Криминалдық полиция қызметкерлері бірден төрт қалтақағар ұрлықшыны қолға түсірді.
ІІД баспасөз хатшысы Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, 14 қазанда «Көктем» базарында 27 жастағы ұры бойжеткеннің қалтасынан ұялы телефонын қағып кеткен. Сол күні тағы бір қалтақағарға №6 маршрутта жасы кәмелетке жетпеген жолаушының «Самсунг» ұялы телефоны қолды болған.
14 қазанда тағы да Авангард мөлтек ауданының 55 жастағы тұрғыны телефонымен қош айтысқан. Ол телефонының жоғалғанын №7 маршруттан түскеннен кейін ғана аңғарған. Дәл сол күні қоғамдық көлікте 19 жастағы ұры бойжеткен сөмкесінен 20 мың теңге, құжаттар мен несие кәртішкесін суырып кеткен.
Барлық қылмыскерлер де ізін суытып үлгергенімен, ұзаққа бармады. Жәбірленушілердің заманауи байланыс құралдарының және ұялы телефондардағы IMEI-код арқасында, полицейлердің жедел шараларының нәтижесінде қалтақағарлар ұсталды.
Лев ГУЗИКОВ