20 қазанда ресейлік Бірінші арнада Нұржан ӨРКЕШБАЕВТЫҢ қатысуымен Малаховтың «Пусть говорят» ток-шоуы көрсетілді.
Нұржан студияда әкесі және аудармашы ретінде барған Ерлан КҮМІСҚАЛИЕВПЕН бірге болды. «Люди с синдромом преждевременного старения» деген тақырыптағы хабарда Нұржаннан басқа 16 жастағы ресейлік бойжеткен мен Ұлыбританиядан екі бала қатысты.
Біздің бәрімізді, әрине, ең алдымен студиядағы көрермендердің пікірлері емес, «рейтингілік» телехабардың жерлесіміз Нұржанға қалай көмектесе алатындығы қызықтырған болатын. Телефон арқылы Нұржан Мәскеуде болған аз уақыт ішінде елеулі медициналық кеңестер ала алмағандығын айтты. Дегенмен, «кадр сыртындағы» ресейлік косметологтардың бірі «сіздің жағдайыңыз емдеуге келеді» деп жігерлендіріпті.
Ерлан Күмісқалиевтің айтуынша, олардың қатысуымен түсірілген көп бейнематериалдар хабарға енгізілмей қалған.
- Осыған қарамастан сапарымыз пайдалы болды. Бастысы осы бағдарламада көрсетілгені емес, эфирге дейінгі және кейінгі орын алған жағдайлар. Түсірілімнен кейін ресейлік косметологтармен байланыс деректерімізді алмастырдық. Олар Нұржанның тек бетіне 5 операция қажет екендігін айтты. Осындай әрбір операцияның құны – 150-250 мың ресей рублі. Әрине, бұдан бұрын сол жерде, Мәскеуде мұқият тексеруден өтуі қажет болады. Сапардан кейін өз-өзімізге келген соң Нұржанға қалай көмектесу керектігін ойластырамыз. Бүгінде Атыраудағы жеке компаниялардың бірі ол үшін тегін сайт жасауға дайын екендіктерін мәлімдеді. Тек косметологтар ғана емес, медицина ғылымдарының басқа да өкілдері Нұржанның емделуіне қол ұшын бергілері келетін шығар деген үмітіміз бар. Бәлкім, кешегі эфирдің ықпалы болар, Нұржанның хабарлауынша, оған Атырау қаласының әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВПЕН кездесу белгіленген екен. Ол жерде облыс орталығынан уәде етілген пәтер туралы әңгіме болған шығар деген жорамалымыз бар.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген В.Истомин