Атырау, 23 қараша 12:49
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Сусыз өткен бес күн бес жылдай болды

1 979 просмотра

«Атырау жылу жүйелері» АҚ-ның президенті Жанұзақ ӘБУҒАПАРОВТЫҢ айтуынша, жоспарлы жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне орай облыс орталығында ыстық су беру толығымен қыркүйектің 19-нан 23-іне дейін тоқталған болатын. Алайда, 26 қыркүйекте «Ақ Жайық» редакциясына Алмагүл мөлтек ауданы мен Сәтбаев даңғылы бойындағы үйлердің бірінде әлі де ыстық судың жоқтығы туралы шағым келіп түскен еді.  Және бұл біздің жылу берумен айналысатын сала басшыларымен жүздесуімізге мұрындық болды.

- Ыстық суды тоқтатудың себебін түсіндіре кетсеңіз?

- Суды тоқтатуға тораптарды  және жапқыш жабдықтарды жөндеу себеп болды. Өйткені, жазда жүргізілетін жөндеу науқаны кезінде бұл жылу тарататын тораптарда  жоғары қысым болады. Осы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қашан да болсын бас құбыр желісінің толық тоқтатылуы қажет. 24 қыркүйекте қалаға ыстық су берілді. Бас құбыр желісін толық тоқтатпай мұндай жөндеу жұмысын жүргізу мүмкін емес. Қысым жоғары болған кезде құбырларды жөндеуге үзілді-кесілді тыйым салынады. Желілердің толық тоқтатылған кезеңінде техникалық қызмет көрсету  және қаланың бас жылу желілерін жөндеу бойынша 54 жөндеу шаралары жүзеге асырылып, орындалды. 

- Онда күні бүгінге дейін Алмагүл мөлтек ауданында неге су жоқ? Жаңылмасам, өткен жылы-ақ осы ауданның жылу желілері ірі жөндеуден өткізілмеп пе еді?

- Өткен жылы «Алмагүл-1» жылу қосынынан келетін желілер жөнделген еді, оған осы мөлтек аудандағы барлық 9 қабатты үй қосылған. Сондай-ақ, «Алмагүл-1» және «Алмагүл-2» жылу қосындарына жылу берілетін желілер де жөндеуден өткізілді. Ал, қазір «Алмагүл-2» жылу қосынынан тарайтын желілер жүйесіне жөндеу жүргізілуде. Оған аудандағы барлық 16 қабатты үйлер қосылған. Бұл жұмыстың тапсырысшысы осы жылу қосындарын өз балансына алған қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі болып табылады.

- Сәтбаев даңғылы бойындағы №5 «б» үйдің тұрғындарынан  да ыстық судың жоқтығына байланысты шағым түскен еді.  Ал, оған не себеп болып отыр?

- Олардың шағымдану себебін түсінбедім, өйткені, ол үйге су берілді. Оларда да 27-28 қыркүйекте жүргізілген басты жылу құбыры мен жылу желілерін шаю жұмыстары кезінде ғана толықтай тоқтатылған болатын.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

6 қазан 2011, 21:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.