Атырау, 13 қазан 07:18
 ашықВ Атырау +17
$ 487.37
€ 532.94
₽ 5.09

Жырға айналған жатақхана

3 294 просмотра

Біздің пәтерлеріміз қайда? – дейді Говоров көшесі, 12-үй  мекен-жайындағы бұрынғы жатақхананың тұрғындары наразы көңілмен. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қызметкерлері сендіргендей, олар биылғы жылдың басында жаңа баспанаға көшіп барулары тиіс болатын.

Говоров көшесі, 12-үйдегі екі қабатты үйдің ахуалы туралы біз газет бетіне жариялаған едік («АЖ» 20.01.11 ж. №3 – «Жатақхана тұрғындары енді уәдеге сенбейді»). Ғимарат апатты деп баяғыда танылған. Билік те әлденеше рет оны мекендеушілерге жаңа баспана береміз деп уәде берген болатын. Оның үстіне оларды шынымен де көшіріп жібере жаздады. 2009 жылдың қараша айында жатақхана тұрғындары жаңа Алмагүл-2 ықшам ауданындағы балконы жоқ мансард пәтерлерді барып қарап жүрді. «Бұл сіздердің болашақ баспаналарыңыз, келісіңіз-дер», - деген еді әкімдіктегілер.

«Әрине, біз келістік. Бәрібір бұл ұсыныс біздің антисанитарлық жағдайдағы мекенімізден әлдеқайда жақсы болатын. Өйткені қыста сусыз отырамыз. Жазда суды колонкадан тасимыз. Дәретханамыз сыртта. Қоқыс төгетін шұңқыр тез толып қалады. Келесі жолы дәретхананы қай жерге қазатынымызды білмей дал боламыз.Үйдің айналасында жер жоқ, жағалай дүкендер мен кәсіпорындар жайғасқан. Жаңа 2011 жылды майшаммен қарсы алдық. Жарық үш күн болмады. Желді күндері тозығы жеткен желілер үзіліп кете береді. Ал бізде балалары түрлі сырқатқа (мәселен, туғаннан жүрек ақауы бар, психикалық дамуы кешеуілдегендер) шалдыққандар есебінде тұрған отбасылар көп. Тағы бір әйелдің денесінің бір бөлігі сал боп қалған. Оған қоса бірнеше адам туберкулездің ашық түрімен ауырады, - дейді үй тұрғыны Валентина СТАНКЕВИЧ. – Алмагүл-2 ықшамауданындағы үйлерге келіскен едік. Содан кейін пәтерлеріміздің Мақат ауданынан келген қоныстанушыларға берілгенін білдік. Жарайды, ол адамдар қиындыққа тап болған шығар. Бірақ, енді қисын бойынша, баспананы бөлгенде ең алдымен бізге берулері тиіс еді ғой. Соңғы рет, 2011 жылдың 14 маусымында менің өтінішіме қала әкімінің орынбасары Әділбек НҰРЛЫҒОЖИЕВТІҢ: «Облыстық мәслихаттың 2010 жылғы 2 шілдедегі «2010-2013 жылдары Атырау облысындағы апатты үйлерді күреу жөніндегі» №339-IVшешімін орындау бойынша және облыстық сәулет-құрылыс бақылау департаментінің техникалық ахуал туралы қорытындысының негізінде Говоров, 12 мекен-жайындағы жатақхана күрелуге кететін көппәтерлі үйлердің тізіміне енгізілді. Тұрғындар жаңа үйлерге көшірілетін болады. Шынымен де, 2010 жылы қала әкімдігі Алмагүл ықшамауданынан мансард пәтерлерді ұсынған еді. Алайда Мақат ауданының Қошқар, Комсомол және Бекбике селоларының тұрғындарын шұғыл арада қоныстандыру туралы шешім қабылдануына байланысты мансард пәтерлерге сол ауылдың тұрғындары көшірілді. Говоров көшесіндегі үйлерді күреу 2011 жылға жоспарланды. Қабылданған шешім туралы қосымша хабарланатын болады» деген жауабы келді.

Таяу күндері Говоров көшесі тұрғындарының көшірілмей-тіндігі белгілі болды. Жатақханада болып қайтқан әкімдік өкілі күреудің орнына үйді күрделі жөндеу жөнінде шешім қабылданғандығын мәлімдеді.

«Тұрғындардың өздері үйреншікті жерлерінен көшкісі келмейтінін айтып, ғимаратқа күрделі жөндеу жасауды, электр желілерін, су құбырларын, канализацияны және т.б. жаңартуды өтінді. Сөйтіп бұл үй 2012 жылдың термомодернизациялау жоспарына енгізілді. Ғимарат пайызсыз несие есебінен күрделі жөндеуден өтетін болады, ал аз қамтылған отбасылар, мүгедектер мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұлғалар растайтын құжаттары болған жағдайда несиені төлеу кезінде белгілі бір жеңілдіктерге ие болады», - деп мәлімдеді қалалық әкімдіктің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бастығы Жұмабай ҚАРАҒАЕВҚА сілтеме жасап.Осынау тозығы жеткен ғимаратқа күрделі жөндеу жасау сомасы әзірге нақтыланған жоқ. Өйткені жобалау-сметалық құжаттамасы әлі жасақталмаған.

Тұрғындар өздерінің «күрделі жөндеу жасауды өтінгендігі жөніндегі» мәлімдемеге қатты таң қалды. «Біздің үйімізді жөндегеннен күреген оңай. Бұл несиені ешкім де төлегісі келмейді», - дейді олар. Соған қарағанда, мұнымен бұл хикая аяқталмайтын секілді. Тұрғындар енді Астанаға шағым жазбақшы.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

20 қазан 2011, 16:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.