Атырау, 23 қараша 23:35
 ашықВ Атырау +1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Гастарбайтерлер сотта жеңіп шықты

3 519 просмотра

Атырау қалалық соты өзбекстандық екі азаматшаның шағымын қанағаттандырды. Азық-түлік дүкендерінің бірінде сатушы болған өзбекстандық қыздар 218 мың теңге жалақыларын сот арқылы өндіріп алды.

Расын айту керек, бұл бүкіл қазақстандық сотта бұрын-соңды болмаған жайт. Өйткені гастарбайтер дегенде біздің көз алдымызға жұпыны киінген, үнемі біреулерден жасқанып, төменшіктеп жүретін адамның кейпі келеді. Дегенмен, гастарбайтерсіз күніміз жоқ.  Жерден көзін алмайтын осы бір адамдар бізді киіндіріп, ішіндіріп, үй салып, жол жөндеп, көлік жүргізіп, қызмет көрсетіп отыр десек қателеспейміз.

Атырау облыстық ІІД баспасөз орталығы жетекшісі Гүлнәзира МҰХТАРОВАНЫҢ айтуынша, бүгінде ресми тіркеудегі өзбекстандық азаматтар саны 30 мыңнан астам. Бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 пайызға артық дейді баспасөз хатшысы.

Алайда олардың қатарының күрт өсуі немен байланысты? Мәселен, бүгінде Қазақстанның шекарасындағы «Қараөзек» кеден бекетінде Атырауға бет алған өзбекстандық азамттардың  үлкен шоғыры байқалады.  Олар кімдер? Әрине гастарбайтерлер. Гүлнәзира Мұхтарова олар туралы «Қазақстан территориясы аумағынан транзит арқылы Ресейге кетіп бара жатқандар» деп түсіндіреді. Дегенмен, Атыраудағы сауда нүктелерінің біріндегі өзбекстандық таныстарымның бірі  мұның визаалу үшін жасалған әрекет екенін айтады.

- Бізге  мұнда виза әрі кеткенде екі айға беріледі. Содан соң оны ұзартып, елге барып келу  үшін бірсыпыра ақша қажет. Сондықтан біздер тіркеу мерзімі аяқталысымен шекарадан  ары және бірден бері өтіп қайта виза аламыз, - дейді ол.

Енді сот процесіне оралайық. Істің желісі мынадай. 24 жастағы Үмида Якупова өзінің таныстарының шақыруы бойынша ақша табу мақсатымен Атырауға 2010 жылы келген. Екі ай жұмыс істегеннен кейін отбасылық жағдайына байланысты Нөкіске барып келмекші болады. Ол жұмыс істеген дүкен қожайыны оның еңбекақысын еліне барып келген соң беретіндігін айтады. Кейінірек Нөкіске Якуповаға қоңырау шалған кәсіпкер өзімен бірге тағы бір жерлесін ала келуін сұрайды. Якуповамен бірге Атырауға оның 22 жастағы құрбысы Сарбиноз Бабажанова келеді. Ол да сол дүкенге сатушы болып орналасады. Жұмыс беруші олардың құжаттарын алып, еңбекақыларын төлегісі келмеген. Бірде қыздар өздерінің еңбекақылары туралы әңгіме қозғаған кезде оларды полицияға тапсырам деп қорқытқан. Сөйтіп, олар бірде қолайлы сәтті пайдаланып қашып шығып, Авангардтағы бейімдеу орталығын уақытша паналаған. Ол жерде қыздар құлдыққа тап болған мигранттардың құқығын қорғау жөніндегі халықаралық қордың қызметкерлерімен кездеседі, ал, олар қыздарға сотқа талап арыз беруге көмектесті. Олардың құқын қорғауға қолдау көрсеткен және қаржыландырған көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым еді. Олар өздерінің атыраулық серіктестері «Мегаполис» ҮЕҰ және «Демос» ҚБ арқылы әрекет етті.

- Сот процесі барысында қыздармен келісім-шарт жасалмағандығы және оларды түнгі сағат 2-3-ке дейін жұмыс жасауға мәжбүрлегендігі анықталды, - деп әңгімелейді заңгер НұржанҚОЖАХМЕТОВ.  - 10 қазанда қалалық сот судьясы Анжелика Ізтелеуованың төрағалық етуімен қыздарға тиесілі 218 мың теңгені өндіріп алу жөніндегі біздің талап арызымызды қанағаттандырды. Бұдан басқа, біз прокуратураға және ІІД-не қыздарды іс жүзінде құл ретінде пайдаланған кәсіпкердің әрекетін бағалауды сұрап, өтініш жолдадық. Бірақ, бұл өтініштер аяқсыз қалды.

Сания ТОЙКЕН

26 қазан 2011, 18:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.