеттен 94 млн теңге қажет, - деді аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Қаhарман БАҒЫНОВ.
- Мен бұл мәселені осыдан бір ай бұрын «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының бастығы Гүлзада ШАЛАГУЛОВАДАН естіп таң қалдым. Жұрт жер болмағандықтан жұмыс жасай алмайды. Бұдан жұмыссыздық қалай жойылады, кәсіпкерлік қалай дамиды? Заңға қайшы екен деп қол қусырып отыру керек пе? Тығырықтан шығатын жол іздеу қажет қой! - деді Ә. Бекқожиева.
Осы жерде аудан әкімінің орынбасары Әлифолла БАЛАХМЕТОВ пен аудан прокурорының орынбасары Ғани ӘБДІРАХМАНОВ бәрібір тек заң шеңберінде жұмыс жасайтындарын айтты.
- Ал сіздер егжей-тегжей жобалау жоспарына қаржы керектігі жөнінде облыстық мәслихатқа ұсыныс түсірдіңіздер ме? – деп наразылығын білдірді Ә.Бекқожиева. – Бұл мәселелерді облыс әкімі білмейді. Егер оған ауданда шағын кәсіпкерлік, үй салу осы себептен тұралап тұр деп айтса, қаржы көзін қарайтыны сөзсіз. Мен облыс әкіміне хат жолдадым. Мәселенің оң шешілетініне сенімдімін. Депутат ретінде бұл мәселені көтеретін боламын.
НЕСИЕСІЗ ЖӘНЕ ИНТЕРНЕТСІЗ
- Мал басын көбейтуге несие алушылардың саны көбейгенімен ауданда мал басының өсімі байқалмайды. Ауыл кәсіпкерлері екінші деңгейлі банктерден несие алу үшін құжат жинауда қиыншылықтарға тап болып жүр, - деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Мырзабек Тасыбаев. – Олардың банктерге толған құжаттармен бірнеше рет баруларына тура келеді. Және әрбір өтініш қанағаттандырыла бермейді.
Мал, егін шаруашылығымен айналысушылар кепілдікке қояр мүліктерінің жоқтығынан несие ала алмай келеді.
- Мен 4 гектарға алма ағашын ектім. Ал, ол 5 гектарға жетпейінше маған субсидия төленбейді. Менің кепілдікке қояр не үйім, не көлігім жоқ. Егінім көз алдымда қурай бастаған соң соңғы көлігімді сатып, насос алдым. Ал жұмысымды өрбіту үшін маған 1 млн теңге қажет. Мен соны ала алмай жүрмін, - дейді Болат ТАҢАТАРОВ (суретте).
«Ақтай» шаруа қожалығының иесі Сәулен НҰҒЫМАНОВ қаржылай қолдаудың жоқтығынан «Қой малы шектерін мұздату» цехын толық іске қоса алмауда. Шаруа қожалығы мал ішегін қолмен тазалау арқылы шұжық жасап, Атыраудағы «Лидер» дүкеніне өткізіп келеді екен. Алты айдан бері 3 млн теңге грантқа қол жеткізе алмай жүрген шаруа көмек сұрады. Басқа шағын кәсіпкерлікпен айналысушылар газ желісін қосудағы келеңсіздіктерді алға тартты. Біраз тартысты әңгімеден кейін «ҚазТрансГаз» АҚ Индер аудандық филиалының басшысы Сағидолла ҚҰЛҒАЛИЕВ кәсіпкерлерге екі-үш айға бөліп төлем жасауды ұсынды.
Отырыстың соңына қарай тағы бір мәселе қозғалды.
- Жанар-жағармай құю бекеттері интернетке қосылған кассалық аппараттармен жабдықталуы тиіс. Мұны мемлекеттік кірістер басқармасы талап етіп отыр. Бірақ «Қазақтелекоммен» келісу мүмкін болмай отыр. Біз қалай жұмыс істейміз сонда? – дейді кәсіпкерлер.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры М.Тасыбаев интернетке қосудан бас тартуын анықтау мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-на хат жолдады. Жауап күтіп отыр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -7