Атырау, 23 қараша 12:41
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Бас сәулетші Б. Дүзелбаев: «Нұрсая жастар қалашығына айналады»

4 303 просмотра

3 қазанда Дүниежүзілік сәулет күні атап өтіледі. Бізді жергілікті қала құрылысшылары немен қуантады екен? Осы және басқа да сұрақтарға жауап беруді Атырау қаласының бас сәулетшісі Бақтыбай ДҮЗЕЛБАЕВТАН өтінген едік.

–  Бесікті маңынан болашақ серік қала салу туралы мәселенің айтылғанына көп болған жоқ. Осы жоба туралы не айта аласыз?

– Алмалы мен Бесікті ауылдарының, яғни, екі жағалауға салынатын қала құрылысы Атырау қаласы құрылысының Бас жоспарына енгізілген. Ол инвесторлардың қаржысына салына ма, әлде бюджетке ме, белгісіз. Өйткені, кезінде Нұрсая ықшам ауданын  салу жоспарын жасаған кезде аумақтың 30 пайызына коттедждер тұрғызылып, қалған үйлерді инвесторлар салады деп ойлаған едік. Содан кейін облыстық билік өздері салуды ұйғарды. Серік қалаға қатысты да солай, уақыт көрсетеді. Біз сәулетшілер арасында конкурс жариялаймыз. Үздік жұмыстар құрылыс жобасының  негізі болмақ. Содан кейін кезең бойынша құрылысын бастаймыз. Алдымен инфрақұрылымды қолға аламыз.

– Сіз Нұрсая ықшамауданын айтып өттіңіз. Оның болашағы қандай?

– Ол жерде негізінен жастар тұратын болады деп ойлаймын. Биылғы жылы 700 орындық мұнай-химия кешенінің мамандарын дайындауға арналған кәсіптік-техникалық училище пайдалануға берілуі тиіс. Интернаты мен балабақшасы бар халықаралық президенттік «Өркен» мектебінің құрылысы басталды. Талантты балаларға арналған «Мирас» мектебін жобалау жұмыстары жүргізілуде. Көппәтерлі тұрғын үйлерді салу жалғасуда. 2012 жылы облыс аумағында қазба жұмыстары кезінде табылған археологиялық артефактілер қойылатын мұражайлары бар 1200 орындық киноконцерт залы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, кешікпей бұл жерде заманауи монша кешені пайдалануға берілмек.

– Қабылдау бөлмеңізде ондаған адам жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға сіздің қабылдауыңызды күтіп отыр. Сіз олардың сұраныстарын қашан қанағаттандырасыз?

– Бәрі де кезектілік тәртібімен алады. Қазір жеке тұрғын үй құрылысы үшін учаске алу кезегінде 40 мыңнан астам адам тұр. Оның 30 мыңы қала тұрғыны мен 10 мыңнан астамы ауылдық округ тұрғындары. Заң бойынша 16 жасқа толған кез келген азамат жерге арыз бере алады. Бір отбасының бірнеше мүшесі бірден арыз беретін кездер жиі болады. Қазір учаскелерді 2003-2004 жылдары арыз бергендер алып жатыр. Өткен жылы біз 8 мыңдай арызды қанағаттандырдық. Енді біз тексеруге көшеміз, құрылысы қозғалмай тұрғандардан учаскелерін қайтарып аламыз. Бұған біздің толық құқығымыз бар. Өйткені қазір жерге ғұмыр бойына ие болуға мемлекеттік акт берілмейді. Тек арендалық келісім-шарт қана. Бұл учаскелер өздеріне басқа, анағұрлым ширақ қожайындарын табады. Бұдан басқа, Атырау, Тасқала және Жаңаталап поселкелерінің маңынан 1200-дей жаңа учаскелерді үлестірмекпіз.

– Өткен жылы қалада металл көлікжайлар күрелген кезде, олардың орнына заманауи көп қабатты автопаркингтер салынады деп айтқан болатынсыз. Бірақ олар жоқ қой.

– Автопаркинг салу ұсынысымен көптеген инвесторларға шыққан едік. Тек пассаж жанынан автопаркинг салып жатқан «Насиха» ЖШС ғана үн қосты. Қазір барлық құрылыс салушылардың алдына цокольді қабаттарда паркингтер болу шартын қойып отырмыз. Қожайындарынан рұқсат етілмеген металл көлікжайлар мен сарайларды қайтарып алған қалалық аумақты мақсат бойынша пайдаландық. Өткен жылы 50 спорттық және 25 балалар алаңы салынды. Биылғы жылы тағы осындай 35 алаң салынатын болады.

– Соңғы қала құрылысы кеңесінде қала әкімі қаптайтын керамогранит пайдаланылатын барлық жобаларға тыйым салды. Неліктен?

– Бұл ҚР құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің ұсыныстары бойынша жасалды. Мәселе мынада, біздегі ауа-райы желкемді боп келеді. Ал керамогранитпен бекіту жарамсыз боп қалады. Қапталған конструкция тез опырылып қалуы мүмкін.

– Қала төңірегінен айналма шеңберлі жол салу жоспары туралы не айтасыз?

– Бұл шеңбердің оңтүстік иіні бар. Ол Перетаска арқылы Говоров көшесінің бойында Атырау-Доссор трассасынан басталатын жол мен Балықшы-Жұмыскер көпірі. Иін Ерік Мостовой арқылы Лесхоз ықшам ауданынан ескі әуежай трассасымен тоғысатын көшелердің қиылысымен бітеді. Болашақта бұл жерлердегі жол Самал ықшамауданы жанынан астрахандық трассаға қарай салынатын болады. Әрі қарай иін Атырау мұнай құбырлары басқармасының маңынан өтеді. Береке (Память Ильича) поселкесінің ауданында Томарлы мен Ақсай (Құс фабрикасы) аралығына орналасқан саяжай кооперативінің маңына көпір салынатын болады. Әрі қарай жол Жұлдыз ықшам ауданына салынып, Атырау-Доссор трассасының қиылысында оңтүстік иінмен шектесетін болады. Бұл бюджет қаржылары болған жағдайда жүзеге асырылатын болашақтағы жоспар.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

29 қыркүйек 2011, 16:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.