Атырау, 29 желтоқсан 05:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Күй анасына арналды

12 209 просмотра

30 қыркүйек күні Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында күйші Дина Нұрпейісованың 150 жылдық мерейтойына орай «Қазақ күйінің ханшайымы» атты көрме ұйымдастырылды.

Қазақ күйінің  негізін салушы Дина Нұрпейісованың мерейтойы қарсаңында Нариман Үлкенбаев, Орақ Жауыров, Айгүл Батырқайырова, Талғат Қамалиденов секілді белгілі өнер өкілдері студенттермен кездесіп, естелік әңгімелерден сыр шертті.

Нариман Үлкенбаев Дина шешейдің көзін көрмегенімен, оның Алматыда оқып білім алуына себепші болған жауынгер-композитор Смағұл Көшекбаев жайлы біз естімеген қызық мағлұматтар айтты.  Бұл кісі астына мінген атын сатып, Дина шешейдің жолына қаржы тауып беруге көмектескен екен.

Күй әлемін бағындырып жүрген ұстаздар мен шәкірттердің кездесуі әсем ән мен тәтті күйге ұласты. Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің студенттері Алдияр Нұралин «Ақ сұңқар» әнін шырқаса, Назира Бердібекова «Қос алқа» күйін төгілтті. Ал, «Нарын» фольклорлық ұлт-аспаптар оркестрінің домбырашысы Динара Әлімбаева «Әсем қоңыр» күйін орындап берді. Республикаға танымал күйші Айгүл Батырқайырова болса, «Бұлбұл» күйін орындамас бұрын, студент жастарға өзінің ақ тілегін арнады: «Өнер – қайсарлықты талап етеді. Осы жолдағы қиыншылықтарға төтеп беруге жазсын!» деді ол.

Көрмеде күйшінің өмірі мен өнері жайлы мағлұматтардан бөлек, саф алтынның сынығындай сақталып келе жатқан оның көзі тірісінде пайдаланған заттары да қойылды. Солардың бірі – Динаның киелі қара домбырасы.   

Айнұр АСЫЛБЕКҚЫЗЫ

Суретті түсірген автор

6 қазан 2011, 20:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.