29 қыркүйек күні Атырау облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Құрманғазы мәдениет үйінде «Тіл – татулық тірегі» атты салтанатты шара өтті.
Жиында сөз алған ақын Қадыр ЖҮСІП барша халықты қазақ тілінде сөйлеуге шақырды. Жоғарыдағы тақырыпқа алынған сөздің авторы да осы кісі. Тілге көңіл бөлудің көбіне мерекелік шаралардың қалтарысында қалып жататыны жасырын емес. Атырауда қазақша сөйлемейтін қазақ жоқ. Бірақ тіл мәселесі проблема. Неге? Осыған жауап іздеп көргендер бар ма екен?
Тіл мерекесі дегенде, ойға оралатыны – қазақша сайрап тұрған өзге ұлт өкілдері. Мәселен, 7-арна тілшісі Максим Рожин, «Қазақстан» телеарнасының жүргізушісі Майя Веронскаялар және тағы басқа.
Ал аталмыш шарада облыс өңіріндегі ұлтаралық қатынасқа көбірек көңіл бөлініпті. Шамасы алдымен тату болайық, сосын сөйлей жатармыз дегені болар. Аймақтағы этно-мәдени орталықтар өкілдерінен алдын-ала ұлт достастығы жөнінде сұхбат алып, бейнекөрсетілім дайындалыпты. Ал концерттік бағдарлама кезінде әр ұлттың мәдениеті көрініс тапты. «Довіра» украин этно-мәдени орталығының «Хуторянка» хоры «Сарыжайлау» әнін шарықтатса, «Иверия» грузин этно-мәдени орталығының би ұжымы өз өнерлерін паш етті. «Татулық» татар-башқұрт этно-мәдени орталығы «Сабантой» мерекесінен көрініс қойды. Ал «Жұлдыз» би ансамблі корей халқының биін тарту етті. Орыс халқының биі де қалыс қалған жоқ. Биден бөлек, ән де айтылды. Жас әнші Виталий Балабанов «Сұлу қыз» әнін орындаса, белгілі әнші Виктор Маврин өз репертуарындағы ретро-әндердің бірін әуелетті.
Шараның соңында әр ұлт өкілінің киімін киіп шыққан оқушылармен бірге залдағы көрермендер тікесінен тік тұрып, композитор Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін қосылып шырқады.
Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ