Атырау, 29 желтоқсан 07:07
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Жүргізушілерден “кек” алған малшы

2 847 просмотра

Қызылқоға ауданы Қарабау селосынан Атырауға дейінгі жолға қатысты қазір дау туып отыр. Қарабау арқылы өтетін жолды шаруа қожалығының иесі жүргізушілерге  ренжіп қазып тастапты.

 

Бұл жерде «Азамат» ШҚ 20 мың гектарды 49 жылға жалға алыпты.  Малдарын өсіріп, бейғам отырған шаруа иесіне жол үстінен өтетін әлдебір жүргізушілер кедергі болған.

 - Қарабау селосынан қатынайтын екі Газель жүргізушісі шаруашылығымызға үлкен кедергі келтіруде. Кездесіп түсіндіріп те айттым. Бірақ олардың қылығы жанымызға батты. Сол себептен өзіме тиесілі жердің айналасын қазып тастадым. Бұдан олар зиян шекпейді, Сорқұдық арқылы жүруге болады. Ал айналма жолды ретке келтіремін. Бұл бірақ жүргізушілер үшін қолайлы жол емес. Жол жетеді, даулайтын түгі жоқ, - дейді қожалық иесі Төлесін МҰҚАНОВ.

Ал қарабаулық Шопан Шыңғысов қазылып қалған жолдың кесірінен жол 30 км-ге ұзап кетті  дейді.

- Қарабаудан Атырауға Доссор арқылы баратын тіке жолдың бойында шаруа қожалығы орналасқаннан кейін жүргізушілерден маза кетті. Және теміржол бойындағы айналманы да жауып тастап, едәуір қиындық туғызып отыр. Жүргізушілер енді Мақат арқылы жүретін болды. Құзырлы орындар қайда қарап отыр? - дейді ол. 

Жүргізушілер Қарабау селосы әкіміне және аудандық ІІБ-не арыз түсірген. Әзір жауап жоқ. Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бибоз ШАЯХМЕТОВ бұл жайдан хабарсыз екенін жеткізді. Ал Жамбыл селосының әкімі Қанат ХАЙРУЛЛИН телефон арқылы мәселенің оңды шешілетінін айтты. Бұдан соң бірнеше күн өткеннен кейін жүргізушілер жер дауы сол күйінде қалғанын хабарлады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

12 қазан 2011, 18:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.