Атырау, 29 желтоқсан 06:47
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Мұнайшылар неге ашуланды?

2 448 просмотра

Жаңаөзен қаласының  орталық алаңынан төрт айдан бері тапжылмаған мұнайшылар «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры басқарма  төрағасы Тимур ҚҰЛЫБАЕВТЫ Маңғыстауға шақырып отыр. Оған Құлыбаевтың жуырда өткен «Самұрық Қазына» қоры жанынан  құрылған «Эксперт» пікірталас  клубында айтылған пікірі себеп болыпты.

 

Еске сала кетсек, қыркүйектің  29 күні  өткен  клубтың алғашқы отырысында Тимур Құлыбаев Жаңаөзендегі ереуілдетушілерді Түркіменстан, Қарақалпақстаннан тұтас ауыл болып көшіп келіп жатқан оралмандар деп санайтындығын айтқан еді.

«Жаңаөзенге беттеген көші-қоңды баяғыда тыю керек еді. Өйткені қаланың әлеуметтік құрылымы көп адамды қабылдай алмайды», - деген болатын Құлыбаев.

Бұл ереуілдеген  мұнайшылардың  ашу-ызасын тудырып отыр.  Олар Құлыбаевты  өздерінің намысына тиді деп санайтындарын айтады. Солардың бірі  ереуілген шыққан «Өзенмұнайгаз» өндірістік филиалының жүргізушісі Атшыбай СҮРЕНБАЕВ.

- Алаңда ереуілде тұрғандар Жаңаөзенде елу жылдан бері тұратын тұрғындар. Олардың дені кезінде түрлі саяси жағдайлар салдарынан туған жерінен шеттеп кеткендердің балалары, немерелері. Менің өзімнің мұнда келгеніме 40 жылдың үсті болды. Ереуілдеп тұрғандардың бірсыпырасы жасы 60-ты алқымдағандар. Тимур Құлыбаев келсін арамызға. Біз оған құжатымыз бен еңбек өтілімізді көрсетуге дайынбыз. Бізді қаңғып келгендер санатына қосып, арымызға тиіп отыр деп санаймыз. Оның кешірім сұрауын талап етеміз,-дейді Атшыбай Сүренбаев.

Аталмыш жиынға«ЖСДП Азат» оппозициялық партиясы лидері  Болат ӘБІЛОВ те қатысқан еді. 

-Пікірталас үстінде Жаңаөзен қаласы әкімі ереуілдетушілер өздеріне не қажет екенін білмейді, олардың арасында лидер жоқ, бізбен сөйлесетін адам жоқ деді. Қайдағы лидерді айтып отыр. Мұнайшыларға  өздерінің мүдделерін қорғайтын кәсіподақ керек, ал ол жоқ. Оны құруға ұмтылған Н.Соколова абақтыда отыр, Ж.Әминов те сотталып шықты,-деп мәлімдеді Болат Әбілов «АЖ» тілшісіне.

«ЖСДП Азат» партиясы  төрағасы қазанның басында  Жаңаөзенге бармақ. Мақсаты - тараптарға делдал болу.

- Біз Жаңаөзен қаласы әкімімен кездесуге келістік. Маңғыстау облысы әкімімен де жолығамыз деп үміттенеміз. Бізге уәде еткендей келісімге «Қазмұнайгаз» бен «Самұрық-Қазынаның» да өкілдері келеді. Қазір мұнайшылар заңдық көмекке зәру. Біз еш саясат пен үндеусіз (оппозициялық партияларды көбіне  осылай айыптайды) келісімге келуге  көмектескіміз келеді, - дейді саясаткер.

Б.Әбіловтың айтуынша, «Эксперт» клубының  келесі отырысында орта және шағын бизнесті қолдау, кедендік одақ жұмыстары талқыланатын көрінеді.

Мамырдың аяғында басталған Маңғыстаудағы мұнайшылар ереуілі  әлі толастаған жоқ. Т.Құлыбаевтың айтуынша, өндірілмей қалған мұнайдың салдарынан компанияға  700 млн. доллар залал келіп отыр. Содан бері  мыңдаған жұмысшы жұмыстан шығарылып, «Қаражанбасмұнай» АҚ мұнайшыларының  тәуелсіз кәсіподағы лидері, заңгер Н.Соколова абақтыға  қамалды. Қыркүйектің 29 күні Маңғыстау облыстық апелляциялық соты  тәуелсіз заңгерге қатысты  сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Бұған дейін Н.Соколоваға қатысты Ақтау қалалық соты «Қаражанбасмұнай» компаниясы басшысы Юань Мудың арызы негізінде  қылмыстық кодекстің 164-бабына сәйкес «әлеуметтік жанжал тудырды» деген айып тағып, алты жылға бас бостандығынан айырған еді. 

Сәния ТОЙКЕН

Сурет voxpopuli.kz сайтынан алынды.  Түсірген Дамир Өтеген.

6 қазан 2011, 11:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.