
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Экология және табиғи ресурстар министрлігі қалдықтарды басқару жүйесін реформалауды жалғастыруда, деп хабарлайды ведомство.
2025 жылғы 31 желтоқсанда Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған қалдықтардың барлық түрлерін (радиоактивтіден басқа) басқару тұжырымдамасын бекіткен болатын. Құжат алғаш рет саланы дамытудың тұтас моделін қалыптастырып, «Жасыл даму» АҚ базасында қалдықтарды басқарудың ұлттық орталығын құруды көздейді.
Стратегиялық сессияда депутаттар мен министрліктер өкілдеріне жаңа модель таныстырылды. Ол қалдықтардың пайда болуы мен тасымалдануын есепке алу мен бақылауды цифрландыруды, ауылдық елді мекендерде тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметін кеңейтуді, өнеркәсіптік қалдықтар мәселесін шешуді және қауіпті қалдықтарды бақылауды күшейтуді қамтиды. Сонымен қатар қайталама ресурстар нарығын қалыптастыру және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту жоспарланған.
Талқылау барысында өнеркәсіптік, медициналық және құрылыс қалдықтарын басқару, ауылдық жерлерде сұрыптау мен тасымалдау мәселелері негізгі тақырыпқа айналды. Депутаттар заңнамалық базаны жетілдіру қажеттігін атап өтіп, Парламенттің қолдауы маңызды екенін жеткізді.
Ұсынылған шешімдерді іске асыру қалдықтарды басқарудың заманауи әрі ашық жүйесін құруға, қайта өңдеу деңгейін арттыруға және экологиялық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
В Атырау -10